Оңтүстік Корея теледидары Қазақстанға саяхат туралы бағдарлама түсірді

646

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен Қазақстан туралы KBS Everywhere бағдарламасының кезекті шығарылымын түсіру үшін елімізге Korean Broadcasting System (KBS) корейлік ірі телерадиокорпорациясының журналистері келді. Түсірілім тобы Қазақстанда 9 күн болып, сапар барысында астанамыз Нұр-Султанға, сондай-ақ Бурабай, Алматы қаласына және облысына барды. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдейді.

KBS Everywhere атты KBS арнасының рейтингті телебағдарламасы туристердің көзқарасы арқылы өз көрермендерін әлемнің түрлі бөліктерінде орналасқан ең қызықты қалалармен және табиғи мекендермен таныстырады, сондай-ақ деректі фильм форматында сол жердің тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері туралы баяндайды.

Қазақстандағы түсірілімнің басты тақырыбы Наурыз мейрамы болды. 21 наурызда түсірілім тобы астанаға келіп, 22 наурызда ЭКСПО аумағындағы және Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда орналасқан этноауылдардағы той-думанға қатысты.

Одан кейін қонақтар Нұр-Сұлтан қаласы маңында орналасқан BEIBARYS демалыс орнына барып, ондағы Наурыз думанын тамашалады. Ол жерде «Көкпар» мен «Қыз қуу» сияқты ұлттық ойындарға көрермен болып, Наурыз көженің дәмін татты.

Жалпы осы сапар барысында журналистер, ең алдымен, жергілікті халықтың өмірі мен дәстүрлеріне қатты қызығушылық танытып, көшелердегі кездейсоқ адамдармен сұхбат жүргізіп, шетелдік туристермен сөйлескенін айта кету керек.

Нәтижесінде KBS телеарнасында 50 минуттық бағдарламаның көрсетілімі ағымдағы жылдың 4 мамырына сағат 09.40-қа жоспарланған. Бұған қоса, телерадиокорпорацияның мәліметі бойынша, бағдарлама басқа да корей телеарналарында көрсетілетін болады.

Тағы да бір атап өтетін жайт, KBS түсірілім тобын елімізге Наурыз мейрамын түсіру үшін  шақыру – ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінің бастамасы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *