Ана туралы аңыз

690

16 наурыз Алматы қаласында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп,  Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу шарасын ұйымдастырды.

Маңызды шара театр басшылығы мен актрисаның әріптестері, ізбасарлары, Қазақфильм ұжымы және басқа да өнер иелерінің  жарқын тұлға — Әмина Өмірзақованың бейіт басына барып, әруаққа тағзым етіп, құран бағыштауынан басталды.  Кейіннен театрда БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Биыл Әмина апайымыздың туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтойдың ерекшелігі, өнер адамдарының ішінде ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы аталып өтіліп жатқандығы қуантады. Өйткені бұл біздің театырымыздың, қазақ киносының, қазақ өнерінің абыройы деп білемін. Күзде мерейтой кең ауқымда әлемдік деңгейде мерекеленеді. Әмина апамыздың атында үлкен фестивальдар өтеді. Бірақ біз күзді күтпей, Әмина апайымыздың маңдайының тері, табанының ізі, дауысының үні қалған санаулы ғұмыры осы қасиетті қабырғаның ішінде өткендіктен, меркенің басын арнайы көктемде, жаңа күнде, наурыз мерекесінің қарсаңында атап өтуді жөн көрдік, — деді театр басшысы Азамат Сатыбалды баспасөз мәслихатының ашылуы барысында.

Сонымен қатар, Әмина Өмірзақованың көзін көрген, тәлімін алған, қызметтес болған әріптестері өнер иесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, халық әртісін мейіріммен еске алды.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Лидия Каденова:

Адамның адамдығы гастрөлде білінеді ғой. Ол кісі қазы-қарталарын көтеріп, бізді үлкен шаңыраққа шақырғандай, басымызды біріктіріп жүретін. Әрқайсысымыз өзіміздің бөлмемізден Әмина апайдың бөлмесін торып жүреміз. Қашан бұл кісі шәйға шақырады деп. Дастарханды әдемілеп жаяды, қыздарды көмекке шақырады, бәрімізге шәй береді, әңгімесін айтады. Сондай бір аналық қасиеті бар еді апамыздың. Кейде бізді тәрбиелейді, «сендер қалай болса солай жүрмеңдер, әртістер. Бір жаққа бартын болсаңдар, шаштарыңды жөндеп, беттеріңді бояп жүріңдер», — дейтін. Ол кісінің Талас деген баласы болды. Сол балаға бүгінге дейін басымды иемін. Өзінен кейін көп кешіккен жоқ, ол бала да кетті артынан. Сол Талас анасын сәби сияқты кетер кеткенше шомылдырып, көтеріп, шашына дейін тарап қарады.Таластың  спектаклі болды, «Моя дорогая Памелла» деген Джон Патриктің жақсы қойылымын сахналадық. Мен сол жерде ойнадым. Әмина апам келіп көре алмады. Бірақ орамалдың шетіне анасының жүзігін тағып маған Таластан беріп жіберіпті. Менің анамның көзі еді. «Лидия қызыма беріп жіберіп жатырмын. Менің баламның осындай үлкен жетістікке жеткені, спектакльдің жақсы жүргеніне сенің де үлесің бар ғой» — деп, сондай мейірімді жан еді апамыз.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кәдірбек Демесін:

-Өте көпшіл болатын. Адамды жатырқамайтын. Барған жерінде сол үдің, сол ауыдлдың адамы  сияқты араласып кететін. Сондай ерекше қасиеті бар еді. Әмина апайдың бізге өсиеттеп айтып кеткен бір сөзі бар. «Адам атақты болған сайын, соғұрлым қиын болады. Естеріңде болсын, ертең атақ аласыңдар. Бір затты ұмытпаңдар. Мойындағы жүк ауырлайды. Кейінгі ұрпақ соны ұмытып жатыр. Халық алдындағы жауапкершіліктеріңді ұмытпаңдар», — дейтін.  Мен бақытты адаммын. Жап-жас қаршадай кезімде ұлы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов солардың тәрбиесін көргем. Менің мектебім соларда дейтін еді.

Қазақ киносының анасы атанған ұлы тұлғаға арналған баспасөз мәслихатынан кейін театр сахнасында актрисаны еске алуға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты кешке ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов және өзге де мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Толығырақ, бейнематериалдан тамашалаңыздар.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

«Қазақ газеттері» ЖШС

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *