Супердержавалардың тартысы: Болашақтың қожасы кім, АҚШ әлде Қытай?

2702

Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың сипаты қалай? Ол болашақта қалай дамиды? Әлемдегі екі алпауыт ел арасындағы көзге көрінетін және көрінбейтін соғыстар, қарама-қайшылықтар қаншалықты қауіпті? Ол қарай өрбиді? Болашақта әлемде АҚШ не, Қытай басымдыққа ие бола ма? Қытай валютасының қауқары қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауаптарын білу үшін саясаттанушылар мен ғалымдарға жолығып, пікірін білген едік.

Набижан МҰХАМЕДХАН, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» директоры, қытайтанушы, тарих ғылымының докторы:

-Қазақстан мен Қарым қатынасы 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнағаннан бастап, екі ел қарым-қатынасы үздіксіз дамып келе жатыр. Біріншіден, бұл тату көршілік қатынас болған. Одан стратегиялық қатынасқа ұласты. 2005 жылдың 1-ші қыркүйегінде Елбасының Қытайға жасаған сапарындағы декларцияда «Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігі жаңа кезеңге қадам басты»,-деп екі жақ мәлімдеді. Демек, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары үздіксіз дамып келе жатыр. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, біз көрші елміз. Екіншіден, экономикалық салада бір-бірімізді толықтыратын тұстарымыз көп. Яғни, энергетика, шикізат, табиғи байлықтарды экспорт ететін болсақ, Қытай соған мұқтаж. Өйткені, энергетикаға мұқтаж. Бұл жерде біздің ұлттық мүддеміз бір-бірімізбен байланыста тұр. Яғни, өзара бір-бірін толықтырады. Ең бастысы, екі басшысының Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарына үлкен маңыз беруінде. Қытай қарым-қатынастары соңғы кезде, Қытайдың ортағы қойған «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасы бойынша, яки «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы бойынша біршама дамып келе жатыр. Сонымен қатар, Қытай бізге инвестиция салушы мемлекеттердің бірі. Қытай инвестиция салады, инфорақұрылымдарды бір-біріне түйістіреді, демек Шығысы Қытайдан, Батысы Еуропаға дейінгі темір жол және тас жолдың барлығы тұтасады деген сөз. Бұл біздің еліміздің де индустриалды жобасын сәйкесіп тұр. Осындай жағадайда, Қазақстанның Қытайлық инвесторларғы жеңілдік беруі, расыда да күмән тудырады. Өйткені, екі жақтың да приницптеріне де тең келмей тұр. Әлемдік тұрғыда қарастыратын болсақ, «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасында көптеген мемлекеттер Қытай қарызына бату жағдайы бар. Қазір оны бірнеше мемлекеттер қайтара алмағандықтан, оны жері арқылы, порттары арқылы Қытайға қайтаруға мәжбүр болып жатқаны бар. Ол Африкадағы елдер, Шри-Ланка, Пәкістан, Тәжікстан, Қырғызстан және тағы басқа мемлекеттер. Бұл тұрғыда Қазақстан қарызды қайта алмайды дегеннен аулақпыз, дегенмен де Бір белдеу-бір жол» бағдарламасы аясында осы Жібек жолы бойындағы дамушы мемлекеттерің қарызға белшесінен бату жағдайы басым болып отырғанын да ескеруіміз керек. Қытай біз үшін үлкен инвестиция салушы мемлекет. Бірақ, инвестиция бізге қаншалықты қажет, қалай қайтаруға болады дегенде, нақтылы есептер арқылы жасалғаны жөн деп ойлаймын.

Соңғы жылдары, АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай өте шиеленісті жағдайда. Оның басты себебі-сауда соғысы. Бұл соғыс екі алпауыт мемелекет арасында сауданың теңсіздігінен шығып отыр. Бұл жерде Қытайдың тапқан пайдасы көп те, АҚШ-тың тапқан пайдасы аз. Д. Трамп осы мәселені реттеймін деп, Қытайға шарт қойып отыр. АҚШ Қытайдан дүниежүзілік сауда ұйымының принициптеріне бойсынуды ұсынады. Сонда қол қойылған шарттарды орындауды талап етеді. Демек, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, тек қана сауда көлемінде емес, идеологиялық, ол стратегиялық сипат алып бара жатыр. Қытайдың экономикалық дамуы АҚШ-қа толығымен сын-қатерлер тудырып тұр. Бұл жердегі мәселе, ендігі уақытта әлемге кім ықпал ету мәселесі бар. Бұл жағдайлар әлемге Қытай ма, әлде АҚШ жетекшілік ете ме деген сұрақ туындатып отыр.

Қазіргі кезде Қытайдың юаны АҚШ долларының орнына келе қоймайды. Дегенмен, әлемдік валютаның айналуына ықпал жасайтындығы сөзсіз. Сондықтан АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздің бір мәселесі Қытай юанының тұрақтылығы болып отыр.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

-Қытай-қалай болғанда да өте күрделі мемлекет. Қытайға қатынасымыз қалай болмасын, бұл біздің көршіміз. Біз басқа бір құрлыққа, аймаққа кетіп қала алмаймыз. Қалай болғанда да, Қытай,Ресей және басқа да көршілеріміз болсын, олармен араласуға, іс-қимыл жасауға мәжбүрміз. Кешегі тарихымыз Қытаймен де, Ресеймен де оңай болған жоқ. Кез-келген мемлекет күшіне енетін болса, оның экономикалық, әскери, басқа да әлеуеті, ертелі ме, кеш пе саясатқа ұласады. Көп мәселені ушықтырмай, өркениетті түрде шешіп отыру бізде жеткілікті. Кішігірім мемлекеттер, алпауыт мемлекеттердің арасында тұрып, өз мүддесін сақтап қалу мәселесі оңай емес.

Қытай-экономикасы әлемде екінші орынға шыққан.Тиісінше, Қытайдың басқа мемлекеттерге сесі де зор. XIX ғасырдың басында Наполеон: «Қытай-ұйқыдағы айдаһар. Осы күйінде ұйықтай берсін. Себебі, ол айдаһар оянатын болса, барлығымызға да қиын болады, қауіп төнеді»,-деген. Қалай болса да, Қытаймен санасу керек. Иә, Қытаймен арада көптеген мәселелер бар. Бірақ, соны өз пайдамызға аудара білу, сол Қытайдың әлеуеті мен құдіретін өз пайдамызға, өзіміздің игілігімізге пайдалану, бұл қолдан келетін, мүмкін нәрсе. Бізді Қытайға қатысты алаңдатып отырған бірнеше мәселе бар. Біріншіден, бұл біздің-саудамыз. Негізінен, Қытайға шикізатымыз барады да, ол жерден дайын тауар болады да, біз сол тауарлық тұрғыда Қытайға тәуелді, бағынышты болып қалғанымыз. Екіншіден, жер мәселесі. Талайдан бері айтылды, уәде берілді. Бірақ, астыртын Қытайдың жалға алу арқылы қазақтың жеріне енуі. Үшіншісі, заңсыз миграция. Яғни, Қытай азаматтарының Қазақстанға келіп, осында орнығуы. Түрлі айла тәсілдерді пайдалануы. Бұл — Қытайландыру мәселесі. Төртіншісі, Қытайға біздің қарызға батуымыз және өзіміздің кен орындарымызды Қытайға ұзақ мерзімді пайдалануға беру. Көптеген стратегиялық активтерімізді Қытайға беріп отырғанымыз және қарызға батуымыз. Оның берешегі де ертең болады. Берешегі қатқыл түрде талап етіледі. Бесіншісі-Қытайдағы қандастарымыздың мәселесі. Бұл соңғы екі жылдан бері айтылып келе жатқан тақырып. Бұл мәселені, қатты ушықтырмай, ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломтаиялық араласуы, қоғамның өзі де бұл мәселеде наразылығын білдіргені, табандылық көрсеткені Қытайға аз да болса әсер еткені болуы мүмкін.

Қытайдың негізге алатыны-өз ұлттық мүддесі. Одан тұрған еш нәрсе жоқ, бұл заңды нәрсе. Америка Американың мүддесін қарайды, Франция солай. Ол үшін Қытайды айыптаудың да қажеті жоқ шығар. Қарызың берді, қарызын беруді талап етеді. Былайша алғанда, сол жағынан алып қарағанда Қытайдікі дұрыс секілді. Қытаймен байланыстардағы біздің кемшіліктеріміз, қателіктеріміз немесе содан туындайтын тәуекелдер айналып келген көп жағдай өзімізге байланысты. Өзіміздің ұлттық қорымыз бар болғанда, сол қарыздарды Қытайдан ала берудің қандай пайдасы бар?  Меніңше, бұл да жауапкершіліктің жоқтығы.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

-Қытай-әлемдегі ең ірі мемлекет. Даму қарқыны өте биік болды, бірақ баяулады. Баяулағанда, еркін нарықтық принциптерден қайтты. Қазір нарықты, саяси еркіндікті қысып жатыр. Ішкі Қытайда саяси қайшылықтар күшейді. Біз ондағы қазақтың, ұйғырдың жаншылғанын ғана білеміз ғой, бұл соның салдары. Бұл өздерін де аяп жатқан жоқ. Бірақ, Қытайдың бір ерекшелігі, 10-12 жыл қателесіп дағдарысқа кетіп қалады да, содан кейін есін жиып дұрыс жолға түсіп, қайтдан қателіктерін қайталай бастайды.Сондықтан қазіргі уақытта бұлар қайтадан адасып, коммунистік диктатура күшейіп бара жатыр. Олардағы ең үлкен мәселе-Шығыс өлкелері, нағыз Қытай. Демек, олардың негізгі мәселесі аз ұлттар емес, ханьдардың өздері. Бұларда даму қарқыны — 9% болса, қазір 6%-ға түсіп қалды. Менің ойымша, 6%-ы да жоқ. Ол қосып жазу. Өйткен, нарықтық принициптерден бас тартқан кезде, халық жұмыс істеуді қояды. КСРО-ның соңғы жылдары секілді. Бұлар үлкен дағдарысқа келе жатыр. Халықтың назарын аудару үшін, ұйғырлар-террорист, қазақтар-жаман, қырғыздар-ойдағыдай емес деп айыптауда.

Қытай халқы, онсыз да наразы. Жалпы Қытайдың күрделілігі, 20 миллиондық 6 қала бар. Егер де Қытайдың полициясы, «кішкентай баланың мұрның қанатса» 20 миллиондық халық бағынудан қалады. Бір қалаға жаншу опперациясын жасасан,  6 қала, яғни бүкіл Қытай аяққа тұрады. Сондықтан, бұл өте қауіпті. Билік мұны біледі. Бұл жағдайда ұйғыр мен қазақты жаншысақ, қалғандары қорқады дегендей. Бірақ, негізгі қайшылық-ішкі Қытайда. Қарқын төмендеп келе жатыр. Ал АҚШ негізгі жауымыз — Ресей емес, Қытай екен деп отыр. Яғни, тағы да санкция салуға дайынбыз деген. АҚШ-тың экономикасына Қытайға санкция салған тиімді. Қытайдың экспортын АҚШ-қа шектесе, Қытайдың жағдайы мүшкіл болады. Осындай қиын жағдайда тұр.

 Дайындағандар:

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әлихан ЖАНАРБЕК (видео)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *