Түркиядағы Наурыз мейрамы

368

22 наурызда Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде Наурыз мерекесі тойланды.

Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А. Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшілері Я. Топчу және И.Шенер, Түріксой Бас хатшысының орынбасары Ф. Пурташ, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, ТҰҰМ депутаты, бұрынғы Премьер-Министр орынбасары Йылдырым Тұғрыл Түркеш және Түркияның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Анкарадағы дипломатиялық корпус басшылары, Ыстамбұл, Маниса, Ниғде, Сакариядан келген қазақ диаспорасы өкілдері, Түркияда білім алып жатқан қазақ жастары және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Елші А.Сапарбекұлы атаулы күннің Қазақстан қоғамындағы маңыздылығына тоқтала отырып, барша қонақтарды шырайлы мерекемен құттықтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 наурыз күнгі Қазақстан халқына жолдауы туралы сөз қозғаған Елші Абзал Сапарбекұлы «Біз, тек Қазақстан халқы емес, түгел түркі жұрты ретiнде Елбасымыз, Түркі әлемінің дана көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білімі мен тәжірибесінен үлгі алуды жалғастыра береміз»,- деді.

Өз кезегінде, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу жиналған қауымды түркі халыктарының ортақ мейрамы — Наурыз мерекесімен құттықтап, Қазақстанның данышпан көшбасшысы және Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі туралы әңгіме өрбітті.

Әлемдік бейбітшілік мақсатында атқарған қызметтері, мәмілегер ретінде жаһандық проблемалардың шешімі жолындағы кайраткерлігін атап өткен Я.Топчу «Түркі әлемі, Қазақстан және бауырлас қазақ халқы, Ақсақалымыз, Білге көшбасшы Құрметті Назарбаевтың ауқымды мемлекеттік және саяси тәжірибесінің әрдайым қажеттілігін сезінеді. Түркия осы күнге дейінгі Қазақстанға деген қолдауын ешқашан үзбейді»,- деді. Тәжірибелі мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа қызметіне кірісуімен құттықтаған Я.Топчу жаңа Президентке сәттілік тіледі. Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуін ыстық ықыласпен қарсы алған ТР Президенті Бас кеңесшісі Наурыздың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан баршаға алғысын білдіре отырып, Қазақстан халқы және Түркі-Ислам әлемін Наурыз мейрамымен құттықтады.

Түріксой Бас хатшысының орынбасары проф. Ф. Пурташ Наурыз мерекесінің түркі халықтарының арасындағы бірлікті нығайта түсетіндігін мәлімдей отыра, Түріксойдың Наурыз турының Брюссельде жалғасын табатындығын жеткізді.

Мерекелік шарада жиналған қауымға қазақтың салт дәстүрлері көрсетілді. Атап айтқанда, Қыдыр атаның бата беруі, беташар және тұсаукесер дәстүрлерінің сахналық көрсетілімі шетел қонақтарын тәнті етті.

Алқалы жиын Әмре, Жігіттер тобы, Қазақ ұлттық өнер Университеті Астана фольклорлық музыка тобы, Отау би тобы және ТҮРКСОЙ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы және ресми қабылдаумен жалғасын тапты.

Наурыз мерекесіне орай Елшілік бақшасында киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдары мен киімдері қонақтарға таныстырылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *