Бақыт Сұлтанов Нұр-Сұлтанның бірқатар нысандарын аралады

195

Елорда әкімі қаланы аралау барысында екі вокзалда, Дүкенұлы көшесін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, Ботаникалық бақты аралады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қаланың барлық аудандарындағы аулалар, көшелер, автотұрақтар, демалыс орындары тексерілді. Жаңа туристік маусым қарсаңында қала басшысы астананың теміржол бекеттерінде болды. Нұр-Сұлтан теміржол вокзалында тұрақ орындарының жағдайымен танысып, тұрғындар мен қонақтарға арналған демалыс орындарын тексеріп, оған жақын аумақтарды көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Одан кейін «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалының инфрақұрылымын тексерді.

Станция директорының айтуынша, көлік хабының өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың адамды құрайды. Бақыт Сұлтанов заңсыз такси жүргізушілері мәселесін шешуді және вокзал маңын «Сергек» камерасымен жабдықтау жұмысын аяқтауды тапсырды. Қаланың көшелерін аралаған әкім аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бейбітшілік көшесі бойындағы №31, 33, 35 үйдің аулаларын қарап шыққаннан соң Б. Сұлтанов, аулаларда автотұрақ орындарының жеткіліксіз екендігін, автотұрақ кеңістігін кеңейту мәселелерін қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 2018 жылы Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшесінің қиылысында елорданың 20 жылдығына орай ашылған Иллюзия алаңына көңілі толмағанын жеткізді. Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердиевтің айтуынша, бұған нысанның әзірге аудан әкімдігінің балансына өтпеуі және осы аймаққа кімнің жауапты екендігінің белгісіздігі себеп. Бақыт Сұлтанов қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының жұмысын сынға алып, орынбасары Арман Тұрлыбекке саябақты Сарыарқа ауданы әкімдігінің балансына ауыстыруды, оны жөнге келтіріп, жасыл желекті жолдан ары қарай төсеуді тапсырды.

Бұдан басқа, қала әкімі Дүкенұлы көшесіндегі сүрілген тұрғын үйлердің орнын тексеріп, жауапты тұлғалармен көшені жөндеу мәселелерін талқылады. Қала басшысы Байқоңыр ауданының әкіміне шағын ауданды абаттандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Бұдан бөлек, Б. Сұлтанов «Отан қорғаушылар» ескерткішін, ботаникалық баққа барды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *