«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 30 кітап аударылды

4083

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру міндеті қолға алынғалы екі жылдың жүзі болды. Былтырғы жылы игі бастаманың негізінде ғылыми қауымдастық жұмылдырыла отырып, 18 оқулық жарыққа шыққан еді. «Ұлттық аударма бюросының» жетекшілігімен биыл бұл қатарға тағы да 30 жаңа кітап қосылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен конференцияға қатысушы мамандар өзге тілдерден аударылған оқулықтарға сараптама жасап, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстарға тоқталы.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:

— Біздің бүгінгі конференциямыз қазақ тілінде шығарылған 30 жаңа оқулықтың тұсаукесеріне арналады. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың 12 сәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра бастағанымызға 2 жыл толып отыр. Осы бағдарламаның іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссиясының кеңейтілген отырысында өте жақсы маңызды жетістіктерге қол жеткізген екі жылдық кезеңнің қорытындысы шығарылды. Жаһандық бәсекелістікке бейімделген оқулықтар дайындалды. Бұл үлкен маңызға ие. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының нәтижелерінде жоғары баға алып жатыр. Өткен жылы біз жаңа 18 оқулықты оқу өндірісіне енгізуге кіріссек, биыл университеттің білім деңгейін әлемдік деңгейге көтеруге бейім 30 жаңа оқулықтың тұсауын кесіп отырмыз.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия хатшысы:

— Біріншіден, ғалымдар мен оқытушылар бағдарламаны жүзеге асыру барысында эксперттік сараптама жасауда белсене қатысуда. Екіншіден, ЖОО аясында көптеген ауқымды жобалар басталып, жүзеге асырылып жатыр. Ол өзінің жалғасын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында белгіленген шаралармен ұласады деп сенімдімін. 2 жылдың ішінде 90-нан астам экспедиция және 2000-ға жуық түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылыпты. Үшіншіден, бағдарламаның барлық бағыты бойынша ғылыми жұмыстар жасалуда. Осы уақытта 7000-нана астам ғылыми мақала жарияланды. 17 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Төртіншіден, жалпыхалықтық күрделі жұмысқа студенттер де белсенді қатысып отыр. Жастар өз бетімен белсеніп, көптеген ғылыми және курстиық жұмыстар жазды. Жастардың пікірталас алаңдары құрылып, телестудиялар ашылды.

Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Бұл шын мәнінде теңдесі жоқ ерекше бағдарлама.Тура осындай жоба бір де бір мемлекетте мемлекеттік деңгейде, тіпті, ең жоғарғы деңгейде — мемлекеттің басшысы өзі бастамашы болып, және оның қалай жүзеге асырылатынын нақтылап, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылсын деп, және ол оны жүзеге асыра алатын бүкіл елдегі ғылыми ортаны оқытушыларды, осыған үлес қоса алатын адамдарды жұмылдырылуы тиіс деп бастамасын салып берді. Бұндай тәжірибе ешбір елде жоқ. Біз осы жобаны іске асыру үшін үлкен халықаралық университеттермен, баспалармен кездесіп жүрміз. Бәрінің таңырқай, қызыға, кейде қызғана қарайтыны жасырын емес. Биыл аударылып, баспаға дайындалған оқулықтарда осы талаптарды дамыта түсетініне сеніміміз мол. Жаңа  топтамадағы оқулықтар дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, ориентализм, дипломатия және семиосфера секілді тақырыптарды қамтыды.

Жоба аясында дайындалған 30 оқулық 10 мың данамен басылып, жаңа оқу жылында еліміздегі 112 жоғары оқу орнына таратылады. Сонымен қатар, олардың электрондық нұсқасы «Қазақстанның ашық университеті» порталына орналастырылып, көпшілікке интернет арқылы еркін қолдануға мүмкіндік береді.

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері» ЖШС




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *