Нутрициолог маман: «Семіздік қанымызда жоқ!»

1574

С.Ж. Асфендияров атындағы қазақ медицина университетіне қарасты нутрициология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-диетолог, нутрициолог Майгүл Қайнарбаева ересектер арасындағы артық салмақ пен семіздіктің әлемдегі және Қазақстандағы таралуының себеп-салдарын атап өтті.

Қазақстан Республикасында артық салмақ және семіздік бойынша соңғы зерттеу 2014 жылы жүргізілген.  С.Ж. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті Қазақ тағамтану академиясымен бірлесе жүргізген зерттеу нәтижесінде ересектер тобының шамамен 21 пайызы артық салмаққа ұшырағанын анықтаған.  Соның ішінде балалардың 7%-ы, ересектердің 9%-ы семіздікке шалдыққан.  Соңғы уақытта бұл көрсеткіш басқа зерттеулерге сәйкес 30% өскен.

«Семіздіктің қоғамымызда өсуі өте қауіпті жағдай. Генетикалық тұрғыдан алсақ, семіздік біздің тегімізде жоқ.   Оған әсер етіп отырған қазіргі заманауи тамақтану түрінің өзгеруі. Соның ішінде, жартылай дайын, фастфуд өнімдерінің көбеюі тікелей қатысты болып отыр.  Сондай-ақ, аз қозғалыс. Физикалық жүктемемен айналысатын жұмыс түрінің аздығы да бірден бір себеп».-дейді  алматылық нутрициолог, дәрігер-диетолог Майгүл Қайнарбаева.

Мамандар семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және аз қимылдаудан пайда болатындығын айтады. Артық салмақтылар жүрек-қантамырлары ауруларына, жатыр мойны мен аналық, аталық бездердің, сүт безінің, тоқ ішектің, бүйректің, бауырдың және өт қабының қатерлі ісіктері, остеопороз, артрит, тыныс алу ағзаларының ауруларына жиі шалдығады. Сондай-ақ, бұл дертке шалдыққандардың өмір жасы да 7 жылға қысқарады.

«Артық салмақ пен семіздіктің денсаулыққа зиянды әсері өте жоғары. Соның бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбау.  Семіздік салдарының 95% дұрыс тамақтанабаудан болса, тек 5% ғана басқа жағдайлар. Оның ішінде ол тұқым қуалаушылық немес эндокриндік жүйедегі ақаулардан туындайды.»- деді маман.

Барша әлемде жеткіліксіз салмаққа қарағанда артық салмақ пен семіздік өлім-жітімге көбірек ұшыратады. Диабет ауруының –44%, жүректің ишемиялық ауруының 23%, кейбір қатерлі ісік ауруларының 41% жағдайлары артық салмақ пен семіздік әсерінен туындаған. Дене массасының индексі 25-тен артық немесе тең болса-артық салмақ. Ал, дене массасының индексі 30-дан артық немесе тең болса – семіздік болып есептелінеді.

Нутрициолог маманның сөзінше, қазір тамақты дайындау технологиясы өзгерген. Ал семіздіктен арылудың тиімді жолы дұрыс түзілген тамақ рационына байланысты. Артық тамақтанудың алдын алу үшін организмге қажетті заттектердің уақытылы әрі қажетті мөлшерде түсіп отыруын әрдайым қадағалау қажет.

 «Осы күні үйде отырған әйелдер, жаңадан босанған әйелдер артық салмақ жинағаннан кейін түрлі әдіске жүгінеді. Өздігінше арықтауға барынша тырысады. Ғаламтордан сан алуан ақпарат алып, соны қолдануға кіріседі. Өз бетінше түрлі шайлар қабылдайды. Әр адам ағзасы әр түрлі болғандықтан, бала емізетін уақытта бірден салмақ тастауға болмайды. Артық салмақ қиындық тудырып жатса арнайы дәрігер-диетологка жүгінген абзал. Бірден салмақ тастау сүттің жоғалуына да әкелуі мүмкін.» – дейді диетолог дәрігер.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда адам басындағы стрессті тамақпен басуды әдетке айналдырған. Яғни, түрлі проблеманы тамақты көп мөлшерде жеп басу. Бұл жерде психологиялық көмектің қажеттілігі туындайды екен.

«Аз уақытта салмақты тастау үшін сауатты түрде тамақтану процесін қадағалап үйрену абзал. Сондай-ақ, белсенді физикалық жүктеме қажет.  Бірте-бірте салмақ тастаған адам кейін сол салмақты жинамайды. Себебі, ағзаны бұл процеске үйрету керек, жүйелі түрде арықтағанның тиімділігі орасан зор. Тез арада көп салмақ тасталса қайтадан сол салмақты жинап алу қаупі жоғарылайтынын ұмытпау керек. Себебі, ол адам ағзасының қорғаныс реакциясы.»- деп көрсетті маман.

Маманның пікірінше, адам ретсіз тамақтанғаннан асқазан сыйымдылығы да кеңейіп кетеді. Дұрыс тамақтану жүйесін қалыптастырудың да өз сатылары бар.

Кез келген отбасында тамақтану үрдісі, сол үйдің өскелең ұрпағының да тамақтану мәдениетін қалыптастырады.

«Артық салмаққа бала құрсақта жатқан кезде бейімделетінін бірі білсе, бірі білмейді. Бала туылған кезде анасы мен әкесінде артық салмақ болса, ол балада семіздіктің даму мүмкіндігі 97 пайыз болады. Тек қана әкесінде болса, ер балаға 47% беріледі. Ал қыз балаға анасынан  шамамен 86% беріледі. Яғни, анасынан қыз балаға берілу қаупі жоғары.» – дейді Майра Қайнарбаева.

Артық салмақ дертінен құрлық мемлекеттері, Мексика, АҚШ елдері көш бастап тұр. Ал Азия елдері артық салмақтың таралуы бойынша соңғы орындарда орныққан. Дегенмен елімізде тамақтанудың өзгеруіне, шет елдерден түрлі фастфудтардың келуі, адамдардың  сырттан  тамақтануы қоғамда етек алып келе жатқаны да бір себеп.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *