Қарағандыда «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында 15 киелі орын ұсынылды

671

Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасына тағы 15 киелі орынды ұсынып отыр.

«Қасиетті Қазақстан» — бұл ел тарихының, мәдениеті мен дәстүріміздің байлығы. Аталмыш арнайы жоба адамның туған жеріне, мәдениетіне және тарихына байланысты рухани дамуына ықпал етеді. Ол үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде Қазақстанның киелі жерлерінің карталары құрылды.  Бүгінгі таңда «Қазақстанның киелі географиясына» Қарағанды облысының 64 киелі нысан енгізілді. 21 қасиетті жерге жалпы ұлттық маңыз берілсе, 43 нысанға аймақтық мәртебесі белгіленді. Қазақстандықтар мен шетел қонақтарын облыстың осы бірегей киелі жерлерімен таныстыру үшін, Ұлытау ауданында орналасқан Теректі, Әулиетау петроглифтері, Бұлантин шайқасы және Алаш хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері, Ақтоғай ауданындағы Бегаз кешені және Шет ауданындағы Қаражартас қорымы бойынша рухани-танымдық хабарлар жасалды. «Біздің басты міндетіміз — бұл қасиетті нысандарды жаппай туризм нүктелеріне айналдыру. Қазіргі уақытта біз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Себебі біз әрбір туриске қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің ежелгі уақытта қалай пайдаланылғанын, осы үйінділер мен тастардың орнында не болғанын түсіндіруіміз керек. Ал одан әрі тиісті құрылымдар туристерге бұл мекендерді тартымды ету үшін тиісті жұмыстар қолға алынады», — дейді «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ директоры Түлкібай Төлеуов. Орталық қызметкерлері өткен жылы Айнан, Оспан (Ақтоғай ауданы), Құтжан қажы (Жаңаарқа ауданы), Ахметжан (Нұра ауданы), Дулығалы мешіті, Жәнібек кесенесі, Теректі, Ембұлақ, Талдысай (Ұлытау ауданы), Сангру — 1,2,3 (Жаңаарқа ауданы) кесенелерінде, Түндік (Қарқаралы ауданы) археологиялық кешенінде қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ, археологтар Орталық Қазақстанның ежелгі металлургия ескерткіштерінде, Қотыртас (Шет ауданы) қорымындағы қола дәуірінің ескерткіштерінде, Донғал 2 қорымында (Қарқаралы ауданы), Балқаш көліндегі Тасарал аралында (Ақтоғай ауданы) және Басқамыр қалашығында (Ұлытау ауданы) ғылыми-зерттеу жұмыстарын және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қалпына келтіру жұмыстары мен археологиялық қазбалардан басқа облыста жыл сайын тарихи-мәдени мұра туралы монографиялар мен ғылыми-көпшілік басылымдарды жазу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 2018 жылы «Қарағанды облысы мұражайларының археологиялық және этнографиялық коллекциясы» каталогы шығарылды, «Шет ауданы ескерткіштерінің археологиялық картасын жасау» монографиясы, «Қазақстан этностарының мәдени мұрасы: тарихы мен қазіргі заман (Орталық Қазақстан материалдарында)» және «Қарағанды облысының бірегей және эпонимдік ескерткіштерінің тарихи-археологиялық атласы» кітабы шығарылды.

Дереккөз: inform.kz 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *