ҚазҰУ Мысырда өз филиалын ашады

295

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Мысырдың халықаралық университеті (EIU) Каир қаласында қазақстандық ЖОО-ның филиалын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл еліміздің жетекші университінің ректоры, академик Ғалым Мұтановтың жыл басындағы сапары мен Мысыр Араб Республикасының жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің басшылығымен қол жеткізген өзара келісімнің арқасында жүзеге асуда, — деп хабарлайды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі.

Филиал жаңа оқу жылынан бастап алғашқы Мысырлық студенттерді қабылдайтын болады. Кейін олар ҚазҰУ-да академиялық алмасу бойынша білім алып, тағылымдамадан өте алады, ал олардың ішіндегі ең үздіктері кейін магистратураға түсуге мүмкіндік алады.

«Біз халықаралық рейтингтерде алға жылжып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген қазақстандық жетекші университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастық жасауға аса мүдделіміз. Университет кампусы әлемдегі ең үздіктердің бірі, мұнда студенттердің тұруы мен оқуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан, APE Парламентінің депутаты, EIU өкілдері және Қазақстан Республикасындағы Мысыр Елшілігінің өкілдерінен құрылған үлкен делегация ҚазҰУ-ға филиал ашу туралы келісім жасау үшін келді. Біз бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетеміз», — деп атап өтті ҚР-дағы АРЕ Елшілігінің мәдениет және білім істері жөніндегі атташесі Ризк Ранда Махмуд ханым.

Айта кету керек, Қазақстандық жетекші университет пен Мысырлық жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік қарқынды дамуда. Биыл Каир университетінде ҚазҰУ-дың қолдауымен қазақ тілі оқытыла бастады, сондай-ақ әл-Фараби ғылыми-білім беру орталығы ашылып, белсенді жұмыс атқаруда.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *