Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ жетісулықтарға жаңа әлеуметтік саясатты түсіндірді

573

Кеше Алматы облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен келді. Үкіметтік делегация құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетов бар. Үкіметтік топ Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіруді мақсат етіп келген, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Жұмыс сапары алдымен Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығынан басталды. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек алу тәртібі егжей-тегжейлі қаралып, бірқатар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, облыста 2018 жылы 8294 адам жұмыспен қамтылып, оның 2681-і тұрақты жұмысқа орналастырылғаны, 3248-і қоғамдық жұмысқа тартылғаны сөз болды. Сонымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында өңірде әзірленген Әлеуметтік картаны көрсетті. Оның мән-маңызы туралы облыс әкімі Амандық Баталов кеңінен айтып берді.

Мұнан соң ресми делегация Талдықорған қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығына атбасын бұрды. Бұл жерде Әлеуметтік картаның электронды форматымен облыстық цифрлы технологиялар басқармасының басшысы Гауһар Шоқанова таныстырды. Осы сапарында вице-премьер Г. Әбдіқалықова Талдықорғандағы Көрме кешенінде өңір жұртшылығымен кездесті. Кездесуге көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, еңбек ардагерлері, мүгедектер, мұғалімдер, дәрігерлер, жастар, «Nur Otan» партиясының мүшелері, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.

Басқосуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған отбасыларын қолдау мен халықтың кірісін ұлғайтудың қолға алынған жаңа шаралары туралы кең ауқымды баяндама жасады. Білім саласындағы реформалар жөнінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтып берді. Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетов баяндады. Еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та азаматтар үшін қабылдау өткізді.

Сапардың екінші күні Талдықорғандағы электр техникалық құралдар шығаратын «Инфраэнерго» ЖШС-дан басталды. Өткен жылы «Инфраэнерго» ЖШС жалпы сомасы 2 млрд. теңгенің, ал осы жылдың 1-тоқсанында сомасы 436,4 млн. теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы ресми делегация кәсіпорынды аралауы барысында айтылды. Қонақтар төмен вольтты қондырғылар цехында, механикалық цехында болып жұмыс барысымен танысты.

Одан әрі Г.Әбдіқалықова Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының Неонаталдық орталығына барды. Орталықтағы заманауи құрал-жабдықтар балалар мен жаңа туған сәбилерге жоғары мамандандырылған хирургиялық, травматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Нәресте өлімін азайту мақсатында патологияны ерте сатыда анықтау мен алдын алуға бағытталған Орталықта іске қосылғалы бері 189 операция жасалған, соның 18-і жаңа туған сәбилерге жасалды.

Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары «Қаратал» шағынауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысының барысымен танысты. Құрылысы аяқталмаған қонақүй ғимаратын қайта жаңғыртудың арқасында қалада 288 орындық заманауи студенттік жатақхана бой көтереді, маңындағы аумақ абаттандырылатын болады. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды.

Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова журналистерге сұхбат беріп, Алматы облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы байқалатынын айтты. Әсіресе, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының өңірде орындалу барысындағы жақсы көрсеткіштерін, көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға арналған Әлеуметтік карта жасалғанын атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *