Ауыл – қазақ социуымына күш-қуат беріп тұратын байтақ өлке

336

«Қазақ мектептерінде 2 миллион бала оқиды, орыс мектептеріндегі оқушының саны 600 мың» деген дерек бар. Алдыңғысы жыл сайын үдемелі түрде өсіп келеді, кейінгісі кері кетіп барады. Парадокс. Тұтас билік, заң орындары, бизнес, қала берді Қазақстанда өмір сүруге комфортты орта түгелімен орыс тілінде сөйлеп, көрші елдің мемлекеттік тілін сақтап қалуға тырысқанымен, «қара қазақ» «қара сирағын» жетектеп апарып қазақ мектептеріне беріп жатыр. Әншейінде «анау» дейміз, «мынау» дейміз ғой, бірақ, осы біздің елдің осындай бір елдігі бар. Іштей сүйсінесің. Тәуба!
Қалалық атанып, қаланың тас жолын екінші әлде үшінші ұрпақ ретінде таптап жүрген азаматтарды білемін, балаларын қазақ мектептеріне берген. Солар айтады: «Баламның қазақ мектебін бітіргені жақсы болды, шетелдік компанияларға жұмысқа тұрып кетті» деп. Сөйтсек, елімізде жұмыс жасап жатқан инвесторларға алдымен керегі – қазақ және ағылшын тілін білетін жастар екен. Айтып-айтпай не керек, талпынған жасқа бүгінгі күнде мүмкіндік көп қой. Өзіміз ауылда өстік, ауыл мектебін бітірдік. Алдымен М. Мәметова атындағы сегіз жылдықта, сосын Ю. Гагариннің есім сойы берілген орта мектепте оқыдық. Қалаға келгенде, ҚазМУ-ге оқуға түскенде курстас, группаластардың ішіндегі «ең білімсізі өзім болармын» деп ойлағам. Жо-оқ, олай емес екен, біз де елден «қара танып, қатарға қосылып» келіппіз.
Қазір де ауыл мектептерінен өңкей өрен шығып жатыр. Өйткені ауыл – қазақ социуымына үнемі жаңа серпін, күш-қуат беріп тұратын байтақ өлке. Кейде пессимистік көңіл күй ауанымен, «ауыл тозды», «ауыл өмірі аяқталды», «ауылдың ақыры урбанизациямен бітеді» десек те, ауыл – сарқылмайтын рухани қайнар бұлақ. Солай екен деп, ауылдың мойнына ажырық артып қойып қарап отыруға болмайды. Ауылды үнемі түлетіп, түрлендіріп, серпілтіп тұру керек. Ал ол ауыл мектебінің материалдық базасын күшейтіп, сапасын арттырудан басталатыны даусыз. Білімнің алауына алақанын жылтқан бала ертең білім мен ғылымның айдынына құлаш ұрады. Ұмытпайық, қалалар мен жоғары оқу орындарына, ғылми орталықтыр мен спорт сарайларына, мәдениет ошақтарына есімдері берілген тұлғалардың бәрі кеше даладан, ауылдан келген болатын.

Дәурен Қуаттың фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *