Ақын Мұратхан Шоқанның «Отан, саған жыр өрімін ұсынам» атты поэзиялық кеші өтті

803

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Дүниежүзілік кітап күні мен авторлық құқық күніне орай «KITAP SHOY´- 2019»  атты дәстүрлі мерекелік шара ұйымдастырылды. Кітап пен авторларға құрмет көрсету және кітап оқуды насихаттаудың жарқын көрінісі болып табылатын іс-шара аясында белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға достық» қоғамдық қорының директоры, «Әдебиет орталығының» жетекшісі Мұратхан Шоқанның «Отан, саған жыр өрімін ұсынам» атты жеке поэзиялық кеші өтті.  Кешке ақын шығармашылығының  табынушылары, танымал ақын-жазушылар мен өлең сүйер қауым қатысты.

2001 жылы туған еліне оралып, «Маған көктем сыйлашы», «Жүрекке жүгіну», «Тазалыққа ұмтылу» сияқты жыр кітаптары арқылы оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген ақын Мұратхан Шоқан өзіндік орны, қолтаңбасы, оқырманы бар қазіргі қазақ поэзиясының жарқын өкілі.

Жыр кешінің шымылдығы ақын сөзіне жазылған Ерлан Төлеубайұлының «Саған келдім, ата жұрт» әнімен  ашылды.

Сахна төріне шыққан бір топ ақын-жазушылар кеш иесіне жүрекжарды ағалық лебіздерін білдірді.

Аманхан Әлімұлы: Мұратханда асып-тасу жоқ. Ақындық менменге қарағанда, шығармашылық «мен» басым. Егер қай ақын шығармашылық «менменен» азаматтық «менді» ажырата алмаса, ол менмендікке ұрынады. Яғни Мұратхан өзінің «шығармашылық мені» арқылы өзінің стилін қалыптастырған, ал «азаматтық мені» арқылы адами қарым-қатынастық «менді» қалыптастырған ақын. Қазір өзгені оқымай, алдымен өзін оқитын ақындар бар. Ал Мұратхан алдымен өзгені оқиды. Бұл дегеніміз өзінің азаматтық ұстанымын нықтау. Мұратхан өзінің айту, жазу, сызу міндетін адал орындап, өзінен кейінгі жастарға соны беріп жүр.  Қазақтың қара өлеңін дамыту арқылы қазақ өлеңін дамытып жүр.

Аманғазы Кәріпжанәулеті: Мұратханның қазіргі айналысып жүрген ісі тек жырымен ғана емес ісімен де көрініп, дәлелденіп  жүр…

Шараға арнайы шақырылған қонақтар ақынның «Түнгі лирика» атты кітабын қырғыз тіліне аударған талантты ақын, Қырғызстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Ешеналы Айдарова, Қырғыз Мемлекеттік университетінің профессоры Аида Егенбердиева, қазақ ақындарының өлеңдерін қырғыз тіліне аударып жүрген қырғыздың ақын қызы Перизат Алмазова ақ тілектерін арнап, сый-сияпаттарын табыстады.

Поэзия кешінде ақын өзі төрағалық ететін «Әдебиет әлемі» орталығының жас шәкірттері мен Қыздар педагогикалық университетінің «Ақ гүлдер» шығармашылық тобы және Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің студенттері ақын өлеңдерін нықышына келтіріп оқыды.

Шараға жиналған көпшілік қауым ақынмен қимай қоштасты.

Қалың көрермен мен өлең сүйер қауымның көңілінен шығып, ықыласына бөленген поэзия кеші жайында толығырақ төмендегі бейнематериалдан көре аласыздар.

Үміт Жұмаділова, 

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

 

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *