ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ОҢТҮСТІК АҢЫЗДАРЫ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

207

Республикалық деңгейдегі «Nomad explorer»  экспедициясы Түркістан облысына келді.  «Оңтүстік аңыздары»  деген тақырыппен өтіп жатқан туристік экспедицияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық саяхатшы қатысып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алдымен Жамбыл облысының киелі орындарын аралаған саяхатшылар Түркістан облысының да табиғаты мен шежірелі тарихымен танысты.

Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгіріне келген қонақтар мұндағы ерекше көрініске сүйсінді.  Ғалымдардың зерттеуінше,  Ақмешіт үңгіріндегі ауа адамның жүйкесін тыныштандырып,  қан қысымын жақсартады.  Бойдағы жағымсыз энергияны тартып алады.  Белгілі спорт жанашыры,  «Қазақстан барысы»  жобасының авторы Арман Шораев экспедицияға осы үңгірді көру үшін арнайы келгенін айтты.  «Керемет әсер алдым», – дейді ол.  Ал танымал режиссер Ақан Сатаев Түркістан облысында фильм түсіруге сұранып тұрған орындар өте көп екенін, болашақта осы бағытта жұмыс істеуге қарсы емес екенін сөз етті. Өлкетанушы,  «Оңтүстік аңыздары» бағытының авторы Ерлан Сыздықтың айтуынша,  саяхатшылардың алған әсерлері керемет.  Оларды өлкенің табиғаты мен аңыздары қатты қызықтырған.  Егер сұраныс болса,  осы бағыт бойынша туристік бағыт жалғасады.  Осы арқылы Түркістан облысының туризмі дамиды.  4 автобус пен 60-тан астам жеңіл көлікке мінген саяхатшылар табиғат аясында тамақтанып, нағыз көшпенділерге тән өмірді сезінді.

Бұған дейін республика көлемінде 3 экспедиция өтсе, ауқымы және қатысушылар саны жағынан ең үлкені – осы «Оңтүстік аңыздары».  Ақмешіт үңгіріне аялдаған соң саяхатшылар Домалақ ана кесенесіне зиярат жасады.  Сондай-ақ Шаяндағы Аппақ Ишан мешітіне де атбасын бұрып, тарихымен танысты.

Марғұлан Сейсенбаевтың бастамасымен құрылған экспедиция құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, журналистер, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар және өзге де сала өкілдері бар.  Саяхатшылар Түркістан облысында туризм саласының болашағы зор екенін жеткізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында да осы салаға мән берілген. Республика бойынша киелі және туристік орындар саны бойынша да Түркістан облысы алдыңғы қатарда. Шежіре мен аңызға толы өңірге қадам басқан экспедиция мүшелері ертең облыстағы өзге де киелі орындарды аралайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *