Халық банк 2019 жылғы 1 тоқсанындағы қызметінің нәтижелерін жариялады

1763

Қазақстандағы ең ірі әмбебап қаржылық құрылым – «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамы және оның еншілес ұйымдары 2019 жылғы 1 тоқсанындағы қызметінің нәтижелерін жариялап, баспасөз мәслихатын өткізді. Іс-шараға Қазақстан Халық банкінің Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, Қазақстан Халық банкі Басқарма төрайымының орынбасарлары Ертай Салимов және Мұрат Көшенов қатысты.

Өткен жылы Qazkom-мен бірігу жобасын сәтті аяқтаған Halyk тобы бүгінде тұрақты даму жолында серпінді жұмыстар атқаруда. Банк қызметі бұрынғысынша елімізде және және басқа да бірқатар елдерде халықаралық стандарттар деңгейінде қызметтер көрсету арқылы клиенттер мен акционерлер қаржысының сақталуын, тиімді орналастырылуы мен көбеюін қамтамасыз етуді көздейді.

Қазақстан Халық банкінің Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова: «Qazkom-мен бірігудің синергиясы өз нәтижелерін 2019 жылғы 1 тоқсанда-ақ көрсетті: филиалдар желісін оңтайландыру есебінен операциялық шығыстарды қысқартуға, ссудалық қоржынның сапасын арттыруға бағытталған белсенді жұмыстар провизияларды құруға кететін шығындарды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. БТА банктен қалған халықаралық облигациялар шығарылымының бөлігін мерзімінен бұрын өтегеннен кейін қорландыруды арзандатуға қол жеткіздік. Мұның өзі банк секторында депозиттік базаның жалпы төмендеуі аясында аса өзекті болды. 2018 жылғы табысты жұмыстың нәтижелері бойынша дивидендтердің теңдессіз мөлшерін төлегеннен кейін де Банкті капиталдандыру саласында ең жоғары болып тұр – 20% дәрежесінде. Басқа көрсеткіштері бойынша да– активтердің көлемі, депозиттер мен ссудалық қоржынның мөлшері, сондай-ақ таза пайдасы бойынша Halyk Қазақстан нарығында көшбасшы. Мұның барлығы бізге болашақта мықты міндеттерді жүктейді. Біз банктің технологиялық дамуына белсенді инвестиция салуға, жылдам және ыңғайлы сервистерді құруға, сондай-ақ көрші нарықта қатысуымызды кеңейтуге ниеттіміз. Қазірдің өзінде сатылымдар және клиенттерге қызмет көрсету жүйесінде айтарлықтай өзгерістерді қолға алдық. Бүгінгі күнгі біздің басты мақсатымыз — елдің ең ыңғайлы, қарапайым және мейірбанды қаржы институты болу және біз бұған біртіндеп жетуді көздеп отырмыз»,- деді.

Halyk тобының таза кірісі 2019 жылғы 1 тоқсанда 74,5 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылғы осы кезеңнің нәтижесінен (62,1 млрд теңгеге) 20,1%-ға жоғары. Бұл өсімге операциялық шығыстардың төмендеуі мен таза пайыздық кірістің жоғары деңгейі негізгі себеп болды. Топтың таза пайыздық кірісі (кредиттік зияндар бойынша шығыстарға дейін) 2018 жылғы 1 тоқсанмен салыстырғанда, пайыздық активтердің орташа қалдықтары өсуі есебінен ұлғайды.

Басқарма төрайымының айтуынша, 2019 жылғы 1 тоқсандағы таза пайыздық маржа таза пайыздық кірістің өсуі нәтижесінде өткен жылдың осындай кезеңіндегі жылдығы 4,4%-дан жылдығы 5,0%-ға дейін өсті. 2018 жылғы 4 тоқсанмен салыстырғанда, таза пайыздық маржа 2019 жылғы 1 наурызда мерзімінен бұрын өтеуге, сондай-ақ клиенттерге берілетін қарыздар бойынша орташа мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты Банктің еурооблигациялары бойынша дисконтты 7,4 млрд теңге мөлшерінде жеделдетілген амортизациялау нәтижесінде 5,6%-дан төмендеді.

Активтер негізінен Банк клиенттерінің 2019 жылғы 1 тоқсанда қаражатты ішінара алу салдары ретінде 2018 жылдың аяғымен салыстырғанда, 1,1%-ға төмендеді.

Банктің NPL 90+ коэффициенті 2018 жылдың аяғындағы 8,2%-дан 9,1%-ға дейін өсті. Коэффициенттің ұлғаюы негізінен корпоративтік заемшылардың бұрын құнсызданған кейбір кредиттерінің мерзімі кешіктірілген берешегі пайда болуы нәтижесінде орын алды.

Заңды және жеке тұлғалардың қаражаты 2018 жылмен салыстырғанда, негізінен Банк клиенттері ағымдағы қажеттіліктерін қаржыландыру үшін жинақтарын ішінара алуынан сәйкесінше 0,9% және 3,4%-ға қысқарды. 2019 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша теңгемен номинацияланған корпоративтік депозиттердің депозиттердің жалпы сомасындағы үлесі 2018 жылғы 31 желтоқсандағы 48,3%-бен салыстырғанда, 50,3%-ға дейін өсті, сонымен қатар теңгемен номинацияланған бөлшек депозиттердің депозиттердің жалпы сомасындағы үлесі 2018 жылдың аяғындағы 41,0%-дан 42,6%-ға дейін өсті.

2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк 280 мыңнан астам ШОБ клиенттеріне қызмет көрсетті, оның ішінде 7485 заемшыға 23 337 несие берілді. ШОБ несие портфелі жыл соңында 494 млрд теңгеге қарағанда 478 млрд теңгені құрады, бұл маусымдық фактормен байланысты. Бизнесті қаржыландыру тұрғысынан Банк Қазақстан нарығының шамамен 39%-ын құрайды.

Банктің төлем терминалдары арқылы жүргізілген операциялардың жалпы саны 2019 жылғы 1 тоқсанның қорытындылары бойынша 4,4 млн құрады, бұл 2018 жылмен (2,7 млн операция) салыстырғанда 60%-ға артқан.

Банк зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға қызмет көрсету бойынша көшбасшылықты сақтап келеді (2,5 млн адам немесе республика бойынша барлық төлемдердің жалпы көлемінің 70,5%-ы және 67,9%-ы).

Сондай-ақ, жиында банктің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы, бөлшек депозиттер нарығы, сақтандыру жүйесі, халықтың қаржылық сауаттылығы және басқа мәселелер жайында сөз қозғалды. Ең бастысы, Халық банк өз клиенттерінің сұраныстарын ескере отырып, ең тиімді шешімдер қабылдау арқылы кәсіптік қызметтің жоғары сапасын қамтамасыз етуге ұмтыла беретін болады.

Дина Имамбаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *