Татарстанда қазақстандық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясы өтті

600

24-26 сәуір аралығында Қазан қаласында «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit-2019» ІХ Халықаралық экономикалық саммиті аясында қазақстандық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясы өтті. Миссия шеңберінде қазақстандық компаниялар ресейлік әлеуетті серіктестерімен кездесіп, келешек жеткізілімдер бойынша келісімдер жасалды.

Сауда-экономикалық миссияға қатысушылардың арасында – жүгері таяқшалары мен жарма өнімдерін шығарушы қарағандылық компания «Income company» ЖШС бар. Компанияның өнімдері Қазақстанның барлық қалаларында сатылымда, енді қарағандылық кәсіпкерлер Ресей нарығына шығуды көздеп отыр. «Income company» ЖШС өкілдерінің пікірінше, Қазан қаласы көрші ел нарығында бизнес бастау үшін қолайлы қала.

«Жер картасына қарайтын болсақ, Қазан қаласы Ресейдің бірнеше басты магистралі торабында орналасқанын көруге болады. Осы жерден Мәскеуге, елдің батысына және басқа да маңызды бағыттарға шығуға болады», – деп жоспарымен бөлісті «Income company» ЖШС өңірлік даму жөніндегі жетекшісі Рустам Нафиков.

Қазанда өткен келіссөздер соңында 4 ресейлік дистрибьютерлік компания қазақстандық компаниямен келісімшарт жасауға дайындығын білдірді. Осы келісімдерден соң қарағандылық өнім жергілікті сауда нүктелерінде сатылымға қойылмақ.

Қазанда өткен сауда-экономикалық миссияға 20 қазақстандық компания қатысты. Олар азық-түлік өнімдері, электр техникалық жабдық, химия өнімдері, балалар тауарлары және басқа салаларда тауар шығарумен айналысады. Олардың барлығы өз өнімдерінің әлеуетті сатып алушыларымен кездесті. Қазақстандық және ресейлік бизнес арасындағы бұл байланыстар екі ел ынтымақтастығының маңызды құрауышы.

«Екі ел басшыларының бірнеше рет кездесуі өткен болатын, соның бірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Татарстан мен Қазақстанның тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу бойынша мақсат қойған болатын. Біздің талдауымызға сәйкес қазір бұл цифра 700 мың АҚШ доллары деңгейінде тұр. Тауарлардың негізгі ағыны Татарстаннан Қазақстанға барады. Қазақстаннан келетін экспортты өсіру мақсатында біз үздік тауар өндірушілерді осында әкелдік», – деді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Аян Еренов.

Қазақстанның Татарстанға экспортын дамытуда Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі қазандық бөлімінің рөлі ерекше.

«Біз ресейлік және қазақстандық компанияларға түрлі қолдау көрсетудеміз», – деді Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Сауда өкілінің орынбасары Дамир Әділбеков.

Татарстандағы сауда-экономикалық миссияны Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының қатысуымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *