Есаға…

3293

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында жалғанның қалыбына сыймай кеткен сәйгүлік ақын Есенқұл Жақыпбектің рухына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кеш барысында Есағаңның қос томы — поэзия және айтыс жинақтарының тұсаукесері болды.

Айтулы шараға еліміздің көрнекті өкілдері қатысты. Бұл кітаптардың шығуына тікелей қолдау көрсеткен Есенқұл Жақыпбектің рухани інісі, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен «Астана стройинвест корпорациясы» мекемесінің құрылыс жөніндегі бөлімінің директоры Қуаныш Баймұхамбетов.

Ақынның «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме» атты жинағына Жамбыл жырының жалғасы, Жетісу өңірінен шыққан ақтаңгер ақын, қазақ айтыс өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Есенқұл Жақыпбектің әр жылдардағы қазақтың белгілі жыр жампоздарымен болған айтыстары енген. Жинақ көпшілік оқырманға, оқуға жеңіл, айтыс дәстүрін жалғастырушы жас ұрпаққа үлгі болатындай толымды нұсқа. Аталған кітап, Алматы қаласындағы «Аққайнар» баспасынан жарық көріп отыр.

Ал «Есаға» атты 820 беттік жинақ қазақ халқының жүрегінен кең орын алған аяулы ақын Есенқұл Жақыпбектің шынайы сезімнен туған толық жинақталған туындылары енгізілген. Кітапты Ақан Әбдуәлиев, Меңсұлу Нағашбекова, Меруерт Орынбай құрастырған. Кітап Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді.

Әдеби-кешті республикалық «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде: «Есенқұл Жаратқан Ие жағына салған киелі сөзді ұлттық бояуын жоғалтпастан халқына ұсынады. Іргетасы халық ауыз әдебитінен қаланған, қабырғасында Мұқағали дәуірінің өрнегі бар ақсарайды шаңырағы уақыт өте келе Жақыпбеков шешіміне ұласты. Жамбылды пір, Мұқағалиды ұстаз тұтқан Есағаңның сезімге толы сұрапыл жырлары әрқайсымыздың жүрек тұсымыздан сөйлейтін себебі де сол қарапайым қалыбында, туған топырағынан жаралғандығында болса керек. Есенқұл дәуірі құланиектеніп атып келеді…»,-дейді.

Кеште есімдері елге мәлім Бекжан Тұрыс,Қадырғали Көбентай,Жәкен Омаров,Алма Аманжолова,Ербол Спанәлиев,Гүлшат Тәкежан сынды өнер тарландары және «Сүйінбай сазы» фольклорлық ансамблінің әншілері өнер көрсетті.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

қазақтың аса көрнекті ақыны, драматург:

-Бүгін бәріміз тағы бір толқыдық. Есенқұлмен қайта жүздесеміз, Есенқұлдың рухына қайта тілдесеміз,-деп. Есенқұл бауырымыздың жан-дүниесі, әлеміне қайта барлау жасаймыз деген оймен, таңды тебіреніспен атқызып едік. Құдайға шүкір, сол жиын тізгінін босатып отыр.

Есенқұл — асығыс жүгін жинады, асығыс бәйгеге қосатын аттарын сайлады, сөйтті де, анау екінші дүниеге аттанып кете барды. Бірақ, Есенқұлдың аты ерте таңылды.

Есенқұлдың поэзиясындағы ешкімге ұқсамайтын сирек құбылыс, сирек қасиет-қазақ даласының исі аңқып, бұрқырап шыға келетіндігі.

Халық, өзіне керекті дүниені таңдай біледі. Халық, өзінің жақсы көрген дүниесін бағалай біледі. Сондықтан халықтың жүрегіне жол тапқан Есенқұлдың екі томдығы дүниеге келіп жатыр дегенде, ерекше қуандым.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *