ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

514

Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», — деген болатын. Бұл мәселені жан-жақты талқылау мақсатында Алматы технологиялық университетінде «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел жиыны өтті.

 Жиынға ҚР жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Шараның мақсаты – латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру.

Дөңгелек үстелді АТУ-дың бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов ашып берді. Аталмыш басқосуда арнайы шақырылған тіл мамандары мен шет тілдері кафедрасының профессор-оқытушылары, студенттер латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жайында пайымды пікірлерімен бөлісті.

Шара барысында латын әліпбиіне көшу маңыздылығы мен жаңа жүйедегі емле-ережелер сараланды. АТУ «Мемлекеттік және шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Қарлыға Әбдірахманова «Қазақ жазуында қолданып келген әліпбилер» тақырыбында баяндама жасады. Ал С.Ж.Асфендияров атындағы ҰМУ АҚ, «Тілдік пәндер» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Төлеубек Зайсанбаев «Медициналық терминдерді латын әліпбиімен жазуда кездесетін қиындықтарды шешу жолдары» тақырыбында өзінің пікірімен бөлісті.

Бұдан басқа шараға спикер ретінде Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ф.ғ.д. Қаламқас Қалыбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ф.ғ.д. Гүлбану Қосымова, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Дана Пашан, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Альфия Солтанбекова, ҚРМУ «Тіл пәндері» кафедрасының кәсіби қазақ тілі пәнінің оқытушысы Римма Құлабаева, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Гүлжихан Кабденова, Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбетов, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Хадиша Сатыбалдина қатысты.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты өзге де өзекті мәселелер талқыланды, ғалымдар қатысушылардың сауалдарына да жан-жақты жауап берді. Өз сөзінде жиынға қатысушы ғалымдар латын әліпбиіне көшудің тиімділігін, заман талабы екенін айтты.

Айта кетейік, бүгінде Алматы технологиялық университетінде әліпбиді латын графикасына көшіруге орай бірқатар жұмыстар істелуде. 2018 жылғы маусым айында университет ректорының бұйрығымен «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Осы ретте «Мемлекеттік және шет тілдері» кафедрасының меңгерушісі Зәуреш Аухадиева бастаған оқытушылар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығынының семинарына, Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастырған «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» талқылауға қатысты. Университеттің «Технолог» газеті латын әліпбиі негізінде мақалалар топтамасын жариялап жүр және университеттің барлық құрылымдық бөлімдер атаулары біртіндеп латын қарпінде жазылып келеді.

АТУ Медиа орталығы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *