ТҮРКІСТАНДА «ҚҰШАҒЫҢДЫ АШ,ТҮРКІСТАН» КОНЦЕРТІ ӨТТІ

704

Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан сарайы» концерттік ұйымының өнерпаздары «Құшағыңды аш, Түркістан» концерттік бағдарламасын берді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласының Арбат алаңында өткен шараға ҚР Мәдениет қайраткері Ғалымжан Әлтеков, композитор-әнші Ербол Байырбеков, Сержан Бабахан, Нұрбол Жорабеков,  жас әншілер Бақдәулет Сапарәлі, Гүлмира Ақтайқызы, Кәусар және «Раушан мен Әйгерім» дуэті қатысып, жанды дауыста әндер шырқап, алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
-«Шәмші әндері керемет қой, шіркін. Әншілермен қосыла шырқадық. Ғалымжан Әлтеков атты әншінің орындаған Түркістан жайлы әнін алғаш рет естуім. Сөзі мен әні ерекше әсер етті. Қасиетті жердің қадірін, Ясауидің даңқын, батырлардың рухын сезіндіретін өлең жолдарынан қазақты әлемге танытып жарқ ете түсіп, қош айтысқан спорт саңлағы Бекзаттың есімін естіп көзімнен жас шықты. Бойым шымырлап кетті. Жақсы мен жайсаңын жер астына жасырған Түркістан жері — қасиеттің, өркениеттің нағыз шоғырланған аймағы. Осылай әнмен дәріптеп, адами ізгілікпен олардың есімдерін асқақтату әрбір ұрпақтың парызы»,-деді Түркістан қаласына Алматыдан келген Гүлзейнеп Бейсенбаева есімді әже.
Әсем әндер әуелеп, домбыра мен гитараның үні кернеген  Арбат алаңына қалың жұрт ағыла түсті. Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқовтардың әндерін қосыла шырқаған көпшілік Жарылқасын Дәулетов пен Құралай Сәтмұхамбетованың әндеріне де айрықша ықылас білдірді.
Айта кетсек, әр аптаның сенбі-жексенбі күндері Түркістан қаласындағы халық көп серуендейтін орындарда арнайы ұйымдастырылып жатқан іс-шараның мақсаты — қала қонақтары мен тұрғындарына демалыс күні қуанышты көңіл-күй сыйлау, өңіріміздің мәдениет майталмандары мен сахна саңлақтарын таныстыру, туризмнің дамуына үлес қосу болып табылады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *