«Рухани жаңғыру»-2 жыл

4570

ҚазҰУ-да Философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламсының екі жылдығына орай VI Халықаралық Фараби оқулары аясында «Ұлы Дала мәдениетінің рәміздері, жәдігерлері және ескерткіштері» атты тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өтті.

Конференция ХХІ ғасырдың мәдениеттанулық, дінтанулық, философиялық, әлеуметтік және саяси қырларын зерттейтін ғалымдар мен мамандардың тұрақты байланыстарын қалыптастыруға бағытталған. Конференция жұмысы барысында қазіргі әлемнің өзекті қоғамдық маңызды мәселелерін талқылады. Ғылыми жиында қоғамдық сананы модернизациялау үдерісіндегі рәміздік феномендер, заманауи қазақстандық қоғамдағы ақпараттық-коммуникативті технологиялар, бұқаралық мәдениет, діни құндылықтардың адам санасына ықпалы, ғаламданудың замануи теориялары және олардың этникалық, ұлттық мәдениеттерге ықпалы, дала мен қала концепциясы, ұлы даладағы өркениеттілік үдерістері ілімі, Қазақстандағы мәдени турзим, Ұлы даладағы мәдениеттер сұхбаты, ұлттық код және құндылықтар тақырыбында ғалымдар жан-жақты пікір аламасты.

Танымал отандық ғалымдар басқосқан жиынға философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Масалимова мен дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Тұрсын Ғабитов модераторлық жасады.

Факультет деканы Әлия Масалимова: «Біздің факультетімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында көп жұмыс жасалды. Ең бастысы, кафедра оқытушы-профессорлар құрамының қатысуымен ағылшын тілінен қазақ тіліне әлеуметтану, философия, мәдениеттану, психология салалары бойынша төрт оқу құралы аударылды. Екі жылдың аясында, бірнеше ғылыми мақалалар, монографиялар, сөздіктер, энциклопедиялар, онлайн-лекциялар жарық көрді. Бүгінгі негізгі мақсатымыз, жасалған мәселелерге ғана тоқталып қоймай, келешектегі міндеттеріміз бен жоспарларымызды қандай жолмен іске асыру болатын»,-деп атап өтті.

Пленарлық баяндамға шыққан Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директор орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов: «Рухани жаңғыру» концепциясы шыққан кезде қоғам жаңа ақпарат секілді қабылдады. Бірақ, бұл бұрыннан айтылып келе жатқан дүние. Елімізде «Мәдени мұра» деген бағдарлама  болды. Міне, сол бағдарлама «Рухани жаңғырудың» базасы, іргетасы. Жаңғыру үшін-оның іргетасын білу керек. Сол іргетасы анықталды, айқындалды. Содан кейін кезекті ұғымдар қалыптасты. Осы тұрғыдан алғанда, екі айтылған мемлекеттік бағдарлама бір-бірін толықтырып тұрады. Біреуі, халқымыздың рухани-мәдениеті туралы болса, екінші бөлігі материалдық мәдениетіне көңіл бөледі. Бұл дүниеде рухани және материалдық байлық адамзаттың ажырамас бөлігі-ғой. Кішкентай ғана мақалалардан дүниедегі бар мәселелердің шешіліп кетпейтіні ақиқат. Негізгісі-бағыттардың берілуі. Әріқарай тереңдей беру, насихаттау, оны түсіндіру, айшықтау, кеңейту интеллектуалды ортаның, әсіресе ғалымдар мен оқытушылардың міндеті. «Рухани жаңғыру» деген ұғымның алдында, философиядан бірнеше ойды еске түсіру керек. Бірінші, методология тұрғысынан, осы үлкен мемлекеттік концепцияны айқындау үшін  қандай принципке сүйенуіміз керек? Мен айтар едім, тарихты, тарихи оқиғаларды, тарихи сабақтастықты түсіндіру үшін, нақты тарихи принцип керек. Бұл жерде, нақтылық деген ұғым бар. Қарапайым санада «нақты» ұғымы жай ғана көзге көрінген нәрсені айтады. Философиялық тұрғыда, нақтылық деген сөз-не нәрсені біртұтас, ішкі және сыртқы қатынастарымен, тарихымен бәрін қамтып қарастыру. Яғни бөліп алу емес, біртұтас деңгейде қарастыру. Тарихты осылай қарастырсақ қана, ол — тарих. Екіншіден, тарихи сананың бізге не үшін қажеті бар? Тарихты неліктен ақтара береміз? Өткенге қарап, ежелгі оқиғаларды, тұлғарды анықтай беретін болсақ, біз алға жылжымаймыз. Үлкен бағдарламалардың әрбірі азаматқа, қоғамға тигізетін өзінің игі әсері болады»,-деп «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұны мен құрылымына баға берді. Рас, бұл туралы Елбасының өзі мақаласында: «2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз. Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім»,-деп тоқталған еді.

ХХІ ғасырдағы ұлттық санамызды, ұлттық кодымызды анықтауда аталған бағдаралама аясында тың жобалар мен ізденістер туындады. Қоғам болып, мақаланы талдап қана қоймай, нақты жұмыстармен шешуді баса назарға алды. Бұл істе, мәдениеттанушылар да өз үлестерін қосты. Ал ғылым айналымында бағдарлама қалай жүзеге асқаны туралы дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева тоқталды.

-«Рухани жаңғыру» бағдарламасының гуманитарлық ғылым саласына берген ең басты үлесі, біздің кафедра үшін жағымды болды. Себебі, бұл мәдениеттану пәні барлық ЖОО-на міндетті пән ретінде енгізілді. Бұл көптен күткен қуанышты жаңалық еді. Сол ретте, мәдениеттану, философия бағдарламалары жаңартылды. Мәдениеттанудың жаңартылған бағдарламасы бойынша, біршама ғалымдар жұмысы бар. Соның ішінде Қазақстандағы мәдениеттанудың негізін қалаған Тұрсын Хафизұлының бірқатар еңбектері жарық көрді. Бүгін жаңартылған оқу бағдарламасына негізделген «Мәдениеттану» оқулығының тұсауы кесіліп отыр. Осы оқу құралын басқа да жоғары оқу бағдарламасында негізгі қоланысқа алса дегіміз келеді»,-дейді Айнұр Дүрбелеңқызы.

Рухани жаңғыру бағдарламасының екі жылдығына арналған конференцияда Таллин технологиялық университетінің профессоры Пеетер Муурсепп (Эстония), Ақтеңіз университетінің профессоры Шахин Филиз (Түркия), Хаджеттепе университетінің профессоры Сейфы Иылдырым,  Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, Фарабитану секторының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Құрманғалиева, ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева және тағы басқалар ғылыми баяндама жасап, аталған бағдарламаның екі жыл ішінде жүзеге асқан жетістіктері мен алдағы алар асуы туралы пікірлерімен бөлісті.

Конференция жұмысы аясында мәдениеттану саласындағы екі көрнекті тұлға Б.Нұржанов пен Ж.Мүтәліповтың шығармашылығындағы дала мен қала концепциясы және ұлы даладағы өркениеттілік үдерістер ілімі туралы мазмұнды секциялық жұмыстармен жалғасын тапты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *