Атырауда өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан «қарапайым заттар экономикасы» Жобалық алқасы құрылды

1500

Жобалық алқа құрамына Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Даму» қорының жергілікті филиалдарының өкілдері кіреді, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Баспасөз конференциясына Абдолла Идресов Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры , Айқын Елеусізов Атырау облысының Кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы, Бахыт Мұсаев «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиал директоры қатысты.

Жобалық алқа кәсіпкерлерді қарапайым заттардың экономикасын дамытуға тарту, жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысу шарттарын түсіндіру және кәсіпкерлердің өз жобаларын жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерді шешуге бағытталған.

Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов мәлімдеді.

— Жобалық алқа құрудағы негізгі мақсат — бизнес жобаларына бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап қаржыландыруға дейінгі сүйемелдеу. Жобаларға үнемі мониторинг жүргізіледі, банктер несиелеуден бас тартуының себептерін анықтап, жобаларды қолдау бойынша жаңа механизмдерді ұсынамыз. Кәсіпкерлерге қолдау шарттары тұрақты түрде түсіндіріледі, – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов.

Бөлінген 600 миллиард теңгенің 400 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібі салаларына бағытталатын болады. Бағдарламада қарыз алушыларды 15%-дан аспайтын мөлшерде несиелендіру механизмі қарастырылған, оның 8%-ын жеке кәсіпкерлік субъектісі төлейді. Қалған айырмашылықты мемлекет жеті жылға дейін өтеу мерзімімен субсидиялайды. Кәсіпкерлер қазірден бастап екінші деңгейлі банктерге жеңілдетілген несиеге өтінімді бере алады.
— Елімізде алғаш рет осы Атырау облысында кәсіпкерлерге арналған жобалық алқа құрылып отыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге тиімді жеңілдіктер берілуде. Яғни, 15%-дан аспайтын мөлшерде несиелендіру қарастырылған. Бұл кәсіпкерлерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік,- деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынының басшысы Айқын Елеусізов.
Айта кетейік, 2025 жылға қарай «қарапайым заттардың экономикасы» аясында бизнес-жобаны қаржыландыру шамамен 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруды, бюджетке салық түсімдерін 1,1 трлн теңгеге дейін жеткізуді көздейді. Бағдарлама 2025 жылға қарай тауарлардың 365 түрі бойынша өндірісті 2,4 есе ұлғайтып, импорттың үлесін 37%-ға қысқартуға жол ашады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *