Тектілердің тұяғы

461

Нұрлан Шүленбаев,
Терминология бөлімінің
ғылыми қызметкері

Күні кеше ғана жол көрсетіп, жөн сілтеп жанымызда жүрген жақсы адам, білгір ғалым Көбей Шахметұлы туралы естелік жазу әрі қиын, әрі зор құрметті де азаматтық парыз. Қиын болатын себебі – ақылгөй, қамқор адамнан кенеттен айырылу бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, қатты қайғырдық. Мына жалған ғұмырдың «қамшының сабындай қысқалығын», бір күнгідей өте шығарын, уақытша екенін тағы бір сәт түсінгендей болдық, мойындадық. Азаматтық міндет болатыны – одан кейінгі қалған адамдарға жанындағыларға жақсылықтың нұрын сеуіп, ағалық, әкелік қамқорлық танытқан асыл жанның өнегелі өмірі туралы, онымен өткізген күндер жайлы қызықты, жағымды естеліктер айту, жазу бұйырады екен.

Оны бүкіл ұжым жанындай жақсы көруші еді, оған ұқсағысы келетін. Ұжымның кәрі-жасы оны өлдіге қимады, сене алмады. Өйткені ол бекзаттықты, адами асыл қасиеттерді, кісілік пен кішілікті бойына жинай білген, жағымпаздық пен ұсақтықты сүймейтін арда туған асыл азамат, асылдың сынығы, тектінің тұяғы, нағыз үлгі боларлықтай тұғыры биік, мәрт тұлға еді. Асыл аға ауру меңдесе де тура келген ажалды сабырмен, шыдамдылықпен, мойымай-жасымай қабылдай білді. Бұл да бір тектіліктің белгісі шығар, сірә. Әйтсе де ет пен сүйектен жаралған, түйсігі, сезімі бар пенде емес пе. Соңғы Жаңа жылдық басқосуда ұжыммен арқа-жарқа қауышып, соңында қимай қоштасқандай болды, сөзінде сағыныштың, қимастықтың лебі, даусында діріл ырғағы, жанарында жас моншақтары сәл сезіліп тұрды. Көбекең өзінің дәм-тұзының таусыларын сезіп жүргендей көрінді маған. Сол кезде оның үлкен жүректі азамат екенін тағы бір мәрте байқаған едім. Бұл ұжымның барша мүшелерінің Көбей ағайды соңғы көрулері, жүздесулері еді.

Ұжымда Көбей аға көмек қолын созбаған, оның қамқорлығын сезбеген адам кем де кем шығар. Соның бірі – өзіммін. 1992 жылдың жазы болу керек. ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін ешқандай тамыр-танысым жоқ мен мамандығым бойынша жұмыс істейін деген оймен Қара шаңырақ – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының есігін жасқана аштым. Көбей ағай ол кезде директордың орынбасары екен. Амандасып кірген маған қолымды ала алып, «отыр» дегендей ишарат білдірді. Бас-аяғыма біраз барлап қарап алғаннан кейін маңғаздана, ойлана отырып бірнеше сауалдар қойды. Біраз үнсіздіктен соң: «Бізде Терминология бөлімінде бір бос жұмыс орны бар. Ол жерде Байынқол Қалиев деген ағаң бар. Ол кісі өте қатал бастық және анау-мынау жеңілтектікті ұната бермейді. Бірақ ол қазір жазғы еңбек демалысында, жақында келеді. Сол бөлімге барасың»,– деді. Сөйтті де Байынқол ағайға телефон шалды. «Байеке, бөліміңе сен жоқта бір жас жігітті алып жатырмын. Өзі сенің інің тәрізді, сен туып-өскен жақтан екен, тіпті өзі саған ұқсай ма, қалай, жұмысқа келген соң көрерсің, білімін, ойөрісін шамаларсың, сен келісесің бе?» деген Көбей ағайға телефон тұтқасының ар жағындағы Байынқол ағай «келістім» деген болуы керек. Біраз жымиып отырған ағай: «Болды, шешілді. Ертең сегіз жарымда жұмысқа келе бер. Бірақ есіңде болсын, алдымен кіші лаборант, лаборант, содан кейін кіші ғылыми қызметкер лауазымында жұмыс жасайтын боласың. Бізде солай, барлық қызмет сатысынан өту қажет болады. Жалақың да онша мәз емес, істеймін десең, ертең жұмыста бол»,–  деді. Мен рахмет айтып, бас шұлғыдым. Содан кейін директор Әбдуәли Қайдаров ағайға ертіп кіріп: «Әбеке, мына баланы Терминологияға жұмысқа алсақ, қалай қарайсыз, өзі алуға тұрарлық бала тәрізді, қарсы емессіз бе»,– деді. Әбдуәли аға: «Көбей, өзің қалап отырсаң, ала ғой, кейін көре жатармыз»,– деп келісімін берді. Міне, мен сол кезде Көбей ағаның әртүрлі бағыттағы сауалдарына жауап беріп, қазіргіше айтқанда «әңгімелесу» әдісімен жұмысқа тұрған едім. Менен бір жыл бұрын институтқа ҚазМУ-ден Бижомарт Қапалбекұлы, Шерубай Құрманбайұлы сынды білімді жастар келген екен.

Ертеректе студенттерді, ғылыми институт жастарын күзгі егіс жинау науқанында бір-екі айға ауылшаруашылық жұмыстарына жіберетін. Бір күні мені де Көбей ағай шақырып алып: «Нұрлан, академия басшылығы әр инстуттан егін жинауға екі адамнан жіберуді сұрап отыр. Бізден Бальзак деген жігіт пен сені жіберуді ұйғардым. Екеуің Іле ауданына ауылшаруашылық жұмысына барасыңдар. Түсініңдер, сендерге зор үміт артып отырмын. Ол жақта бізді ұятқа қалдырмай, совхоз басшылығының айтқанын орындайтын боласыңдар. Орта жолда қашып кетуге, тәртіпсіздік, келеңсіз іс-әрекет жасауға болмайды, институт атына кір келтірмеуге тырысыңдар, іссапар ақысын аласыңдар, совхозда істеген жұмыстарыңа қарай жалақы төлейді»,– деді.

Сөйтіп, бір ай астық тазалау пунктінде жұмыс істедік. Жұмыс аса ауыр емес, тек шаң-тозаң ұшады. Арнайы шаңтұтқыш перде киіп аламыз. Таудай болып төгілген астықты арнайы қондырғы – астық кептіретін агрегат-машинаға күрекпен жегізіп салып тұрамыз. Ол оны ұшырып желдетеді, кептіреді, екінші бір жаққа тау қылып үйеді, әрекет солай жалғаса береді. Кейбір пысықтар, әсіресе өзге ұлттың өкілдері тізімге тіркелген соң, ебін тауып кетіп қалды, кейбірі «ауырдық» деген сылтаумен босатылды. Совхозға барған 15 шақты адамның бас-аяғы 4-5 адам ғана қалдық. Кетіп қала алмадық, өйткені кетсек, инстиутты, Көбей ағайды ұятқа қалдырармыз деп ойладық.

Бір айдан кейін совхоздан тиісті жалақымызды, мақтау қағазымызды алып қалаға қайттық. Таңартең институтқа келсем, Көбей аға аулада, үстінде кіршіксіз аппақ жейде, ақ шалбар, қолында қара сөмкесі, терең ойға шомып, шылым шегіп тұр екен. Мені көріп: «Ә, келдіңдер ме? Сенімді ақтадыңдар, рахмет. Жарайсыңдар, ақырына дейін шыдапсыздар. Сендермен енді разведкаға баруға да болады,–  деп қалжыңдап күлді де –  енді бір жеті туған ауылыңа барып, аунап-қунап, ет жеп, қымыз ішіп демалып кел»,– деді. Үйдің кенжесі болып, әкемнен ертелеу айырылған маған оның ағалық қамқорлықпен айтқан сөзі ерекше әсер етіп, көңілім босады, іштей қатты толғаныста болдым, менен бақытты адам жоқ сияқтыдай көрінді. Кейін білсем, совхоз басшылары біздің аты-жөнімізді атап, Көбей ағайға телефон шалып, алғыс айтқан екен.

2006 жылдың бас кезі. Еліміздегі кезекті қаржы дағдарысы институтқа да жеткен. Орталықтан ғылымға мардымсыз қаражат бөлінеді. Ол қаражат институт ғалымдарын қамтамасыз етуге жетіңкіремейтіні белгілі. Кейбір бөлімдерді оңтайландыру, қызметкерлерді қысқарту қаупі пайда болды. Ағамыз мені тағы да шақырып алып: «Қазір қалада «Қазғарыш» деген Ұлттық компания бар. Соның басшылары менен тәжірибелі аудармашы тауып беруді өтініп отыр. Онда менің Ақан деген балам ғылыми қызметкер болып істейді. Компания жағдайы жақсы, осында алатын жалақыңнан үш-төрт есе артық еңбекақы табасың. Сөйтіп, материалдық жағдайыңды біраз түзеп аласың. Компанияның заңды құжаттарын аударумен айналысасың, арасында компаниядағы қазақ тілін үйренгісі келетін қызметкерлерді қазақша оқытатын боласың. Бірақ есіңде болсын, мені ұятқа қалдырып жүрме. Кейін институт жағдайы жақсарғанда қайтып келем десең, институт есігі саған әрдайым ашық»,– деді. Мұны оның маған деген тағы да бір ағалық қамқорлығы деп түсіндім. Шынында да, ағайдың айтқаны болып, отбасымның қаржылық халін біршама жақсартып алдым. Үш-төрт жылдан кейін «Қазғарыш» компаниясы Астанаға көшіп, өзім институтқа қайта оралдым.

«Бір кем дүние…». Ағайдың сол Ақан атты баласы да, Тимур атты баласы да дүние салды. Қос ұлының қазасы ағайды біраз есеңгіретіп кетті. Бірақ аға мүжілмеді, сынбады, қайғыға қабырғасы қайысса да, оны қара нардай көтере білді. Десек те, қайғыдан қан жұтып, шерменде күй кешіп, іштей тынғаны, күйзеліске түскені анық. Немере қызын медеу етті, соның әрбір қызықты қылығына тоймай, балаша қуанып жүрді.

Көбей ағаның әкесі белгілі драматург-жазушы Шахмет Хұсайынов шоқтығы биік Кербез сұлу Көкшетау жерінде туып-өссе, анасы дарынды актриса Бикен Римова апай Жер жаннаты Жетісуда туылған. Сондықтан да болар Көбей аға жастайынан табиғат аясында болып, көрікті жерлерді, алыс-жақын шетелдерді аралауды ұнататын. Сексенінші жылдардың басы болу керек, ол бір топ институт ғалымдарымен бірге қырғыз еліне жаяу асып, онда оншақты күн Ыстықкөл маңында саяхат жасағаны бар. Кейіннен онда өткізген қызықты күндер жайлы естеліктер айтып жүрді.

Сол сапарда жолаушыларға сиыр табынының ішінде саяқ жүрген бір қой кездеседі. Шаршап, арып-ашып келе жатқан әрі балғын жас етті сағынып қалған жолаушы-саяхатшы-турист-альпинст жандар шыдасын ба, ебін тауып әлгі қойды ұстап, етін асып, азық қылған көрінеді. Тіпті кейіннен койдың иесі қырғыз қойшыға ат-тон айыбын төлеп, оны қадірлі қонақ қылып, сыйлап, құрметтеп жібергендерін де күні бүгінге дейін күліп отырып еске алып жүрді.

Көбей аға өзінің әкесі мен анасы алдындағы борышын да адал орындады десек болады. Демалыс күндері арқаланып жүріп, олардың Кеңсайдағы зиратына өз қолымен зәулім де көрікті күмбез орнатқанын да біреу білсе, біреу білмейді. Кейіннен сол күмбезді ұлт көсемі Д. Қонаев ақсақал көріп, риза болған деседі. Ата-анасының өмірі мен шығармашылығына арнап кітаптар шығарды, насихаттады. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театр ұжымымен тығыз байланыста болды.

Көбей ағайдың институтқа директор болуы (1995-2009) аса бір қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Қоғамның барлық саласының, оның ішінде ғылымның қаржы тапшылығын, жалпы тоқырауды басынан кешіріп, дамуының баяулап, кадрлардың басқа, саудаға, бизнеске, жалақысы мол жұмыстарға ауысып кеткен кезі еді. Алайда ғылымның білгір де білікті, шебер ұйымдастырушысы (менеджері) Көбей аға институттың негізгі қызметкерлер құрамын сақтап қала алды. Бірнеше ай айлық алмаған ғалымдарға ауқатты дос-жаран, тамыр-таныстарын демеушілікке тартып біржолғы жалақы төлетіп берген кездері де болған еді. Оның ұжымда біреуге ауыр сөздер айтып балағаттағанын көрмеппін. Әлдекімнің бойынан кемшілік, білімсіздікті байқаса, тек «Ой, Мырқымбай» деп мырс етіп күліп қоятын.

Институттағы түрлі іс-шаралар кезінде, әсіресе жастарды көтермелеп, олардың ашылуына, ұжыммен тіл табысып кетуіне көп көңіл бөлетін. Түрлі іс-шаралар, оның ішінде мерекелік отырыстарда көзге көрініп, өнер көрсете білген жастарды қолпаштап, соңынан мақтау сөздер айта отырып, оң қолын жоғары көтере «сол үшін приз!» деп жанқалтасынан алып саусағына қысқан аздаған ақшаны ұсынатын. Бұл сол кезде өз елінің өгей ұлдары тәрізді өз елінде кірме болып, әркімнің есігін жағалап, пәтер жалдап жүрген біздер үшін зор көмек болатындай сезілетін.

Жастау кезінде мерекелік іс-шараларды өзі бастап ұйымдастыратын. Түрлі қойылымдар қойылатын, би биленіп, ән шырқалатын, өлеңдер оқылатын, жақсы тілектер айтылатын. Кесек денелі, зор дауыс иесі оған көбіне хандардың, батырлардың рөлін ойнау жарасып тұратын, тіпті соған сәйкес киімдерді де өзі тауып келетін. Отырыс барысына көзін жұма отырып, сезімге толы әндерді қарлығыңқыраған баритон даусымен тамылжыта, жан-тәнімен беріле шырқайтын. Арасында неміс, француз, ағылшын тілдерінде де ән салатын, опера арияларынан үзінділер орындайтын. Көбекеңнің «Шекарашылар» атты көркем фильмге түскенін де қалың көпшілік білмейді.

Көбей Шахметұлы энциклопедист ғалым болды деуге де болатын шығар. Өйткені ол әлемдегі болып жатқан тың жаңалықтарды жедел алып отыратын. Жер шарындағы елдердің, тарихын, тілі мен ділін, салт-дәстүрін, ғылымының даму барысын, жалпы геосаяси жағдайын жақсы білетіндігін байқатып жүретін. Оған оның кезінде роман-герман тілдерін тереңдете оқығанының да пайдасы тиді. Институтқа келген кез келген шетелдікпен емін-еркін, емен-жарқын шүйіркелесіп, тіл табысып кете беретін. Институттан шетелге шыққан ғалымдар Көбей ағамен бірге баруға, онымен сапарлас болуға тырысатын. Өйткені Көбей ағай жүрген жерде тіл білу мәселесінде қиналмайтындарын, ол жүрген жерде көңілді де қызықты оқиғалар болатынын айтып жүретін. Ол Еуропа мен Азияның бірнеше елдерінде болып, халықарлық ғылыми-практикалық конферецияларға қатысты, онда түрлі тақырыптарда ағылшын тілінде баяндамалар жасады. Сөйтіп, Қазақстанды, қазақ тілін жер-жаһанға таныстырушылардың алғашқыларының бірі болды деуге болады.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, артына өлмейтұғын із қалдырған» деп Абай айтпақшы, ағамыз өзінің артына жақсы атын, өшпес ғылыми еңбектерін қалдырды. Ол басшылық жасаған тұста институтта әлемдік түркітану ғылымының жауһарлары қатарына қосылған классикалық еңбектер – «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1999 ж.), үлкен «Қазақша-орысша сөздік (2001 ж.), «Қазақ грамматикасы» (2003 ж.), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (2000 ж.), «Синонимдер сөздігі» (2001 ж.) «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (2003 ж.), «Орысша-қазақша сөздік» (2005 ж.) және 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі (2006-2011 жж.) жарық көрді.

Ғалымның «В.В. Радлов и казахский язык» (1981 ж.),  «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» (1988 ж.), «Проблемы фоносемантической деривации» (1998 ж.), «Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері» (2009 ж.), «Қазақ-ағылшын фразеологиялық сөздігі» (2010 ж.), «Қазақша-ағылшынша лингвомәдени лексика сөздігі» (2011 ж.), «Дыбыс-звук, мағына-значение, сөз-слово» (2016 ж.) атты жеке кітаптары жарияланды. Сондықтан оның сіңірген еңбегі Тіл білімі тарихында алтын әріптермен жазылатыны, мол ғылыми-зерттеу еңбектері болашақ ұрпаққа ұлы мирас, рухани азық болатыны белгілі.

Міне, мен біліп-таныған тілші-ғалым Хұсайын Көбей Шахметұлы осындай жан еді. Ол туралы талай естеліктер жазылар және оны әркім өзінше жазар әрі оның тағы басқа азаматтық, ғалымдық қырын ашар. Оның ғылыми шығармаларын өскелең ұрпақ зерттеп, зерделер. Бірақ оның жарқын бейнесі дос-жаран, туған-туыс, әріптестерінің есінен ешқашан өшпек емес. Көбей аға өзінің өмірге келгендегі миссиясын толық және абыроймен орындады деп білемін.

«Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын» – деген ақын Қадыр Мырза-Әлидің өлең жолдары Көбей аға сынды жақсыларға арналса керек.

Бақұл бол, қадірлі Көбей аға! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, иманың жолдас болсын!




One thought on “Тектілердің тұяғы

  1. Гүлім

    Ұлы тұлғаларымыздың есімдерін ұлықтап, өскелең ұрпаққа үлгі ете берейік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *