Аққу атқандар анықталды

296

Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданында Қызыл кітапқа енген екі сұңқылдақ аққуды және сегіз қазды атқан күдіктілер ұсталды.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның қорықшысы полицияға Ломоносов ауылында мылтық дауысын естігенін айтқан. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары қорықшылармен бірге аталған аумаққа рейд ұйымдастырады. Биесойған көлінің жағасында «Nissan Patrol» автокөлігін тапқан олар, суда қайықтағы адамдарды байқаған. Полицейлердің моторлы қайығы өте алмасын білген күдіктілер қамыс арасына жасырынды. «Шығатын жолдарды бөгеп, оларды жан-жақтан қоршауға алдық. Күдіктілердің шыдамы таусылып, қас қарайған кезде жағаға шығуға мәжбүр болды. Алайда олар өздерінің браконьерлікке түк қатысы жоқ екенін айтып ақталды», — дейді полицейлер.

Браконьерлер жағаға шыққанша полицейлер атылған құстарды — 8 қазды және Қызыл кітапқа енгізілген 2 сұңқылдақ аққуды су ішінен алып шыққан. Сондай-ақ, оқиға болған жерден автокөлік, ағаш қайық, 12-ші калибрлі екі мылтық пен оқ-дәрі тәркіленді. «Заңсыз аңшылық жасады деген күдікпен Қостанай облысының бес тұрғыны ұсталды. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асты. Аталған факті ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», — дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. Мамандардың айтуынша, 16 ақпан мен 14 маусым аралығында ел аумағында құстарды атуға тыйым салынған.

Дереккөз: inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *