Сайлау кампаниясына қанша қаржы жұмсалады?

295

11 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы президентіне үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Алдағы Президент сайлауында 7 үміткер қатыспақ.

Үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихаты қалай қаржыландырылады? Орталық сайлау комиссиясының бекіткен Ережесі бойынша, үміткерлерді қаржыландырудың қағидасы төмендегідей:

  1. Үміткерлердің жеке қорынан, саяси партиялардың қаржыландыруымен;
  2. Үміткерді ұсынған қоғамдық қордың қаржыландыруымен;
  3. Азаматтар мен ұйымдардың қайырымдылық мақсатта бөлген қаржылары арқылы.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлау қорына аударылатын қайырымдылық мақсаттағы қаржының 637 миллион 500 мың теңгеден (1,6 миллион доллар) аспауы қажеттігін ескертті.

Қазақстан президенттігінен үмітті 7 кандидат да арнайы уақытша есеп-шоттарын ашты.

Қаулы бойынша Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер әрбір кандидатқа жұмсалатын қаржы – 7 331 200  теңге (1,9 миллион доллар көлемінде). Қазақстанның кезектен тыс президент сайлауына Қазақстан Үкіметінің қорынан 9,4 миллиард теңге бөлінетіндігі мәлім. Бұл қаржы Қазақстанның түкпір-түкпірінде ондаған сайлау учаскесін ашып, 70 мыңға жуық адамды жұмысқа тарту үшін жұмсалмақ.

Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткерлер тізімі:

Қазіргі Президент – Қасым-Жомарт Тоқаев, «Нұр Отан» партиясының атынан;

«Ұлы дала» қырандары қоғамдық қоры атынан Сәдібек Түгел;

Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;

«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;

«Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рахимбеков;

Қазақстанның халықтық Коммунистік партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;

«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов.

Қазақстан Президентіне кезектен тыс сайлау 2019 жылы Маусымның 9-ында өтеді деп жоспарланған.

Есен Байнұр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *