ІІ-Дүниежүзілік қырғын: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

414

1941 жылы 22 маусымда Мәскеу уақытымен сағат 12-де, Алматы уақытымен сағат 3-те КСРО Сыртқы істер министрі В.Молотов  бүкілодақтық радиодан соғыс басталғанын хабарлады. Бұл суық хабар бүкіл дүниені дүр сілкіндірді. Дәл сол күні еліміздің түкпір-түкпірінде үлкен митингілер өтті. Кеңес халқы тұтастай Отан қорғауға жұмылды, жауға қарсы ерлікпен шайқасты.  Фашизмді жеңді. Бірақ  Жеңістің құны аса жоғары болды. Отан қорғауға аттанған қазақтардың жартысынан астамы қаза тапты. Халқымыз үшін, әрбір отбасы үшін соғыс салған жара тым ауыр. Алайда соңғы кезде соғыс  кезіндегі фактілер мен оқиғаларды бұрмалау, ерлікті елемеу, фашизмді ақтауға тырысу көріністері пайда болды.  Осыған орай соғыс тақырыбының ғылыми зерттелуі, тарихты толықтырудағы жаңа деректер, тұтқындар тағдыры,  жалпы соғыс  шындығы жайында кеңестік  Қазақстан тарихының маманы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты, профессор Қайдар АЛДАЖҰМАНОВПЕН сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазір кейбір азаматтар тарапынан «Бұл тек орыс пен немістің арасындағы соғыс, қазақ бекер қатысқан. Біз үшін ол Отан соғысы емес» деген сөздер айтылып жүр. Осы жөнінде не айтар едіңіз? Жалпы қазақстандық тарихнамада бұл соғыстың орны қандай?
– Бұл – қате түсінік. Әрине, ол Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы. Сол кездегі саяси жағдайға байланысты осылай қабылданды. КСРО кеңестік халықтардың біртұтас мемлекеті болды. Оның ішінде қазақ халқы да бар. 1939 жылы Германия Польшаны оккупациялап алды, оған дейін екі елдің сыртқы істер министрлері Риббентроп пен Молотов жасырын келісім-шартқа қол қойып, Польшаны бөліске салды. Осы кезде басталған ІІ-дүниежүзілік соғысқа Қазақстанның да қатысы бар. Себебі 1941 жылғы соғыс басталғанға дейін Қазақстанның 170 мың азаматы – қазақ, орыс, украин, татар және басқа ұлт өкілдері бар, Кеңес армиясының қатарында қызмет еткен. Одан кейін 1941 жыл мен 1945 жылдың мамыр айының аралығында әскерге шақырылғандар – 1 миллион 210 мың адам. Сонда соғысқа дейінгі 170 мыңды қосқанда барлығы 1 млн 380 мың қазақстандық азамат майданға қатысты. Мен мұны тарихи құжаттарды білгендіктен айтып отырмын. Сол 1 млн 210 мың адамның 692 мыңы тек қана 1941-дің аяғына дейін және1942 жылы, яғни бір жарым жылда әскер қатарына шақырылғандар. Бұл соғыстың ең ауыр кезеңі. Олардың барлығы дерлік Мәскеу түбіндегі шайқаста, Ленинградты қорғауда, Украина жерінде, Ростов пен Донның арасындағы шайқастарда опат болды. 692 мың! Ал соғысқа қатысқан 1 млн 380 мың адамның әрбір екіншісі соғыстан қайтқан жоқ.
– Кеңестік Қазақстан кезеңінде Ұлы Отан соғысы тарихы қалай және қаншалықты зерттелді?
– 1968 жылы мен тарих және этнология институтына келгенде «Ұлы Отан соғысы тарихы» деген бөлім болды. Сонда Қазақстанның тыл ретінде майданға көрсеткен қызметі, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет салаларының жеңіс­ке қосқан үлесі, майдандағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері, жау тылында қоршауда қалған немесе тұтқыннан қашып шыққан жауынгерлердің партизан қозға­лысындағы қимылдары зерттелді. Көптеген кітаптар шығарылды. Олар бүгінде библио­графиялық сирек басылымдарға айналды. «Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген екі томдық құжаттар жинағының өзі үлкен жұмыстың нәтижесі. Одан бөлек 1968 жылы «Кеңес Одағының қазақстандық батырлары» деген екі томдық жинақ шықты. Ол 2015 жылы толықтырылып, Жеңістің 70 жылдығына тағы 2 томдық кітап әзірленді. Мен осы жинаққа редакциялық алқа мүшесі болып қатыстым. Зерттеу жұмыстары тоқтаған емес, жүргізіліп жатыр.
– Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес әс­керінің баудай қырылуының басты себебі не?
– КСРО 1918 жылғы Брест бітіміне дейін ресейлік империяның қоластында болған батыс Белоруссия, Батыс Украина, Бессарабия, Молдавия жерлерін Риббентроп-Молотов пактісі арқылы қайтадан өзіне қосып алды. Енді осы батыстағы жаңадан құрылған шекарада қорғаныс бекіністері салынуы керек болатын. Бірақ соғыс қарсаңында олар толық салынып үлгермеді және кейбір жерде мүлде жоқ болды. Оған қоса Кеңес армиясының әскери қажеттіліктері, қару-жарақ, киім-кешек қоймалары батыс шекарасына таяу орналасқан еді. Неміс армиясы кірген кезде сол қойманың барлығын басып алды. Жалпы соғыс басталғанда Кеңес армиясының құрамында 6 млн 303 мың жауынгер болған. Сол 6 млн 303 мыңның 3 миллион 300 мыңы тікелей шекарада тұрмаса да, негізінен батыс еуропалық бөліктегі әскери бөлімдерде болатын. Ал енді жау техникасының мықты, күшінің көп болғаны белгілі. КСРО шекарасына фашистік Германия 190 дивизия шоғырландырған, оның 57 дивизиясы Германияның одақтасы Румыния, Венгрия, Италия сияқты елдердің әскері. 1941 жылдың соғыс басталған алғашқы 4 айында еуропалық бөлікте тұрған 3 млн 300 мың кеңес әскерінің 1 млн 998 мыңы тұтқынға түскен. Бұл ресми есепке алынғаны ғана. Олардың орнын толтыру негізінен шығыстағы республикалар есебінен жүргізілді. Өйткені Қиыр Шығыста Германияның одақтасы Жапония қауіп төндіріп тұрғандықтан көп әскер ұстауға мәжбүр болды. Қапқаз маңынан да әскер күшін алу мүмкін емес еді. Себебі жасыратын ештеңе жоқ, Түркия 1944 жылдың жазына дейін Германияның одақтасы ретінде кеңестік Закавказьеге басып кіруге дайын тұрды. КСРО Грузия, Батыс Әзербайжан шекарасы маңайында Закавказье округін құрды. 1941-42 жылдардағы сәтсіз шайқастарға, майдан шебінің Еділ бойына, Сталинградқа дейін жетуіне сол себеп болды. Қазақстаннан шақырылған 692 мың адам сол 1941-42 жылы майданға кеткен.
Ұлы Отан соғысы басталғанда КСРО Қорғаныс халық комиссары – маршал Семен Тимошенко, бас штабтың бастығы – бүгінгі күні Ресейде көкке көтеріп мақтайтын генерал Георгий Жуков болатын. Міне, осы екі адам 1941 жылы батыс шекарадағы қорғаныс шептерінің дұрыс ұйымдастырылмағанына, Кеңес әскерінің жойқын жеңіліске ұшырауына тікелей жауапты. Ал енді Германия мен Мәскеудің арасындағы тосқауыл болған (Кеңес мемлекеті осылай санаған) Белоруссияда Белорус әскери округі Батыс майданы болып құрылды. КСРО-ға басып кірген неміс әскерлері бір аптаның ішінде Минск қаласын алды. Батыс майданның қолбасшысы генерал Павлов бүкіл басқару аппаратынан айрылып қалды, әскер қор­шауда қалды. Жоғарыда айтылған 1 млн 998 адамның тұтқынға түсу себебі осыдан. Бүгін, міне, соғыстың осы ең қиын кезеңдеріне қатысты құжаттар табылып жатыр.
– Қазақстандық зерттеушілер үшін Ресей архивтері ашық па?
– Қазір ресейліктер соғысқа қатысты маңызды мәселелерге байланысты бұрынғы «Аса құпия» деген грифтерді алып тастады.Мен Мәскеу архивтерінде жиі боламын, бұл процеспен жақсы таныспын. Бізге қара­ғанда ресейлік архивтер көп жұмыс жүргізуде.Тіпті Сталиннің өзі қатысатын Саяси бюроның жасырын хаттамаларына дейін ашық.
– Қазақстандықтар Жеңіске қалай қызмет етті және халқымыздың майданға қосқан үлесі дұрыс зерттелді ме?
– Соғыс басталған кезде Қазақстан экономикасына тыл ретінде ерекше мән берілді. Өйткені бүкіл Белоруссия, ­Украина, одан кейін солтүстік Кавказ, Қырым оккупацияда қалды. Міне, осы жау қолына өткен жерлерде азық-түліктің 55 пайызы, өнеркәсіп өнімінің 70 пайызы өндірілген. Зауыт-фабрикалар да осы аймақта орналасты. Сондықтан 1941 жылы күзде Қазақстан мен Орал-Сібірдің ресурстарын майданға жұмылдыру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған. Сол комиссияның бір мүшесі академик Қаныш Сәтбаев болды. Міндет – майданға көмек беру үшін Қазақстандағы кен орындарын қысқа мерзімде іске қосу.
Бір ғана мысал, Ресейде Кривой Рог деген марганец шығатын кен орны болды. Марганец металл қорытқанда болатты қатайту үшін қажет, одан әскери техника, танк, ұшақ жасайды. Міне, сол марганец кен орны жау қолында қалды. Қаныш Имантайұлы геологиялық партияны басқарған кезде Жезді өңірін зерттеген ғой. Сөйтіп, жер бетіне жақын жатқан кен орнын үш айдың ішінде іске қосып, Магнитогорск, Челябинск металлургия зауыттарына шикізат берген. Осы еңбегі үшін Қ.Сәтбаевқа 1942 жылы Сталиндік сыйлық берілді.Сондай-ақ КСРО аттестациялық комитеті Ұлытау, Жезді аймағының кен орындарын зерттеу жөніндегі еңбегі үшін оған геология-минералогия ғылымдарының докторы деген атақ берді. 1943 жылы КСРО Ғылым академиясына мүше-корреспондент болып сайланады. Бұл Сәтбаев сияқты тұлғаларды мойындау. Қазақстанда 1942 жылы көктемде 2 миллион гектардан астам жерге қосымша егін себілді. Оны игеруге техника жетіс­педі, ер-азаматтар майданда. Бұл жұмысқа еңбектеген бала мен еңкейген кәрілер, әйелдер тартылды. Олар егіс даласын соқамен жыртты, қол орақпен орды. Міне, халықтың қызметі. Одан бөлек, халық өз еркімен майданға қаржылай көмек берді, жинақ банктерінде арнайы есепшот ашылды. Әйелдер алтын-күміс әшекей бұйымдарына дейін өткізген. Соғыс басталған маусым айының аяғында КСРО-ның әр түкпірінде «Қызыл армияға көмек берейік, жауды тезірек жеңейік!» деген ұрандармен қорғаныс қорын құру жөнінде патриоттық қозғалыс туды. Оны басшылық қолдады, кеңестік үгіт-насихаттың бір ерекшелігі осында. Бұл қозғалысқа Алматының жастары да көп үлес қосқан. Олар қосымша жұмыс істеп, сенбіліктер өткізіп, содан тапқан қаражатын қорға аударады. Сөйтіп, 1941 жылдың қарашасында жастар қаражатына «КВ» (Клим Ворошилов) дейтін 45 ауыр танк жасалыпты. Сол кездегі Қазақстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы Н.Ахметова Мәскеу түбіндегі Коломна қаласында «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар танк экипажын Батыс майданының өкіліне тапсырған. Әскери техника, ұшақ, пулемет жасауға жеке қаражатын бергендер де көп. Соның ең үлкені – «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасы. Одан басқа «Кеңестік Қазақстан» деген әуе эскадрильясы, «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан шахтері» сияқты танк колонналары жасалған (бұл екеуіне 475 млн сом жиналған). Кеңес одағының маршалы Якубовский 1984 жылы шыққан «Земля в огне» деген кітабында: «1945 жылы көктемде біздің танк корпусына Қазақстан жастарының қаражатына жасалған 26 танк келіп қосылды. Мұнарасында «Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова» деген жазуы бар сол 26 танк Берлинді алу операциясына қатысты» деп жазады. Міне, осындай патриоттық істер көп.
– Соғыстың дәл алдында қазақ халқы ұлы нәубет – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді бастан кешті. Кеңес өкіметіне бірден бір наразы халық болса, ол қазақтар болар еді. Сонда да соғыста «Сталин үшін алға» деп жанын берді, тылда жанқиярлықпен еңбек етті. Бұның сыры неде?
– Бүкіл Кеңес мемлекетінде осындай трагедияға ұшыраған екі республика бар – Украина мен Қазақстан. Сол кезде 40 млн халқы бар Украинада 3,5 млн адам ашаршылық құрбаны болды. Ал Қазақстанда1930 жылдары 5,5 млн халық болған, оның 2 млн 200 мыңы аштық құрбаны болды, 1 миллионы елден безіп кетті. Ашаршылық статистикасын көрсеңіз, адам шошырлық (бұл бөлек әңгіме). Аштықтан республикадан тыс жерлерге кеткендердің ішінде сталиндік бесжылдықтар бойынша салынып жатқан кәсіпорындарға жалданғандар да болды. Оларға азық-түлік карточкасы берілген, аздап жалақы төленген. Ал қазақтар неге соғысқа жанкешті­лікпен қатысып, қаһармандық көрсетті дегенге келейік. Біріншіден, соғыс бастал­ған кезде бүкіл Кеңес Одағының аумағында төтенше жағдай енгізілді. Соғыс кезінің заңы қатал. Бүкіл халық осы міндетке жұмылуға тиіс. Сол заңмен қатар больше­виктік партияның идеологиялық жұмысы өте пәрменді жүргенін айту керек. Мысалы, майданға шақырылған қазақ, өзбек, қапқаз ұлтының көбі орыс тілін білмеді. Біздің тарих институтын басқарған академик, ғалым Ақай Нүсіпбековті барша жұрт біледі. Ол Панфилов дивизиясында аға лейтенант, миномет дивизионының капитаны болды. Осындай орыс емес ұлттардың білімді адамдары саяси бөлімдерге жұмысқа тартылып, майдандағы жауынгерлер арасында идеологиялық жұмыс жүргізген.
1943 жылы 23 ақпанда «Правда» газетінде «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне үндеуі» деген бас мақала шығады. Үндеуге 2 миллионнан астам адам қол қойған. «Социалистік Қазақстан» газетінің журналисі ­Балтабек Асанов арнайы Мәскеуге жіберіліп, одақтық радиодан осы үндеуді атақты диктор ­Левитанмен қатар отырып қазақша оқиды. Оны бүкіл майдандағы жауынгерлер тыңдаған. Бұл хатқа майданда жүрген қазақтар жауап хат жазады. Міне, соғыс кезінің үгіт-насихаты осылай жүрген.
Тағы бір қасіретті дерек, соғыс кезінде Қазақстанда 1932-38 жылдардағы саяси репрессияның жалғасы бола жаздаған. 1941 жылы солтүстік облыстарда егін бітік шыққан екен. Күз жауынды болғандықтан, Қостанай өңірінде егінді толық жинап алу қиынға соғады, техника жоқ, адам жетіспейді. Сонда НКВД органдары «қазақтар әдейілеп зиянкестік жасап жатыр» деген желеумен 11 адамға қатысты қылмыстық іс қозғайды. Оны әрі қарай ұлғайтып 500 адамға жеткізеді. Оның ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үшінші хатшысы Мінайдар Салин, Жұмабай Шаяхметов, бірнеше журналист бар. Бұларға «Қазақстанда астыртын контрреволюциялық ұйым құрды, зиянкестікпен айналысты» деген айып тағылады. Бұны істеп отырған Мәс­кеуден келген НКВД-нің бөлім басшысы П.Богданов деген генерал-лейтенант.
– Оларға жаза қолданылды ма?
– 1943 жылдың басында Л.Берияның тапсырмасымен Мәскеуден арнайы комиссия келеді. Тексере келе ешқандай контрреволюциялық ұйым жоқ екені анықталып, істі қысқартады. Бірақ алғашқы 11 адамның төртеуі атылып кеткен, қалғаны сотталады. Сотталғанның ішінде жазушы Жайық Бектұров, «Социалистік Қазақстан» газетінің журналисі Аманжан Сапаров бар.
– Майдан шебінде жазалаушы отрядтар болғаны рас па? Олар немен айналысты?
– 1990 жылдары Кеңес Одағы ыдыраған тұста қауесет сөздер көп айтылды. Бұл енді кейбір идеологтардың Кеңес Одағының тарихын тұтастай теріс көрсету, соғыс кезіндегі ерлікті жоққа шығару мақсатын көздеген іс-әрекеттері. Мәселен, кез келген шекара әскери объект болып саналады. Шекара маңында адамдарды белгілі бір қашықтыққа дейін жібермейді. Соғыс кезінде фашистермен Кеңес әскерінің арасындағы майдан шебі де шекара. Өз тылына жаудың диверсанттарын жібермеу үшін арнайы тосқауыл бөлімдері болған, олар қашып бара жатқандарды міндетті түрде тоқтатады. Ал енді қашқанның бәрін атып тастады деген жалған сөз. Тәртіп батальоны армияда қазір де бар, әскери қызметкер бұйрықты орындамаса немесе қылмыс жасаса сонда жазасын өтейді.
Майданда жоғарыдан бомба түсіп, төменде мина жарылып жатса қорқыныш, әрине, болады. Оларды кінәлау да қиын. Соғыс кезіндегі армия үлкен территорияны – 500-600 шақырымды қамтиды, әрбір армияға бір рота тәртіптік отряд болған. Тәртіп бұзғандар сол бөлімге жіберіледі, офицер болса шенін алып тас­тайды, т.с.с. Соғыс кезінде заң қатал, тәртіп сақталуы тиіс. Жасыратын ештеңесі жоқ, Қазақстанда да дезертирлер болды. Бірақ олар көп емес. Мысалы, мен өткен күзде Ақтөбе облысының архивінде болдым, бүкіл облыс бойынша дезертирлікпен жауапқа 11 адам тартылған.
– Соғыстың алғашқы кезеңінде мил­лион­даған солдат тұтқынға түсті дедіңіз, «Түркістан легионына» тартылғандар сол құрамдағы қазақтар ғой?
– Иә, бұл соғыс тарихының трагедия­лы беттерінің бірі. 1941 жылы тұтқынға түскендердің ішінде қазақтар көп. Жалпы қолға түскен әр ұлттың өкілдерінен әскери легиондар құру немістерде бұрыннан бар тәжірибе. Бірінші дүниежүзілік соғыста орыс, украиндардан легиондар құрылған екен. 1939 жылы Германия Польша және басқа көрші елдерді басып алған кезде 40-тан астам легион құрған. 1941 жылы түскен тұтқындарды да ұлтына қарай бөлген. Қазақ, өзбек, түркімендерден Түркістан, чуваш сияқты ұлттардан Еділ-Орал легиондарын құрған.
Бір ерекшелігі, Германия өз территория­сында бір де бір концлагерь салмаған, бәрі негізінен Польша аумағында. Сондағы Ченстохово деген лагерьде 90 мың түркістандық адам төзгісіз жағдайда ұстал­ған. Қырылғаны қырылды, тірі қалғанының арасында үгіт-насихат жүргізіледі. Украинаның Прилуки, Ровно қалаларындағы лагерьлерде қазақ-өзбектерді легионға тартуға арналған мектептер болған. Сол лагерьде болған бір қазақтың (аты-жөнін айтпайын, ұрпақтары бар) айтуынша, тұтқындардың арасына бір күні неміс формасын киген қазақтың жігіттері келеді. «Біз сияқты легионға кіріңдер, сонда аман қаласыңдар, әйтпесе құрисыңдар» деп үгіттейді. Міне, осылай амалсыздан кірдік дейді жаңағы қазақ. 1941 жылы 16 қарашада Германияда 1-ші Түркістан полкі құрылды, кейін ол Түркістан батальоны деп аталды. Оның құрамында мың шақты қазақ, өзбек, тәжік, т.б. болған. 1942 жылы легионның саны 52-ге жетіпті. Әрбір батальонда шамамен 900-дей адам бар. 1942 жылдың күзінде немістер Керчь бұғазында, Солтүстік Кавказда,Сталинград түбінде үш Түркістан батальонын соғысқа кіргізеді. Сөйтсе түркістандықтар Кеңес жағына рота-взводымен қашып кетіп отырған. Содан бұларға сенуге болмайтынын біліп, оларды Еуропа территориясында ұстайды. Күзет, қарауыл жұмыстарын істетеді. Жасыратыны жоқ, қолына қару беріп, немістің формасын кигізіп, партизандарға қарсы жазалау ұрыстарына да салған. Біз қазір Франция, Италия, Болгария партизандарының ішінде де қазақтар болғанын анықтап, жазып жүрміз.
– Одақтастар – ағылшындар мен амери­калықтар өз тұтқындарына адамгершілікпен қарағаны айтылады. Ал КСРО тұтқынға түскен өз азаматтарын аяусыз жазалаған жалғыз мемлекет сияқты.
– 1944 жылы ақпанда КСРО Үкіметі жанынан Репатриация басқармасы құрылып, Кеңес Одағы мен одақтастар тұтқын алмасты. Сол кезде қайтарылғандардың арасында Хамза Абдуллин дейтін ақын, Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасын қазақшаға аударған, М.Жұмабаевтың шығармалар жинағын шығарған ағамыз бар. Түркістан легионында болған, Италия жерінде ұсталып ағылшындардың қолына түскен. Германияның лагері сияқты емес, бұлар дұрыс қарайды. Бірақ «елдеріңе қайт­паңдар» деп үгіттейтін көрінеді. Бұл «қырғиқабақ соғыстың» лебі есе бастаған кез. Бәрібір елге қайтқысы келеді. Алматыға жеткен соң 3 айдан кейін тұтқындалады. Мен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік архивінде Репатриация туралы құжаттарды қарап біраз нәрсе таптым. Италияның Неаполь қаласында біздің азаматтарды оннан, жиырмадан топ-топ қылып қайтарған екен. Одақтастардың қандай полкінде болғаны да көрсетілген. Ішінде Х.Абдуллин, скрипкашы Ә.Толғанбаев, Бақтыгереев деген опера әншісі бар. 1947 жылы «Түркістан легионында» болған 49 адамға сот болады, арасында қазақ, өзбек, т.б. бар. 1947 жылы КСРО-да өлім жазасы жойылған, оның орнына 25 жылға соттайды. Сонымен, үкім шығып, Х.Абдуллин, филолог ғалым Х.Тыныбеков деген азамат 25 жылға сотталады. Ол 1954 жылы Магаданда лагерьде қаза тапты. Соғысқа дейін Қазақстанның жеңіл және тамақ өнеркәсібі комиссары болған Нұрхан Сейітов те лагерьде көз жұмды.
– Соғыстың тағы қандай ащы шындығы көлеңкеде қалып отыр?
– 1941 жылы 13 қазанда КСРО Мемле­кет­тік қорғаныс комитетінің Жоғары бас командованиесі әрбір шығыс республикасы өзінің ұлттық әскери құрамасын жасақтасын деген қаулы шығарды. Сөйтіп, бізде Өскемен, Ақтөбе, Жамбыл, Ақмола қалаларында 96, 101, 105, 106-шы атты әскер дивизиялары жасақталды, әрқайсында 4300-4400 адам (негізінен қазақтар). Алматыдан 100-атқыштар бригадасы майданға аттанды. Бұлар Ржев түбіндегі сұрапыл шайқасқа қатысты. 105-қазақ атты әскер дивизиясы әскери әуе десантына қосылып, жау тылында ойран салды. 1942 жылдың қаңтарында Кеңес әскерлері Харьковтің оңтүстігінде шабуылға шығып, жаудың шебін бұзып өтеді. Сонда ұзындығы 200, көлденеңі 190 шақырым қапшық пайда болады. Майдан қолбасшысы маршал С.Тимошенко, Саяси басқарма басшысы Н.Хрущев Сталинге ұсыныс жасап, «Оңтүстіктегі Барвенково станциясынан және солтүстігінен біздің әскерлер шабуылға шықсын, сөйтіп Харьковты азат етеміз» дейді. Әскери мамандар мұндай оперативтік қапшықтан шабуыл жасауға болмайтынын, қоршауға түсіп қалу қаупі зор екенін айтса да, Тимошенко өз жоспарына кіріседі. Ақмолада жасақталған 106-шы қазақ дивизиясы тура сол кезде майданға кіреді. 1942 жылы 12 мамырда шабуыл басталды. Үш күннен кейін немістер шығыс жақтан жаңағы қапшықты жауып тастайды, үш Кеңес армиясы қоршауда қалады. Қаза тапқандардан басқа 242 мың адам тұтқынға түседі, оның ішінде 106-дивизия түгелдей. Жоғарыда айтқан Нұрхан Сейітов сонда болған. 190 шақырымға дейін ашылған майдан шебінен немістер лап қойып, Еділге, Сталинградқа жетті.
– Бұл да басшылықтың қателігі ғой.
– Дәл солай, басшылардың қатесі. Бірақ тұтқынға түскен Сейітовтер сотталды, ал оған себеп болған С.Тимошенко мен Н.Хрущев, Оңтүстік майданның басшысы генерал Р.Малиновский жауапқа тартылған жоқ. Міне, мәселе қайда.
– Ерлігі ескерусіз қалған батырларымыз көп пе?
– Әрине, бар. Архивте бұндай деректер кездеседі. Мысалы, Шығыс Қазақстанда колхоз басқармасы болған Сәрсенбеков деген азамат 1944 жылы Одер өзенінен бірінші болып өткен екен. Қаза тапқан соң Батыр атағына ұсынылған, бірақ Ленин орденін береді. Панфилов дивизиясында мерген болған Тілеуғали Әбдібеков 398 немістің көзін жойған. Бұндай көрсеткіш ол кезде басқа ешбір жауынгерде жоқ. 1944 жылы Великие Лукиде қаза табады. Оған да Батыр атағы емес, Ленин ордені берілген. Жеке заттары, хаттары, мергендік есеп кітапшасы КСРО ҒА қазақ филиалының төрағасы Қ.Сәтбаевқа жіберіледі. Бұл құжаттар институт архивінде сақтаулы. Осындай әділетсіздіктер болған.
– Қазақстандықтар қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы толық жазылып бітті ме?
– Жазылып біткен жоқ. Мысалы, осыдан біраз уақыт бұрын интернетте 1944 жылы май айында Гурьев облысына парашютпен 16 адам түскені туралы мақала жарияланды. Диверсанттар ғой. Соның ішінде Әлихан Ағаев деген бүркеншік аты бар азамат болады. Соғыста тұтқынға түскен, немістерге қызмет еткен. Диверсанттардың қару-жарағы, оқ-дәрісі, тіпті үгіт-насихатқа арналған шағын баспаханасы да болған. Мұны айтып отырғаным, бірер жыл бұрын Мәскеу архивінде «Сталиннің құпия папкасы» деген құжаттар қолыма тиді. Фотопластинкалар. Бір апта бойы таңертеңнен кешке дейін отырып таныстым. Сөйтсек, бүкіл Кеңес Одағында әрбір тәулік сайын қандай төтенше оқиға болды, солардың ең маңыздыларын Сталинге папкаға салып береді екен. Соның ішінде Гурьевке екі бөліп тасталған диверсанттар туралы жазба бар. Жалғыз Гурьев емес, сол мезгілде қарашай-балқар, қалмақтарға да диверсиялық отрядтар түсіпті. Бұл 1944 жыл, немістердің ойсырай жеңіліп жатқан кезі. Мыналар тылда берекесіздік туғызса, көтеріліс жасаса деген мақсат қой. Мәселен, әлгі Әлихан Ағаевқа Гурьев, Қандығашта мұнай құбырын, Орскіде теміржол торабын бүлдіру, диверсия жасау тапсырылған. Бірақ тапсырма орындалған жоқ, көпшілігі түсе салып өз еркімен берілді. Ақырына дейін алысқаны да болды. Қазір енді осындай оқиғаларды әсірелеп жазу, бұрмалаушылық көп. Бұл керегі жоқ, артық нәрсе.
– Соғыстың бүкіл шындығы қашан айтылады?
– Шындық айтылып жатыр. Бірақ ең алдымен толық зерттелуі керек. Мәселен, соғыс кезінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесі енгізілді. Қала, аудан орталықтарында, жұмысшы поселкесінде істейтіндерге карточкалар берілді. Ал ­ауылда тұратындарға берілмеді, өйткені олардың малы, жеке учаскесі бар делінді. Шынтуайтында, ауыл халқы соғыс кезінде тым тапшылықта өмір сүрген. Сондай-ақ Қазақстаннан «Еңбек армиясына» 700 мың адам қатысты, соның жартысы қазақтар. Сол республикадан тыс жерде еңбек еткен бауырларымыздың көбісінің құжаты болмаған, із-түзсіз өмірден өтті де кетті. Осы мәселеде де біржақтылық басым. Міне, соғыстың осындай түйткілдерін толық ашатын дәйекті зерттеулер жүргізілуі керек.
– Қазақстан тарихы – әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі. Сондықтан «Ұлы Отан соғысы емес, Екінші дүниежүзілік соғыс деп атау керек» деген пікірге қалай қарайсыз?
– Жоғарыда айтылғандай, 1939 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақстандықтар Кеңес әскерінің құрамында Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Бессарабияны қосуға, Қиыр Шығыста Хасан көліндегі, Халхин-Голдегі соғысқа қатынасты. Бірақ еліміз сол кезде көп ұлтты Кеңес мемлекетінің құрамында болғандықтан 1941-45 жылғы Ұлы Отан соғы­сы деп келдік. Енді Қазақстан – тәуел­сіз мемлекет, сондықтан «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атауға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *