Бақыт Сұлтанов Нұр-Сұлтанды UNWTO-ның қалалық туризм бойынша 8-ші жаһандық саммитін өткізу астанасы ретінде таныстырды

532

5 сәуірде Лиссабонда (Португалия) елорда әкімі Бақыт Сұлтанов UNWTO-ға мүше елдер қалаларының басшылары мен туризм министрлерінің форумында Нұр-Сұлтанды Дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша 8-ші Жаһандық саммитін (2019 жылдың 7-11 қазаны) өткізу орны ретінде таныстырды. Бұл шешім өткен жылы Сеулде (Корея) қабылданған болатын, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Лиссабондағы Форум аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен UNWTO-ның Бас хатшысы Зураб Пололикашвили «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар» тақырыбында UNWTO-ның қалалық туризм бойынша 8-ші Жаhандық саммитін өткізу жөніндегі келісімге қол қойды.

Саммитте, сондай-ақ Конгресстер мен конференциялардың халықаралық қауымдастығының (ICCA) ұйымдастыруымен Іскерлік туризм индустриясы (MICE) бойынша шеберлік сыныбы өткізілетін болады.

UNWTO-ның Жаhандық саммитін өткізу – қаланы Орталық Азияның жаңа туризм орталығы ретінде паш ету, қаланы дамытудағы жаңа бағыттарды көрсету, ірі халықаралық қауымдастықтар және компаниялармен ынтымақтастықты нығайтудың зор мүмкіндігі.

Нәтижесінде қонақ үйлер клиенттерінің саны, кәдесый өнімдеріне деген сұраныс, дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны артады деп күтілуде. Осылайша, форумды өткізу халықаралық іскерлік және оқиғалы іс-шараларды көбірек ұйымдастыруға, туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Жаһандық саммит Нұр-Сұлтанға туризм саласындағы жетекші сарапшыларды тартып, барлық секторлардың мемлекеттік және жеке серіктестерін біріктіреді, әрі қалалық туризмді дамытудың жаңа парадигмасында негізгі рөл атқарады. Онда туризм әлеуметтік жұмылу мен мәдениетті сақтау құралына айналып, экономиканы дамытуға септігін тигізеді.

Саммитті ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын қаражат қабылдаушы қаланың аз көлемдегі шығындарын есептемегенде, саммит бастамашысының құзырында.

Лиссабонда өткен UNWTO-ға мүше елдер қалаларының басшылары мен туризм министрлерінің форумында Бақыт Сұлтанов өзінің алғы сөзінде Нұр-Сұлтан қаласы халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге арналған барлық қажетті инфрақұрылымға ие екенін атап өтті.

«Сеул, Куала-Лумпур, Барселона, Мәскеу, Ыстамбұл сынды тамаша қалалардан осындай маңызды саммиттің эстафетасын қабылдау және Нұр-Сұлтан қаласында осындай айтулы іс-шараны ұйымдастыру біз үшін үлкен құрмет.

Өткен жылы елордамыздың 20 жылдығы аталып өтті. Қала халқы 3 есеге өсіп, елордамыз 100-ге жуық ұлт өкілдерінің ортақ шаңырағына айналды. Нұр-Сұлтан – ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығының иегері. Осының барлығы ҚР Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен біздің қаламыздың дамуына қосқан орасан зор еңбегі ескеріле келе, еліміздің елордасы оның есімімен аталып, Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді», – деді Сұлтанов.

«Нұр-Сұлтан – бүгінгі таңда әлемнің ең жас және қарқынды дамып келе жатқан астаналарының бірі. Ол өзінің қайталанбас сәулеті және бірегейлігімен, заманауи инфрақұрылымы бар нысандарымен Орталық Азияның іскерлік әрі оқиғалы хабына айналды», – деген Бақыт Сұлтанов астананың қонақ үй қорының 20 жыл ішінде 80 есеге артқандығын тілге тиек етті.

«Егер 20 жыл бұрын 3 қонақ үй болса, қазір олардың саны 231-ге жетті. Оның ішінде танымал, әлемдік желілердің де нысандары бар», – деді әкім.

Өз кезегінде UNWTO-ның Бас хатшысы Зураб Пололикашвили туризмнің қала болашағының ажырамас бөлігі екендігін айтты.

«Қазір де, болашақта да қала туризмі өз маңыздылығын жоймайды. Туризмді қалалардың тұрақты болашағының ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыру мақсатында үлкен мүмкіндіктер ұсына отырып, Қалалық туризм бойынша UNWTO-ның VIII жаһандық саммитінің Нұр-Сұлтан қаласында өтетіндігіне қуанышты екенімізді айтқым келеді», – деді UNWTO-ның Бас хатшысы Зураб Пололикашвили.

Форум аясында тұрақты қалалық туризм бойынша Лиссабон декларациясы қабылданды.

UNWTO – дүниежүзілік туристік ұйым, БҰҰ жүйесінің мекемесі. Оның құрамына 158 ел, 6 қауымдастырылған және 500-ден астам аффилиирленген мүше енген. Ұйым қызметінің негізгі мақсаты – туризм саласының жалпыға қолжетімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Штаб-пәтері Испанияның Мадрид қаласында орналасқан.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *