Алматыда Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастық форумы өтуде

585

Алматыда Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастығының II форумы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. Форум тақырыбы — «Өнеркәсіптік кооперация». Мақсаты — өнеркәсіптік кооперация, инвестицияларды тарту және Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыру бағытындағы Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық және шекарамаңы ынтымақтастығын дамыту. «Іскерлік байланыстарды дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды, қытайлық бизнес өкілдеріне визалық рәсімдер жеңілдетілді. Ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін өнеркәсіптік кооперацияны белсенді дамыту қажет деп санаймын. Бүгінгі таңда біз ынтымақтастығымыздың жемісін көріп отырмыз. ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісім аясында 27 млрд долларға 55 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде өткен үш жылда 12 жоба жүзеге асырылды», — деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Ол сондай-ақ, соңғы үш жылда Қазақстанға 300 мыңнан астам қытай турисі келгенін, өз кезегінде Қытайға Қазақстаннан 500 мыңнан астам турист барғанын атап өтті. Қытай тарапынан форумға ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Хань Чжэнао қатысуда. Форум Қазақстан мен Қытай өңірлерінде байланыс орнатуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Форум аясында индустрияландыру және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларын жетілдіруге арналған 3 панельдік сессия өтеді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *