«Қазақ деген ол менмін!»

653

«Қазақ деген алдаспан арына ғана бағынар,

Басына біткен түймедей соры,

Бармақтай ғана бағы бар.

Қазақ деген ол менмін, мақтанайын деп едім.

Тақсырға емес тағзым ғып, Тәңірге ғана табынар.

Уа, ғаламшар, танып ал!», –  деген   жыр шумақтарын жазып кеткен талантты ақын,  «сегіз қырлы, бір сырлы» атанған Абдолла Сапардың өлеңдері рух пен қайсарға толы.  Небәрі отыз сегіз жасында өмірден өткен Абдолла ақынды еске алуға арналған «Алдаспан ақын» атты  кеші мен «Қазақ деген Ол менмін» атты жыр-жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Алматыдағы  өзі оқыған қара шаңырақ  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткен игілікті шараны танымал ақындар  Дәулетбек Байтұрсынұлы мен  Саят Қамшыгер және университет ұжымы ұйымдастырды. Кешті ақынның ұстазы Қастер Сарқытқан жүргізді. Шараға Абдолла Сапардың анасы мен туыстары, танымал ақын, Республикалық Кітап палатасы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбек, «Қазақстан Дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғали, ақынның ұстазы, Жаратылыстану және география институтының директоры, профессор  Күләш Каймулдинова, ақынның шәкірттері мен бірге оқыған курстастары, университет студенттері ақын-жазушылар, өлең сүйер қауым қатысты.

Кеш қонақтары Абдолла ақын туралы естеліктерімен бөлісті.

Күләш Каймулдинова: «Шәкіртіміздің жыр-жинағының тұсаукесерін көзі тірісінде кескенде керемет болар еді. Тағдырға шара жоқ…  Ақындығымен қатар, керемет маман, ұстаз болып шыққанын білеміз.Абдолланың артында өшпес ізі, отбасы, ол туралы естеліктері қалды. Оның  ұстазы ретінде анасына алғыс айтқым келеді».

Қастер Сарқытқан: «Бұл кітаптың жарыққа шығуы Абдолла ақынның екінші өмірі басталды деген сөз…  Қазалы ауданының  Е. Бозқұлов атындағы  № 249 мектеп-лицейінде білікті жаңашыл  ұстаз болған Абдолла Сапар мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, оларға үлкен өмірге жолдама берді. Сыр өңірінің шәкірттерін әлемге танытып, білім саласында жетістіктерге қол жеткіздірді».

Ертай Айғали: «Әдетте ақындар Алматыға, Астанаға келіп, танылып жатады. Осында келуге ұмтылады. Абдолла да кезінде Алматыға, Астанаға келгенінде аты көбірек танылып, зор шығар ма еді?..  Абдолла анасының қасында болды, қара шаңырағының түтінін түтетті. Ауылда жүріп, поэзиясы арқылы «көптеген ерліктер» жасады. «Жыл ұстазы», «Жыл ақыны» атанды, өлең бәйгелерінен бас жүлде алды.

Маралтай Райымбек: «Абдолла бауырымыз екеуміз ағалы-інілі сыйластықта болдық. Жолдас болдық, дәмдес болдық. Қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Сондықтан осындай азаматтар Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданса, өзі оқыған мектепте Абдулла Сапар оқулары өткізілсе… Ақында мінез болуы керек. Мінезсіз ақын әншейін жүрген зат. Ал Абдуллада  осы ақынға керек мінез болған. Абдулла Сапар айтатынын айтып, жазатынын жазып кетті. Ал енді қалғаны –  біздің мойнымызда».

Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Ол ақын ретінде, ұстаз ретінде, ер азамат, саятшы  ретінде өте ғажайып жаратылған.Ұстаз ретінде білімді, ақын ретінде талантты, азамат ретінде еркекке тән сипатпен  жасаған.

Саят Қамшыгер: «Оқушысы Америкада өткен халықаралық олимпиадада бірінші орын алып, Абдолла Елбасының алдында екі рет қабылдауында болған. Осындай шағын ғана кеште Абдолла ақын туралы ауыз толтырып айту қиынның қиыны. Кітабының жарық көріп отырғандығына қуаныштымын».

«Мылтығын тіршіліктің тезегіне,

Келеміз дарияның жетегінде.

Ажалына асығып барады адам,

Топтасып ақыреттің кезегіне.

Арбайтын түлкідейін сылаңдана,

Ғұмыр-сайтан, күлетін аярлана.

«Адам» деген – автобус жолаушысы,

«Өмір» деген – азғантай аялдама» , – деп жырлаған алдаспан ақын Абдолланың   ұлы мен бір топ оқушылар жырдан шашу шашты. Кеш соңында ақынның анасы ұйымдастырушылар мен университет ұжымына аналық алғысын жеткізді. Шара ақын рухына бағышталған асқа ұласты.

Үміт Жұмаділова, 

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

 

 





ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *