Қазақстандық опера әншісі Еуропа мен АҚШ-қа турнеге шақырту алды

254

Осы аптада Венадағы атақты Барокко залында қазақстандық опера әншісі Айгүл Шамшиденованың жеке концерті өтті. Классикалық музыканың астанасы саналатын қалада 27 жасар сопраноның өнерін тамашалауға келген халыққа зал лық толды.

Венадағы концертке әлемнің түкпір түкпірінен келген өнерсүйер қауыммен бірге көптеген танымал әртістер, музыканттар және дипломаттар қатысты. Қонақтардың арасында опера әншісі Марчелла Черно, Вена балының директоры Элизабет Смагин-Меллони, Францияда Қазақстан елшісі болып қызмет еткен  Берлин Иришев болды.

«Әр келген қонаққа үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қатты толқып тұрмын, концерттік бағдарламаны жоғары деңгейде орындап шығуға барынша тырыстым. Веналық Ратуш залында, оның үстіне әлемдегі ең танымал Fazioli роялінің сүйемеледеуімен өнер көрсету — мен үшін үлкен жауапкершілік», — деп Айгүл өз әсерімен бөлісті.

Концерт барысында қазақ қызы Элизабет Сиси Малер атты Швейцариядан келген, «Карнеги Холл», Vienna Konzerthaus сынды әлемдік сахналар арқылы танымал опера әншісімен дуэт орындады. Қазақстан-швейцариялық әншілердің коллаборациясы бүгінде профессионалдарды ынтықтыруда.

Концерт бағдарламасында Россини, Беллини, Доницетти, Верди, Шарпантье сынды композиторлардың шығармалары орындалды. Опера өнерінің маңындағы эксперт мамандардың айтуынша, Айгүл орындаған репертуарға әлемдегі санаулы әншілердің ғана шамасы жетеді.

Венада өткен концерттен кейін Айгүл дәл осы бағдарламамен Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка бойынша турне жасауға ұсыныс алды. Сонымен қатар, әнші осы жылдың маусым айында Венада өтетін Гала концертті ашатын болады.

Ал оған дейін, 21 сәуір күні Айгүл Шамшиденова Нұр-Сұлтанда өтетін Astana Opera La regata-да қазақстандық контр-тенор Батыржан Смаковпен бірге сахнаға шығады.

Айгүл Шамшиденова Талдықорған қаласында дүниеге келген, музыкалық білімді Жания Әубәкірова атындағы колледжде алған, кейін Вена консерваториясын тәмамдаған.

Бүгін қазақтың опера әншісі Айгүл Вена консерваториясының магистратурасында білім алумен қатар, Mahler филармониясының жетекші солисі болып қызмет атқарады.

Айгерім Нұғманова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *