Балаларға латын әліпбиін үйрететін мультфильм шықты

468

Алматыда балаларға латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді үйрететін жоба іске қосылды. Оны Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алған.

 «Әліпби QAZ – жануарлар» мультфильмі 32 анимациялық сериядан тұрады. Әр бөлімі бір әріпті үйретуге арналған.  Көмекші оқу құралы екі ойыннан тұрады.

Біріншісінде балалар ойын арқылы барлық әріптер мен әріп реттілігін жаттап алады. Мысалы, «А» әрпін басқанда арыстан туралы 3 минут көлемінде мультфильм ұсынылады. Осы арқылы бала жануарлар атауын латын қарпінде тани бастайды.

Ал екінші бөлімінде алдыңғы ойыннан берілген білімді пысықтауға арналған тапсырмалар берілген. Ол баланың байқампаздығы мен логикасын, бейнелі ойлауын дамытады. Жинақтың ішінде ойын алаңы, карточкалар, лотоға арналған карталар, ойын ережелері бар. Бұл балабақша  тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына аса тиімді. Анимациялық серияның мобильді қосымшасы да бар.

Жобаның авторлары – балаларға «Алдар көсе» мультфильмі арқылы танылған ағайынды Артур мен Игорь Краустар. Ал мәтін авторы – Райхан Алдабергенова, мәтін редакторы – Ая Әлімбаева.

«Үкімет бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірлерде латын қарпіне көшуге байланысты түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Алматы қаласындағы балабақшалар мен мектептерге таратылып жатқан «Қазақ әліпбиі» атты мультфильмдер сериясы да – осы жоспар аясында қолға алынған игі бастамалардың бірі. Ол үшін Алматы қаласы әкімдігі тарапынан латын графикасына көшуге байланысты әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерін трансформациялау кезінде нақты қадамдар жасалды. Атап айтқанда қалалық Тілдерді дамыту басқармасы қала әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы болып қайта құрылды. Бұрынғы басқарманың барлық қызметтері әкімдіктің құзіретіне берілді. Енді барлық жұмыстар Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы арқылы жүзеге асатын болады» деді Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *