Қалдыбек Құрманәлі, композитор: Көркемдік кеңессіз көсегеміз көгермейді…

330

– Әңгімемізді жуырда өткен «Шәмші әндері» кешінен бастағым келіп отыр. Қалай өтті? Биылғы концерттің өткен жылғылардан айырмашылығы неде?
– Шәмші Қалдаяқов – әндері халықтың жүрегінен орын алған композитор, бренд. Өмірден озғанына биыл 27 жыл болыпты. 1992 жылы ақпан айының 29-ында көз жазып қалып едік. Содан бері жыл сайын «Шәмші әндерін» өткізіп, аға буын, орта буын, жас буындағы әншілердің басын қосамыз. Бұл әндердің өміршеңдігі үшін, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі үшін керек. Биыл Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз бастаған Майра Ілиясова, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова, Сәкен Жақсылықұлы, Шаһизада, Гүлмира Ақүрпековалармен бірге жастар да қатысты. Кеш өзімнің көңі­лімнен шықты, бірақ бәрі патша көңілді көрерменге аян. Бағасын солар береді. Кешті КТК арнасы түсірді. Бұйыртса, Наурыз мейрамына қарай эфиден беріледі.
Соңғы кезде Республика сарайын жалға алу құны қымбаттауына байланысты концертті Студенттер сарайында өткізіп жүрміз. Бірақ күніне екі концерт береміз. Келесі жылы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жыл­дығы болады. Соны Республика сарайында дүркіретіп атап өту жоспарымызда бар.
Сосын Шәкеңнің әлі жарыққа шықпаған әндері көп. Олардың басын қосып бір концерт берейін десең, тыңдарманға қызықсыз болып қалуы мүмкін. Себебі адамдар концертке жүрегінен орын алған әндерін тыңдауға келеді. Ойлана келе, сол әндерден телевизиялық жоба жасасақ деп отырмыз. Онда бәрі жанды дауыста болады.
– «Шәмші әндеріне» қатысу үшін әнші­лер­ге ұсынысты өздеріңіз білдіресіздер ме, әлде әншілер өздері қатысқысы келіп, сұрана ма?
– Әр кезде әрқалай. Кейбір әншілер өздері қатысқысы келіп ұсыныс білдіреді. Олардан ән қоржынында Шәмшінің әні бар ма, жоқ па соны сұраймыз. Кейбіреулер Шәмшінің әндерін сол концертке қатысу үшін ғана орындағысы келеді. Себебі оған халық көп келеді және бұл кешті телеарналар эфирден қайталап көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда ондай әншілер Шәмшінің шығармашылығы арқылы танымал болуды ғана көздейді. Олармен қоштасуға тура келеді. Кейбір әншілердің ниеті таза екені, Шәмшінің әндеріне деген сүйіспеншілігі көрініп тұрады. Оларға жоқ демейміз. Басты талап – әннің әуенін де, сөзін де бұзбай орындауы керек. Ал халық жақсы көріп тыңдайтын кей әншілерді концертке өзіміз шақырамыз. Бірақ қазір көп әншілер тоймен күн көріп жүр ғой. Сонымен кестесі тура келмей, қатыса алмай қалатын жағдайлар болады. Әйтпесе, біз ешкімді алаламаймыз. Күләш Ахметова апамыз айтпақшы, «Халық қой қазақ деген аз-ақ қана». Кейбіреулер «концертке Қалдыбектің тізіміндегі адамдар ғана қатысады» деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Мен талантқа талант деп қана қараймын.
– Шәмшіге арнап ән шығардыңыз. Композитордың ән кешін ұйымдастырып жүрсіз. Былтыр кітабын оқырман қолына ұстаттыңыз. Шәмшітанумен айналысуыңызға не түрткі болды?
– Шәкең өмірден қайтқан күні «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» деген ән жаздым. Ол кезде 26 жаста едім. Сөзін қазақтың көрнекті ақыны, биыл көзі тірі болса, 70-ке толар еді, Ибрагим Исаев деген ақын жазды. Оны Сәкен Қалымов «Тамаша» деген бағдарламада орындады. Менің әндерімнің көбінің тұсауы сол «Тамашада» кесілген. Бұған дейін де «Кірмеші жиі түсіме», «Қариялар азайып бара жатыр» деген сияқты әндерім болды. Бірақ осы ән қалай жарыққа шықты, халықтың маған деген ықыласы еселеп артты. Сол кезде Шәмшіні қадірлейтін ел ағалары: «Осыған дейін әдеби кештер өткізіп жүрсің, Жазушылар одағының жанынан құрылған «Жұлдыздар» деген әдеби бірлестікті басқардың, «Шашу» деген музыкалық телебағдарламаның редакторысың, Шәмшіге арнаған әнің бар. Енді сен Шәмшінің ән кешін өткізсеңші» деген ұсыныс білдірді. Содан бері 27 жыл өтіпті. Соншама жыл бойы «Шәмші әндері» концертін бір үзбей ұйымдастырып келеміз. Заман өзгеріп, тұрмыс қиындаған кездерде де тоқтатпауға тырыстық.
– Шәмшінің шығармашылығынан кандидаттық диссертация жазып жатыр деп естідік. Бұл қаншалықты рас?
– Осыдан 15 жыл бұрын «Неге Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғамасқа?» деген оймен консерваторияға бардым. Бір аспирант осы тақырыпты бекітіп алса, оның оқитын үш жылына шәкіртақы да төлемек болдық. Бірақ ғылымда жүрген, орыс­­ша тәрбиеленген қазақ қыздары бетімізді қайтарып тастады. «Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы, мол мұрасы ғылым кандидаты дәрежесін алуға жарамайды» деді. Осыны естігенде жылан шағып алғандай күй кештім. Қаным басыма шауып, күйіп-пісіп Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов деген академик ағамызға бардым. Бара сала: «Сейдаға, бір сұрағым бар: Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғауға бола ма?» дедім. «Жоқ. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығынан кандидаттық емес, докторлық қорғауға болады» деді. Қуанып кеттім. Ойымды айтып, тақырыпты кімге беретінімізді сұрасам, «Неге өзің қорғамайсың?» деді. «Кім ғылыми жетекшім болады?» десем, «Мен боламын» деді. Сөйтіп тақырыпты Әдебиет және өнер институтынан бекіту үшін құжаттарымды сұратты. Ертеңінде барлық керек деген құжаттарымды алып бардым. Менің мамандығым журналист қой. Дипломымды көрген ағам: «Қалдыбек, сен консерваторияда оқымағансың ба?» деп сұрады. ҚазҰУ-дың журналистикасын бітіргенімді айтып едім, «Онда ғылыми жетекші бола алмаймын» деді. Себебі бұл тақырыпты өнер саласында қорғау үшін музыкалық білім болуы керек екен. Енді не істеймін деп тұрғанымда, «Саспа, қорғатамыз» деді де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің деканы, академик Ғарифолла Есімге телефон шалды. Жағдайды түсіндірді. Сөйтіп Ғарифолла ағамызға бардым. Амандасқан бетте бірден қолыма қалам, қағаз ұстатты да, «Жаз» деді. «Ұлттық мәдениеттегі композитор Шәмші Қалдаяқовтың орны» деп тақырыбын нақтылады. Жоспарын құрдық. Сөйтіп 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, «Мәдениеттану» кафедрасының ізденушісі болып ақылы бөлімге бекітілдім. Ғылыми жетекшім Ғарифолла Есім болды. Содан бері міне 15 жыл өтті. Мен бір істі қолға алсам, соңына дейін жеткізбей қоймаймын. Диссертацияны жаза бастағанда Қалдаяқов маған өзен сияқты болып көрінген. Бір уақытта қарасам, теңізге айналып бара жатыр. Енді бір қарасам алып мұхитқа айналыпты. Сөйтсем Шәмшінің шығармашылығын тек мәдениеттанудан ғана емес, 12 түрлі ғылымда қорғауға болады екен.
– Қандай?
– Мәдениеттану, музыка, медицина (әнмен емдеу), педагогика, филология (ән мәтіндері), Шәкең жер атауларына ән жазған ғой, ол жаратылыстану ғылымына кіреді, биология (әндердегі құс атаулары), тарих, осылайша сала-сала бойынша кете беруге болады екен. Диссертациялық жұмысымды тек тақырыптың шеңберінде жаза берсем болар еді. Біреулер соны қорғауға асығады ғой. Ал мен кеңейте бердім. Мысалы, вальс бізге батыстан келген. Бірақ Шәмші осы вальсті қазақтың халық әндерімен, Сырдың бойында ғұмыр кешкен кешегі көк түріктің сарынымен байланыстыра келіп, қазақтың төл өнеріне айналдырып жіберді. Одан кейін Шәкеңнің әні мемлекеттік әнұран болды. Оның үстіне әлі жарыққа шықпаған әндері бар. Осының бәрі тұтастай бір әлемге айналды. Шәмші әлеміне. Содан кейін оны қорғауға асықпай-ақ қояйын дедім. Кеңейте беруді жөн көрдім. Сөйтіп жүргенде кандидаттық диссертация қорғау кеңесі жабылып қалды. Форматы доктор PhD болып өзгеріп кетті. Соның арасында мемлекеттік қызметте, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасында қызмет еттім. Одан кейін Мәдениет басқармасына қарасты «Түркістан» деген мәдениет сарайында қызметте болдым. Уақыт зулап өтіп барады. Үш жыл болды, осы тақырыппен қайта айналысып жатырмын. Сәтін салса, келесі жылы Шәмшінің 90 жылдығына қарай қорғап қалармын деген ойдамын.
Бұрын тақырыбым «Ұлттық мәдениет­тегі композитор Шәмші Қалдаяқовтың орны» еді ғой. Енді оны «Түркі дүниесіндегі Шәмші Қалдаяқовтың рөлі» қылып өзгерттік. Себебі Шәмшінің әндерін тек қазақ ұлты ғана емес, басқа да түркі тектес ұлттар орындап жүр. Ертең мен қорғаған соң әзербайжандар да, түріктер де, қыр­ғыздар да, өзбектер де өздерінің атақты компо­зиторларын Шәмшімен байланыстырып қорғайтын болар. Сонда Шәмші Қалдаяқов бәрімізге ортақ тұлға болады. Осыдан 27 жыл бұрын Шәмшіге арнап ән жазып, әнге айналып кеткен еді ағамыз. Енді диссертациям арқылы ғылымға айналады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын сіздің туған жеріңізге ат басын бұрып, қара шаңыраққа оралғаныңызды білеміз. Ол жақтағы тұрмыс-тіршілігіңіз қалай болып жатыр? Қара шаңырақ деген ұғым қазір мән-мағынасынан ажырап бара жатқандай ма, қалай? Сіздің ұғымыңызда қара шаңырақ деген не?
– Алматыны, өнердің қыз-қыз қайнаған ордасын тастап, ауылға оралу оңай болған жоқ. Бірақ кезінде әкем: «Балам, сен Алматыға кетсең, қайтып келмейсің ғой. Алматы деген ғажап қала. Ондай қаладан қайтып келуің қиын болады» деп айтатын. Сол кезде Алла неге сол санды аузыма салғанын білмеймін, әкеме отыз жылдан соң оралатынымды айттым. Мына ғажапты қараңызшы, Алматыда тұрып жатқаныма он жыл болғанда әкем түсіме кіріп, қашан ауылға оралатынымды сұрайтын. «Енді жиырма жылда қайтамын» деймін. Жиырма жыл болғанда тағы солай түсіме енеді. «Әке, он жылдан кейін көшіп барамын» деп жатамын. Бәлкім, күн сайын ойлап жүргендікі ме, солай түсімде әкеме уәде беретінмін. Сөйтіп отыз жылға жуықтай бастағанда оралуға іштей дайындала бастадым. Ауылға барып жер алдым. (Себебі әкемнің қара шаңырағы бұзылып кеткен). Содан кейін жарыма ауылға көшетінімізді айттым. Балаларым ол кезде мектепте оқитын. Бастапқыда Эльмира мені әзілдеп отыр деп ойлады. 2012 жыл. Сенбі күні болатын. Бала-шағамызбен ауылға барып, үй салатын жерге қазық қақтық. Ауылдағы ақсақалдарды шақырып, батасын алдық. Көшіп келетінімізді айттық. Бірақ кейін айтады ғой, сол кезде келген елу шақты адамның тек үш-төртеуі ғана менің шын мәнінде ауылға көшіп келетініме сенген екен. Қалғаны күмәнданған. Енді шығармашылықпен айналысатын адам, Алматыны тастап келе алмайды деп ойласа керек. Себебі біздің ауыл облыстың да, ауданның да орталығы емес. Шаян өзенінің бойындағы, қарт Қаратаудың етегіндегі шағын ғана ауыл. Біз көшіп барғанда онда 63-ақ үй бар-тұғын. Кейін жиырмадан астам үй қайта салынды. Асфальт жоқ еді, қара жол болатын. Мектебі ескі болды. Кейін асфальт та, екі қабатты мектеп те, су қоймасы да салынды, газ да тартылды. Бұған менің де ықпалым болды деп ойлаймын. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов сол кезде Ішкі саясат басқармасына жұмысқа шақырды. Ел болып, халық болып аудан, облыс басшылығына айтып жүріп, ауылдың жағдайын жасадық.
Қазір ұйқым тыныш. Әке-шешемнің ізі қалған жердемін. Жаңадан үй салып жатырмын. Ол мен үшін мешіт сияқты киелі. Ешқашан сатылмайды. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қалады. Кейбіреулер ауылға неге зейнет жасына жақындағанда бірақ бармағанымды сұрап жатады. Бойымнан қуат, қолдан күш кеткенде барғанда не бітіре аламын ол жақта? Одан да мүмкіндігім бар кезде барғаным дұрыс болды. Өкінбеймін.
– Ауылға барған соң Шәмші туралы кітап жазып жатыр деп естідік…
– Иә, қара шаңыраққа барғалы бері бірнеше кітап жазу туралы ой келді. Былтыр Шәмшіге арналған фотоальбом-кітап шығардым. Енді тағы екі кітаптың нобайы ойымда тұр. Бірі – Шәмші Қалдаяқов туралы «Дақпырт пен шындық» деген кітап. Ол бір-екі жыл бұрын шығуға дайын тұрған еді. Бірақ ішінде нақтылайтын деректері бар болған соң кешіктіріп жатырмын. Себебі басқа адам Шәмші туралы жазып, қателесіп кетсе, кешірімді. Ал мен сондай қателік жі­­бер­сем, жұрт кешіруі мүмкін, бірақ мен өзімді-өзім кешіре алмас едім. Кітап соған бола тоқтап қалды. Бірақ алдағы уақытта шығады.
– «Дақпырт пен шындық» не туралы? Оқырмандарыңызға аңдатпа болсын…
– Кітапта Шәкең туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер жазылған. Шәкеңнің ән арнаған кейіпкерлері өте көп. Бір ғана «Тамды аруы» әнінің сегіз кейіпкері бар. Бәрімен тілдестім. Сенбейін десең, бәрінің дәлелі бар. Бірі Шәкеңнің қолтаңбасы қойылған жазбаны, бірі бірге түскен суретін көрсетеді, тағы бірінің куәсі бар. Кітапқа осы сегізінің де хикаясын бердік. Одан бөлек «Шәмші сығандарға қосылып кетіпті», «кейбір әндері басқа адамның әндері болып орындалып кетіпті» деген аңыздардың бәрін қамтып, жауап бердім. Консерваториядан неге шығып кеткенін, Шәкеңнің жұмыс істеуіне кім кедергі жасағанын, солай өмір сүруіне кім себепкер болғанын ашық жаздым. Қысқасы дақпырты қайсы, шындығы қайсы екенін анықтап, аражігін ажыраттым.
– Осы уақытқа дейін сіздің бірде-бір ән жинағыңыз шықпаған екен. Неге бұлай болды?
– Иә, дұрыс айтасың. Қазір анасынан кеше туып, сахнаға бүгін шыққандардың да ән жинағы бар. Мен не кассета, не диск шығармаппын. Әндерім халыққа тек телеарна арқылы танылған екен. Ал бірақ өзім бірнеше адамның ән жинағын да, кітабын да шығарып бергенмін. Өзіме келгенде сол істі құнттамаппын. Әлде қажет деп таппадым ба?.. Әйтпесе бұған дейін де мүмкіндігім болды. Ауылға көшіп барғанда осы ойдың бәрі тиянақталып жатыр. Алдағы жылы өзімнің шығармашылығым туралы кітап шығаруды жоспарлап отырмын.
– Әңгімемізді өнер әлеміне қарай бұрсақ, бүгінде жаңа жанрда ән салатын әншілер пайда болды. Назар аудару үшін хайп жасайтындар көбейді. Осы тұрғыда сіздің пікіріңізді білгім келеді. Қазіргі шоу-бизнес қай бағытта кетіп бара жатыр? Дамып жатыр ма, әлде тұралап тұр ма?
– Бір кездері «Бізде шоу-бизнес жоқ, той-бизнес бар» деп айтқан едім. Ол кезде хас өнер үшін жаратылған әншілер тойға баруға намыстанатын еді. Қазір солардың өзі тойға шыға беретін болды. Ақшаны кім жек көрсін?.. Сол ақша біраз құндылықтарымызды құнсыздандырып жіберді ғой. Топырлаған той әншілері сахнаның киесін кетірді. Баяғыда студент кезімде бір концерттен Роза Рымбаеваны көріп, көргенім туралы ауылдастырыма айтқанда ешкім сенбей қойған. Өнердің құдіреті қандай еді! Қазір бәрі жабайы түрде дамып жатыр. Кейбір мықты-мықты ән­ші­ле­ріміз өзінің әнші екенін айтуға намыс­тана­тын болған. Себебі шашын боя­ғандар да, кеудесін шешіп тастағандар да әнші ата­нып жүр. Бұны тоқтатпаса болмайды. Біз ұлтты, ұлттың мәдениетін ойлауымыз керек. Шетелге еліктеме демеймін. Өзіміздің халық әндерін, дәстүрлі өнерімізді дамытып болайық та, Еуропаға да көз жүгіртейік. Со­лар­дың саф өнерінен үйренейік, өзімізге бейім­дейік. Бірақ біздікілер шетелге еліктеу де­ген осы екен деді де, олардың таза суына емес, кана­лизациясының суына қосылып кетті.
Өткенде республикалық телеарналар­дың біріндегі ток-шоудың түсіріліміне шақырды. Жаңа бағдарлама екен. Өзім қатты құрметтейтін әнші жүргізеді. Бірақ әрең шыдап отырдым. Бірінші бөлімнен кейін кетіп қалдым. Бір әнші шықты. Өзі мықты, бірақ айтып тұрған әнінің сөзі сын көтермейді. Қазіргі кемшілік сол, көп әншілер әннің сөзіне мән бермейді. Тіпті елге белгілі бір әншіміз: «Мен үшін мәтін маңызды емес, музыкасы жақсы болса болғаны» деп сұхбат берген. Сол кісіге қарсы шығып, пікірімді айтқанда ренжіп қалды. Шындығында ол соның айтатын сөзі емес еді. Мысалы, Құранды алайық. Құранда бірінші – сөз, содан кейін – әуен. Әннің сөзіне мән бермейтіндер Құранға қарсы шыққандай. Негізі бірінші сөз, сосын әуен, кейін әншілік, одан кейін әншінің сахнада өзін ұстауы бағаланады.
Жасыратыны жоқ, бұрын қазақ эстрада­сындағы әншілердің 90 пайызы сауатсыз болатын. Кітап оқымайтын. Тіпті бір кітапты 17-бетке дейін ашып қарамаған. 17-бетте не болатынын білесіз бе? Штамп болады. Осы штампқа дейін жеткен адам кітапты ары қарай оқып кетеді. Көбі соған да жете алмаған. Бірақ дауысы мықты, әнді өте жақсы орындайды. Қазіргі әншілер тіпті нөл. Соған қарамастан мәтінді де, әуенді де өзі жазып, өзі өңдей салады. Қысқасы бір өзі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай. «Айта-айта Алтайды Жамал апам қартайды» деген сияқты айтып келе жатырмын, айта да беремін, көркемдік кеңесті қайтып әкелмесе, біз ұтыламыз. Ұлттық мәдениет ұтылады. Қазақ өнерін жойып аламыз. Мысалы, менің тоғыз жастағы Мақпал деген қызым ән айтады. Сол өткенде «жын-ойнақтың» әнін айтып отыр. «Қызым, саған мұндай ән айтуға болмайды» дедім. Әуені жақсы, себебі шетелден ұрланған, бірақ сөзі нашар. «Неге?» дейді. «Сенің атың Мақпал, қазақтың жезтаңдай ерке қызы Мақпал Жүнісованың құрметіне қойғанбыз. Мұндай ән айтсаң, ұят болады» деп түсіндірдім. Көркемдік кеңес құрып, осының бәрін реттеу керек. Онсыз болмайды. «Онда тұрған не бар? Ұнамаса, басқа арнаға ауыстырып жіберіңіз. Болмаса өшіріп тастаңыз» дейтіндер бар. Алайда мұның да бір сұрауы болуы керек қой. Мысалы, мейрамханаларда тамақтан улансаңыз, тексеретін мамандар бар. Бірақ тамақтан уланса, соны жеген адам ғана зардап шегеді. Ал бұлар бір мезетте миллион адамды улап жатыр. Неге соларға қарсы мекеме құрмасқа? «Ұнамаса басқа арнаға ауыстырып қой» дейді. Неге ауыстыруым керек? Телеарнаның бәрі мемлекеттен қаржы алады. Қаржы алмаған күннің өзінде мемлекеттің ішінде хабар таратады. Мемлекет бар, мемлекеттің саясаты, ұлты бар ғой, соларды сыйлау керек. Сондықтан да көркемдік кеңес құрып, сондай бассыздықты заңмен шектегенде ғана бәрі өзі-ақ реттеледі. Мен шаш бояп, сырға таққан жігіттер мен жұлқына билеген қыздарды қабылдай алмаймын. Осы жасымызбен оларға барып пікір айтудың өзі ұят. Бағанағы бағдарламаға Сәуле Жанпейісованы да шақырыпты. Бір әнші шығып, әнін енді орындай бастағанда Сәуле орнынан тұрып, шығып кетті. Жүргізуші қайда кетіп бара жатқанын сұрағанда: «Мынадай әнді тыңдау – қазақ өнерін, өзімді сыйламағаным» деп кетіп қалды. Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нұрғали Нүсіпжанов сынды қазақ өнерін биікке көтерген тұлғалар осы мәселені көтере берсе екен. Кейде көңілжықпастықпен «жас қой» деп кешіріммен қарай саламыз. Бірақ, айналайын, сен қолыңа микрофон алдың ба, ұлттың атынан сөйлейсің. Ертең сен жаман болсаң, «бәленбай деген әнші жаман» демейді, «қазақтың әншілері жаман» дейді. Журналистер де солай. Қолыңа қалам алған кезде жеке тұлға емес, жеке БАҚ емес, ұлт үшін қызмет етіп жатқаныңды түсінуің керек.
– Көркемдік кеңес құрылса, құрамында кімдер болуы керек?
– Көркемдік кеңес ертерек Мәдениет және ақпарат министрлігі бір болып тұр­ғанда құрылса, жақсы болар еді. Бірақ қазір құрылса да үкіметаралық келісіммен жұмыс істей береді ғой. Көркемдік кеңесті айлық алатын қылу керек. Оған ешкім тегін бара қоймайды. Жұмыс ережелеріне дейін айтып бере аламын. Кеңеске ән бүркеншік атпен түседі. Сонда таза кәсіби тұрғыда бағаланады. Кейбір жекеменшік телеарналар әндердің ақшасы төленген деп, эфирден бере береді. Бірақ ол телеарна да мемлекеттен лицензия алады. Демек, кез келген бейнебаянды эфирден беретін кезде көркемдік кеңестің рұқсатын алуы керек. Кеңестегілер оның сөзін, әнін, әншінің киім киісін, бейнебаян желісін қарап, бағасын береді. Содан кейін ғана ол әнді эфирге беруге болады. Ал кеңестен өтпейінше, қанша ақша төленсе де, эфирге жіберілмейтіндей ету керек. Олай істеуге мемлекеттің мүмкіндігі бар.
– Бұл цензура болып кетпей ме?
– Бұл – хас таланттарды сақтап қалудың амалы. «Халтурщиктер» қай қоғамда да болған. Оларды есіктен қусаң, терезеден кіреді. Терезеден қусаң, тесіктен кіреді. Себебі оларда намыс болмайды. Баяғыда дауысы бар біреуге: «Сенің дауысың керемет екен. Әнші болсаңшы» десең, «Әнші болу қиын ғой. Роза, Мақпалдардай болу қайда» дейтін. Бүгінде біреуге «Айналайын, сенің дауысың жоқ екен, қайтіп әнші боласың?» десең, «Неге әнші болмаймын? Анау да әнші болып жүр ғой» дейді. Қазір аузы бардың бәрі ән айтатын болып кеткен заман. Сол себепті де көркемдік кеңес керек.
– Жуырда «Кино туралы» заң шықты. Енді шетелдік фильмдер Қазақстанда қазақша субтитрмен көрсетіле бастады. Бірақ аударма сапасы өте нашар. Бұл заң тұрғысында ой-пікіріңіз қандай?
– Бұл – негізі жақсы бастама. Бірақ әлі дамыту керек. Бала кезімізде қаншама шетелдік фильмдерді қазақша көрдік. Атагелді Смайылов, Фариза Шәріпова деген атақты тұлғалар соларға дубляж жасады. Құдды бір қазақ фильмін көріп отырғандай әсер қалдыратын. Әндеріне дейін аударатын. Солардың біразын қазақ әндері деп ойлайтынбыз. Негізі аударма деген өте жақсы құрал. Кез келген фильмді қазақша сөйлету арқылы оны қазақтыкі қылып жіберуге болады. Бұл жастардың қазақ киносына деген, қазақ тіліне деген махаббатын өсіреді. Кино институты дамиды. Шетелдік кинодан бас тартып, тек өзіміздікін көрейік деген дұрыс емес. Бірақ субтитрмен құтылып кетпей, дубляж жасасын. Адамды субтитрмен алдап қоюға болмайды. Бірақ бастама жақсы.
– Сұхбатымызды «Ана тілінің» дәстүрлі сауалымен қорытындылайық. Қазақ тілінің мәртебесі қандай деп ойлайсыз? Өнер тұрғысынан қарағанда…
– Бағанадан бері әншілердің тек жаман жағын айтып, сынап отырмыз. Негізі қазақ тілінде ән айтып жүрген әншілер – мемлекеттік тілімізді насихаттаушылар. Мысалы, Қайрат Нұртас інімізді алайық. Әншілігін емес, патриоттығын айтып отырмын. Концерттерінде тек қазақша ән айтады. Ресейден келген әншілерге де қазақша ән айтқызып қояды. Бұның өзі де –үлкен насихат. Бірақ еліміздің тілге қатысты ұстанып отырған саясаты көңіл көншітпейді. Себебі жоғарыдағылардың тілге байланысты ойы жақсы болғанымен, ниеті түзу емес. Бұлай жалғаса берсе, алдағы жиырма жылда қалай болар екен? Екінші жағынан кезінде моңғолдар, кейін арабтар, сосын орыстар жаулап алғанда да қазақ құрымаған. Моңғолдар бізге сіңіп, төре болып кетті. Арабтар қожа болып арамызда жүр. Орыстар да бізді жоя алмады. Соншама ғасыр бойы жойылмай келе жатқан тіл болашақта да жойыла қоймас деген оптимистік ой туады.
Негізі тіл санаға өте керемет әсер етеді. Мәселен, қазақ тілінде хабар жүргізіп жүрген, бірақ ұлты басқа тележүргізуші қыздар бар. Олармен сөйлессең, болмысымен қазақ болып кеткенін байқайсың. Ал орысша сөйлейтіндерді қарашы, санасы орыстанып кеткен. Олар орысша ойлайды, орысша түс көреді. Міне сондайлар «қазақ ұлтына қарсы шығуға болады», «бұл ұлтты келемеждеуге болады», «тілінің де қажеті жоқ» деп айтады. Бірақ солардың тағдыры кейін қиын болады. Себебі ұлтты кім жаратқан? Құдай. Тілді кім жаратты? Құдай. Ендеше ұлт пен тілге қарсы шыққан адамды Құдай ұрады. Олар қазаққа, қазақ тіліне қарсы шығып жүрміз деп ойлайды, бірақ шындығында Құдайға қарсы шығып жүр. Ал ол жақсылыққа апармайды. Осыны жұрт мықтап есіне сақтап алса екен.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *