Дания Еспаева Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелді

325

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Онда 2019 жылғы 9 маусымда өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына Дания Еспаеваны Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды.

Аталған қаулы жобасын таныстырған ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, президенттікке кандидат Дания Еспаева еліміздің 17 өңірінен өзін қолдаған144 098 адамның қолын жинаған. Тексеру нәтижесінде 139 541 расталған қол анықталған.  Сонымен қатар, ол  кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комссиясына өзінің  кірістері мен мүлкi жөнінде декларация, тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды тапсырған. Осыған орай ОСК Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Дания Еспаеваны Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады.   «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Дания Еспаева Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін; Президенттікке кандидат Дания Еспаеваға тиісті куәлік берілсін; Президенттікке кандидат Дания Еспаеваның «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелуі туралы мәліметтер берілсін; бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Дания Еспаеваның тіркелгені туралы хабарлама жариялансын», — деді ол жария еткен ОСК қаулысында. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, ол бірауыздан қабылданды.  Осыдан кейін ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Дания Еспаеваға тиісті куәлікті табыс етті. Айта кетейік, 27 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаеваның ҚР Конституциясы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдаған еді.

Дереккөз: inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *