Astana Art Show халықаралық заманауи өнер фестивалі өтеді

926

Қалада Astana Art Show халықаралық заманауи өнер фестивалі өтеді, — деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада қала әкімі Бақыт Сұлтанов 2 маусым мен 10 тамыз аралығында өтетін халықаралық Astana Art Show заманауи өнер фестивалінің арт-директоры және жетекшісі Жером Санспен кездесті. Бақыт Сұлтанов заманауи суретшілер форумын өткізуге жан-жақты көмек көрсететінін айтты. Көрме екі алаңда – Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайларында өтеді. Ол 15 елдің 40-қа жуық суретшілерінің басын қосады. Көрмені Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен TSE Art Destination заманауи өнер галереясы бірлесіп ұйымдастырады. Қазіргі заманғы өнер фестивалі аясында «Бірінші байланыс» жастар көрмесі мен халықаралық Racing the Galaxy көрмесі өтеді. «Бұл жоба екінші жыл жұмыс істеуде. Біздің басты мақсатымыз – қазіргі заманғы өнер көрсететін дарынды суретшілерді бір алаңда жинау. Astana art show-2019 барлық суретшілерге тән номадизм мен еркіндік рухын паш етеді», – деді Artios және TSE Art Destination негізін қалаушы Дина Байтасова. «Бірінші байланыс» жастар көрмесінде (2 маусымда басталып, 10 тамызға дейін жалғасады) қазақстандық 22 жас суретшінің жұмыстары ұсынылады. Халықаралық Racing the Galaxy көрмесінде танымал қазақстандық және шетелдік суретшілердің жұмыстарын көруге болады. Racing the Galaxy көрмесі 4 шілдеде ашылып, 10 тамызға дейін жұмыс істейді. Көрме аяқталғаннан кейін жұмыстардың басым бөлігі мұражайларға берілсе, ал арт-инсталляциялар мен мүсіндер қала көшелерінде орналастырылатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *