Қандастар азаматтық сұрайды

657

Алматыда «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қандастар қамы қаперде» атты баспасөз маслихаты өтті.  Жиынға азаматтық ала алмай жүрген, ыхтиярхаты жарамсыз болып қалған қандастармен қатар, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.

Құрылғанына жарты жыл болған бірлестік атажұртқа келіп, құжат рәсімдеу мен азаматтық алуда қиындықтарға тап болған қандастарымыздың мәселелерін шешуге барынша атсалысып жүрген еріктілер ұйымы. Ұйымға Рысбек Тоқтасын мен Жұмабек Әлімхан жетекшілік етеді. Осы уақытқа дейін «Ел аманаты» бірлестігі оралман куәлігінің мерзімі өткен мыңдаған ағайынға құқықтық тұрғыда көмектескен.

Баспасөз маслихатында сөз алған қауым көкейкесті мәселелерін ортаға салып, мұң-зарымен бөлісті. Солардың бірі – Гүлзат Асанхан. Үш баласы бар келіншек жолдасының 10 жыл бойы азаматтық ала алмай жүргенін айтты. Қолында құжаты жоқ азаматтың  тұрақты жұмысқа орналасатын мүмкіндігі жоқ. Отбасы әлеуметтік көмектен де қағылған.

Рысбек Тоқтасын: Қытай үкіметі тарапынан қысымға ұшыраған азаматтар құжат рәсімдеуде айтарлықтай қиындықтарға тап болады. Қытай консулдығына барғанда құжаттардың уақытын ұзартпай қойған, жарамдылық мерзімін ұзартуды кешіктіріп алған. Төлқұжаты, ЖСН-ы жоқ балалар ҰБТ-ға да қатыса алмайды,

«Атажұртқа оралғандардың Қытайға қайтқысы жоқ, әрі олар Қытай төлқұжаттарын  рәсмдеудің мерзімін өз еріктерімен өткізіп алған жоқ. Олар құжат рәсімдеудегі қиындықтарға тап болған», дейді бірлестік төрағасы. «Яғни Қытайдың Алматыдағы және Астанадағы консулдық басқармаларына барып, төлқұжаттарын ұзартайын десе, Қытай тарапы құжаттарын ұзартуға мүмкіндік бермеген.  Қытайға барып, қайта құжат рәсімдеу керек деген талап қойылған. Қытайға құжат рәсімдеуге кеткен көптеген  азаматтарымыз елге қайтып келе алмай, отбасылар екіге жарылған жағдайлар көп. Азаматтардың басты мәселесі де осы», – дейді ол. «Қытай тарапы төлқұжаттарын ұзартып бермейді, не Қазақстан азаматтығына қабылданбайды. Салдарынан жұмысқа орналасып, жүріп-тұратын мүмкіндіктен айрылған. Құжат рәсімдей алмаған және құқықтық сауаттылығы төмен ағайындар  мемлекеттен көмек сұрап, азаматтық алуда қол ұшын созса  екен дейді. Атажұртта тұрып, еңбек ету және білім алу олардың басты арманы.

«Ел аманаты» бірлестігі ағайындардың өтініштерін  бүге-шігесіне дейін тыңдап, қандастар мәселесінің ойдағыдай шешілуіне көмек береміз» деген уәжбен шығарып салды. Демек, қандастар қамы алдағы уақытта қаперде болар деген ойдамыз.

 

 

 

Үміт Жұмаділова, 

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *