«Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы»:25 фильмнің тұсаукесері

978

Биыл ұлт мақтанышы, Қазақстан халқының біртуар перзенті академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл. Осы мерейлі датаға орай Ертіс-Баян өңірінің жұртшылығы бір ауыздан жұмылып, әйгілі академикке арналған онкүндік шарасын өткізді. Осы орайда Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті де бірнеше тағылымы мол, болашаққа ұрпақтың да игілігіне жарар бірнеше істің бастамашысы болды. Қаныш Имантайұлы бірнеше ғылымның дамуына зор үлес қосқан қайталанбас тұлға. Оның өмірі мен атқарған істері, былайғы жұрттың ақыл-ойы жете бермейтін данышпандығы мен академиялық білімін зерделеу бүгінгі қаныштанушылардың алдындағы ұлы мақсатқа айналды.

Осы жолға ғұмырын арнаған жазушы, зерттеуші, белгілі қаныштанушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы. Феномен. The Phenomenon» кітабы басылып шықты. Ал кітаптың тұңғыш тұсаукесері ПМПУ-дың ұйытқы болуымен аталмыш онкүндік аясында Павлодар қаласында өтті. Оның аясында әуелі Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев бастаған қалалық әкімдік және жергілікті зиялы қауым өкілдері академик ескерткішінің алдына гүл шоғын қою рәсімін өткізді.  Ескерткіш алдында тұрып, Қаныштай ғарыш тұлғаның есімін тағы бір ұлықтады.

Артынша жұртшылық «Шаңырақ» концерт залында жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналды. Деректі кітаптың авторы «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Медеу Сәрсеке мен ПМПУ ректоры, профессор Алтынбек Нухұлы салтанатты түрде жаңа туындының тұсауын кесті. Медеу Сәрсеке жаңа еңбегі жайлы, академиктің өмірі, өшпес еңбегі жайлы толымды естеліктермен бөлісті. Белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің бұл жаңа кітабында академик туралы тың деректер топтастырылғандығын айтты. Бұл қаныштанушы Медеу Сәрсекенің қаламынан туған ұлы ғалым жайлы он сегізінші кітабы. Екі жарым мың таралыммен Павлодар және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан басылып шыққан. Бұрынғы кітаптармен желілес, қайталанбас тұлға Қаныш Сәтбаевтың дара болмысы, еңбегі мен адами қасиеттерін, ел үшін жасаған ерлігі мен тәуекелдері, қиын да қиыр жолдары туралы соны еңбек осылайша оқырман қауымына жол тартты. Шара барысында ғұмырының 60 жылын академик өмірін зерттеуге арнаған жазушыға шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаевтың арнауы мен ПМПУ-дың өнерпаз студенттерінің орындауындағы кезінде академик айтқан әндер шараның көркін келтірді.

Онкүндік аясында өткен шаралардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде іске асып жатқан «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи  тұлғасы» фильмдер сериясының алғашқы 25 фильмінің тұсаукесері. Жоба Павлодар мемелкеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлының бастамасымен осы оқу ордасының видеостудиясында  2018 жылдан бері қолға алған. Фильмді жасау үшін аталмыш оқу ордасының Журналистика саласы бойынша өңірімізге айрықша еңбегі сіңген Гүлжанат Иманғазы бастаған Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті тұтастай жұмылдырылды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғаббас Бектұров игі бастамаға демеушілік жасады. Фильмдерден Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Естай Беркімбайұлы, Шәкен Айманов, Григорий Потанин, Баян, Малайсары батырлар сияқты өзге де ұлт тарихында өшпес ізі бар мемлекет қайраткерлері, ағартушылар мен әдебиет, өнер майталмандары, ғылым шырағын жаққан ұлы тұлғалардың өмірі мен еңбегі жайлы толыққанды тамашалауға болады.

Шара барысында жиналғандар  дайын фильмдердің ішінде қазақ киносының майталманы, даңқты режиссер Шәкен Айманов туралы фильмді толықтай көруге мүмкіндік алды. Ал қалған фильмдердің анонстық нұсқаларын тамашалаған. Тұсаукесерге келген зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бастаманың рухани-танымдық әрі мемлекеттің ұлттық идеологиясы тұрғысынан маңыздылығын айрықша атап өтті.

Академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған онкүндіктің қорытынды салтанатты шарасын да ПМПУ дүбірлетіп өткізді. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайына Қазақстан және Ресей ЖОО ректорлар кеңесінің мүшелері мен облыс тұрғындары жиналды. Облыс әкімі Болат Бақауовтың беташар сөзімен басталған кеш Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың, ПМПУ ректоры, профессор Алтынбек Нухұлының, Сәтбаевтар әулетінің өкілі Нұрлан Жармағамбетовтың баяндамаларымен жалғасты. Шара барысында Академиктің өміріне арналған фильм көрсетіліп, Қаныш Сәтбаев атындағы музейден, ғасыр ғұламасы жайындағы зерттеу кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Қаныш Сәтбаевтың ғұмыры мен қызметіне арналған театрландырылған қойылым сахналанып, дүбірлі кеш академиктің сүйіп орындаған «Баянауыл», «Екі жирен» сияқты әндердің концертіне ұласты.

Жанасыл Серікбол

ПМПУ Баспасөз қызметінің журналисі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *