ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАНТАҒЫ

1388

Жергілікті жер-су, тау аттары сол өлкені мекен еткен халықтардың тілімен, тарихымен тығыз байланыста болатыны анық. Сондықтан жергілікті атаулар тарихшы мен археологтар үшін сол өлкенің өткенін тануда маңызды дерек көзі болып табылады. Осыған орай Хантағының  атауына назар салайық. Түркістан облысы Кентау қаласы аумағына қарасты аймақта Хантағы елді мекені, өзен, тау атауы бар. Ресей империясы кезінде бұдан да кең аймақ Хантағы болыстығы деп аталыпты. Кеңестік кезеңде салынған жаңа қала да Хантағы аталуы тиіс еді. Белгілі себептермен оған Кентау деген ат бұйырды.

Хантағы атауын түсіну үшін ел аузында сақталған аңызға назар салайық. Бірінші нұсқасы: «Ертеректе қоластындағы халықтың мұң-мұқтажымен санаспаған, қатыгез, мейірімсіз хан өмір сүріпті. Елдің жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлетін ешкім болмаған соң, жұрт аштыққа ұшырап, адамдардың арасында жұқпалы ауру тарапты. Осы кезде әміршінің құлағына: «Ойбай, хан аулына қара құрт қаптап келеді!» деген хабар жетеді. Бұл тажалдан құтылу үшін қаһарлы хан биік жотадан өзіне арнап тездетіп тақ салуға бұйрық береді. Тақ әзір болған кезде хан сонда ауысып алады да, төменге күзет қояды. Ханға ең сенімді жалғыз даяшыдан басқа ешкім қатынамайтын болады. Сөйтіп, келе жатқан пәледен құтылудың амалын таптым деп ойлаған хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі. Өкінішке қарай, көп ұзамай әлгі тамақ әзірлеуші даяшының бөркіне жабысып келген қара құрт ханды шағып өлтіріпті… Бұқарадан бөлініп, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы осылай жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жер кейін «хантағы» аталып кетсе керек».
Аңыздың осы нұсқасы кеңестік дәуірдің хандарды, билеушілерді жамандау кезеңінен өткен сияқты. Түсініксіз жайт көп. Онда хан тек тақ үстінде өмір сүрсе, мұнда «хан емін-еркін өмір сүруге кіріседі» деп айтады. Ол тек даяшыдан тамақ алады. Осылай емін-еркін өмір сүруге бола ма? Аңызда хан тақ салуды бұйырады. Ортағасырлық дәуірде тақ орындық үлгісінде болған. Оны салмай-ақ, бұрынғысын көтеріп әкеліп қоя салуға болады ғой. Осы аңызда «тақ» сөзі хан отыратын орындық дегенді білдірмейтін сияқты.
Хантағы аңызының екінші нұсқасы төмендегідей: «Елді билеген ханға балгер бал ашып, өлімі қарақұрттан болатынын айтып, болашағын болжаған көрінеді. Дәл осы жылдары елде қарақұрт көбейіп мал да, адам да оның улы тісінен өлім құшқан. Өлімнен қатты қорыққан хан жасағын сайлап керуен түзеп тау жағасын саялап, қарақұрттан қашып Қаратау етегін жайлай қоныс тебеді. Қарауыл жасақтары күндіз-түні көз ілместен ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қориды. Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да мезін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, жиын ұйымдастыру мақсатында сыртқа шығып өз тағына келеді. Хан тағына отыра берген заматта жел айдап әкелген қарақұрттың баласы ханды шағып, уын тарата бастайды. Талай шаңырақты жоқтап, ханның отбасының бәрін жалмап бітіп, жер жаһанды қанға бөктірген қарақұрт тұзағының өзіне де келгенін білген ханның соңғы сөзі: «Қантағы…», яғни тағы да қан деген екі-ақ ауыз болса керек… Содан бері бұл тау қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетсе керек. Кейбір деректерде сол ханның тағы деген атау қойылған деп болжайды».
Аңыздың осы нұсқасында біраз мәлімет айтылады. Онда «керуен түзеп тау жағасын саялап, қарақұрттан қашып Қаратау етегін жайлай қоныс тебеді». Ары қарай байқасақ ол жерде «сарайдың» бары байқалады: «Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, жиын ұйымдастыру мақсатында сыртқа шығып өз тағына келеді». Бірінші аңыз нұсқасында «тақ салу» деген тіркес бар, екіншіде – тікелей «сарай» сөзі аталады. Осы құрылысқа тән белгілерге қарап Хантағы деп хан ордасын, хан тұрағын атауы мүмкін деген болжам айта аламыз.
Хантағы сөзінің түп төркінін тануда қазақ тілінде пайтақ деген сөз барына назар аударайық. 1983 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» кітабының 7 томында «пайтақ» деген сөз бар және оны «ежелгі шығыс халықтарының астанасы, орталық» деп түсіндіреді. «Хорезм шаһы Мұхаммет пайтағын тастап қашыпты» деген сөз бар немесе «Әлімбайдың топтары Алтыншәрдің бір кезде пайтағы болған Жаркент барып көріп, онда да сауда істеуге керек болады» деп мысал келтіреді. 1977 жылы Алматыда басылған І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» «байтақ ел» деген тіркеске «Байтақ» ертеде «жұрт, ел» сөзі орнына да жүрген» деп түсініктеме жазылып, анықтама беріліпті. Яғни Хантағы сөзі хан жұрты, елі, ордасы, тұрағы дегенді білдірсе керек.
Хантағы атауының екі сөзден құралғанын байқау қиын емес. Бірінші бөлігі көпшілікке түсінікті. Еліміздегі жер атауларын зерттеген Е.Қойшыбаевтың 1974 жылы басылған «Қазақстанның топонимдерінің қысқа сөздігінде» Хантағы топонимы – «ханская гора» – «хан тауы» деп түсіндіріледі. Осы орайда Қазақстан жерінде Ханқорық, Ханжолы, Хантау, Ханқорған деген атаулар кездесетіні еске түседі. Қытайда Ханбалық деп, яғни хан қаласы деп қазіргі Пекинді атаған.

Оғыз тайпаларының бірі хандаг деп аталғаны назар аударарлық. ХІІ ғасырдың ортасында Абу Абдуллах Мухаммед ибн Мухаммед ал-Идриси жазған географиялық еңбегінде Руза өзеннің жағасындағы таулардың бір шыңында Хийам хандаг атты оғыз тайпасының орталығы, бас қаласы бар деп жазылыпты. Ол Руза өзенінен солтүстікке қарай тік жартаста орналасыпты.
Хантағы аймағында бірнеше бекіністер, тас қамалдар табылған. Қазақстанның атақты археологы, тарих ғылымының докторы К.Ақышев 1967-1989 жылдары оңтүстікқазақстандық ке­шенді археологиялық экспеди­циясы­ның жұмыстарын қорыта отырып, Қаратау аймағында табылған бір топ археологиялық ескерткіштерге назар аударған болатын. Нақты біз қарастырып отырған аймақтың ескерткіштерін атай отырып, Қызылсай /Қызылата/ өзені аңғарына қатысты «имеются остатки раннесредневекового города (типа тобе с площадкой), названного нами – «городище Кантаг» (VІ-VІІІ вв.), руины позднесредневекового города – «городище Кентау» (ХV-ХVІІ вв.) деген мәлімет келтіреді. Сонымен қатар Қызылсай (Қызыл ата) өзені бойындағы Қырыққыз бен Балақорған тас қамалдарын сипаттайды. Қырыққыз қамалында Х-ХІІ ғасырларға жататын керамика кездескен. 1981 жылы жасалған Кентау атты картада /1952-55 жылдарғы топографиялық түсірілім бойынша/ Хантағы елді мекен орнынан жоғарырақ жерде Хантағы өзені бойында Қызқорған деген жер белгіленіпті.
Профессор М.Елеуов басқарған экспедиция Хантағы ауылы қасынан VIII-XII ғасырларға жататын төрткүл іспетті елді мекенді зерттеді. Қамал орны Хантағы өзені бойында болған. XIV-XVI ғасырларға мерзімделген Хантағы өзенінің сол жағасындағы биік төбенің үстінде орналасқан Қыз қамал бекінісі бар. Оны 2005 жылы ХҚТУ ТАЭ жетекшісі М.Елеуов басқарған экспедиция ашып, зерттеген. Бекіністің тастан қалаған, ені екі метр, биіктігі жарты метр қорғаны бар. Аталған қамалдардың бірі Түркістанда билік құрған хандардың жазғы ордасы болуы әбден мүмкін. Тас қамалдарды археологиялық тұрғыдан зерттеп, қалпына келтіріп, туристік нысан етуді ойластыру қажет.
Қазіргі туристер тамашалайтын Хантағы деп Қаратау табиғи қорық аймағында орналасқан аса көрікті жерді атайды. Бұл Түркістан айналасындағы белгілі туристік нысанның бірі. Хантағы соқпағы теңіз деңгейінен 797 метр биіктікте орналасқан. Шың басына айналма жолмен жаяу көтерілгендер биіктен төменде жатқан жота мен қырларды, арасында ағып жатқан өзеншені, жайқалған тал мен көкті көріп тамаша әсер алады. Қазір Хантағының басында цементтен жасалған еуропалық үлгідегі кресло іспетті «хан тағы» тұр. Осы «таққа» отырып суретке түсетіндер көп. Бұл жерге тарихи деректерде сипатталған қазақ ханы тағының реконструкцияланған моделі қойылса ғой. Парсы тіліндегі «Алам-арайи Шах Исмаил» атты шығарма бойынша Қасым ханның тағы таза алтыннан құйылып төрт бұрышында арыстан, леопард, жолбарыс, айдаһар бейнелері сомдалған екен. Осылай біз туристерге сыры терең тарихымызды да танытар едік.

Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымының докторы,
Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *