СОЛТҮСТІКТІ ИГЕРУ…

690

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ 
«Ана тілі»

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде оңтүстіктен көшіп келетін азаматтарға арналған үш мың коттедж салынатынын хабарлады. Аталған баспаналар инфрақұрылымы дамыған 150 елді мекенде бой көтермек.
«Көшіп келушілерге бірнеше талап қоямыз. Әр отбасында 3-4 бала болу қажет. Дәрігер, агроном, тракторшы, комбайншы секілді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Балаларға мектеп пен балабақша дайын. Егер осы талаптарға сай болса, бұл отбасыға су жаңа коттедждің кілтін табыс етеміз» деді аймақ басшысы.

Әр келген адамға демеу қаржы да қарастырылған екен. Айталық 5 адамнан тұратын отбасыға 450 мың теңге төленбек. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлердің үш мыңнан астам азаматы, 700 отбасы көшіп келіп, әлеуметтік қолдауларға ие болған. Қазір олар ауылшаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемісті еңбек етіп, кәсібін дөңгелетуде. Биыл да кемі 1,5 мың адамға жоспар түзілген.
Шыны керек, мұндай жағымды жаңалықты естіп қуанып қалдық. Себебі мемлекеттік саясаттағы ­басты басымдықтың бірі – шекаралы өңірлерді дамыту, әлеуметтік жақтан қолдау, көші-қон мәселесін реттеу. Тұрғындар саны аз болған жерде іс алға баспайды. Жұмыс қолының тапшылығы сезіледі. Қай заманда да адамның еңбек күші, нақты ­мамандар әлеумет­тік-экономикалық салалардың өркен­деуіне, кеңінен қанат жаюы­на тікелей әсер ететіні белгілі. Мемлекеттік деңгейде тиімділігі жоғары бағдарламалар қабылдан­ғанымен, оларды жүзеге асыратын маман-кадрлар болмаса, дамудың тежелетіні айтпаса да түсінікті.
Шекараға жақын аймақтарға халықтың көптеп қоныстануы – ел іргесін бүтін әрі берік ете түсудің бірден-бір жолы. Тәуелсіздік жылдарында түрлі дәрежедегі экономикалық қиындықтарды еңсеруге баса көңіл бөлінгенмен, өңірлерді, ауыл-ай­мақтарды өр­кендетуге тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келгені ақиқат. Соның салдарынан халықтың басым көпшілігі орталықтарға бет түзеді. Оңтайландыру мақсатымен аудандар біріктірілді. Бала санының аздығынан орта мектептер жабылды. Бір сөзбен айтқанда, шекаралық аймақтардың тұрғынсыз қалуы оның әлеуетін айтарлықтай төмендетіп жіберді.
Ал оңтүстік өңірлерде тиі­сінше халықтың көптеп шоғыр­ла­натыны белгілі. Табиғаты өмір сүруге барынша қолайлы болған соң мұндай үрдіс әлем елдерінде де бар. Әйтсе де, бұл аймақтағы негізгі түйткілдің бірі – жұмыссыздық мәселесі. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қарасы мол. Себеп түсінікті: еңбек нарығында сұраныс аз.

Түркістан облысының аудан­дарын­­дағы халық санына зер салатын болсақ, солтүстіктегі аудандармен салыстырғанда ел-жұрт әлдеқайда тығыз орналасқанын байқаймыз. Мәселен, Түлкібас ауданында – 100,6 мың адам, Шардара ауданында – 76,8, Ордабасыда – 107,9, Мақтаралыда – 291,1, Сарыағаш ауданында – 287,2 мың. Демографиялық болжам бойын­ша, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі тіпті күрделене түсуі мүмкін. Облыстағы экономикалық тұрғыда белсенді халықтың ішінде 62,7 мың адам жұмыссыздар қатарында. Кері­сінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен түйткілге айналу қаупі басым.
Осыдан біраз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бұл мәселені шешуге ерекше көңіл бөліп, еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тарту жайын күн тәртібіне қойған болатын. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына бұл жөнінде арнайы тармақ та енгізілді. Ондағы мақсат – жұмыссыздығы басым оңтүстiк тұрғындарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге көшіріп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру. Арнайы бағдарламалар бекітілген соң солтүстік пен оңтүстік облыстары арасында алтын көпір орнады десе де болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2018 жылы аймақтық квота бойынша оңтүстіктен солтүстікке 1858 отбасы (6766 адам) қоныс аударыпты. Олардың 31 пайызы – Павлодар, 27-сі – Шығыс Қазақстан, 22-сі – Солтүстік Қазақстан, 16-сы – Қостанай облыстарына барған. Солтүстікке көшкендердің 36 пайызы – Түркістан, 28-і – Алматы, 15-і – Жамбыл, 13,5 пайызы – Қызылорда өңірлерінен келген. Солтүстікке көшкен отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге субсидия берілген. Баспана жалдау және коммуналдық қызмет түрлерінің шығынын өтеуге 12 ай бойы 39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін қаржылай көмек қарастырылған.
Әрине, қоныс аударатындарға оңайға түспесі анық. Өйткені жаңа жерге бой үйрету деген бар. Бірақ ел іргесінің бүтіндігі үшін намысты қайрап, жігерді жану керек! Еліміздің кез келген пұшпағы әр қазаққа жат болмауы тиіс. Қазіргі таңда Ресей мен Қытайдың өзі шекаралық аймақтарға ерекше ден қойып, қоныс аударған азаматтарға жәрдемдесуде. Неге? Өйткені олар да елдің бүтіндігін, қауіпсіздігін ойлайды.
Біздің мемлекетіміз үшін де бұл – стратегиялық мәселе. Осыған жергілікті жерлердегі атқамінер азаматтар білек сыбана кірісіп, көшіп келушілерге тиісті көмекті кешіктірмей алуға қолқабыс етсе дейсің. Өйткені әкімдер тарапынан берілген уәделердің орындалмай жататынын күнделікті жаңалықтардан естіп қаламыз. Маңызды міндетті оңтайлы шешудің бар­­лық алғышарттарын дер кезінде жасап, шикілікке, самарқаулыққа жол беруге болмайды.
Мұндай шалағайлықты дер кезінде аңғара білген Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман баспасөз бетінде өз пікірін былай деп ортаға салған болатын: «Бұл мемлекеттік тұрғыдан алғанда аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай емес. Былтыр Үкімет қаулысымен жұмыс күші артық өңірлерде тұратын отбасыларды жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бөлінген 463 квотаның 196-сы ғана игерілген, яғни тиісті тапсырма небәрі қырық екі-ақ пайызға орындалған. Тек Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы айрықша мүдделілік танытып, өткен жылы квотадағы 110 отбасының орнына 129 отбасын қабылдаған. Осыған байланысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, мынадай ұсыныстар енгіздім: біріншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайтадан қарау қажет. Өйткені үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Алайда бұл жеткіліксіз. Өйткені бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 300 отбасыны қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр» дейді депутат.
Соңғы жылдарда ендірілген оңтайлы тәжірибе деп солтүстік облыстардың оңтүстікте өткізетін еңбек жәрмеңкелерін мысалға келтіруге болады. Атап айтқанда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тары ұйымдастырған жәрмеңкеде – 1785 бос жұмыс орнындары ұсынылды. Өндірістік салаға – 664 (37,1 ­пайыз), білім саласына – 551 (31 пайыз), денсаулық сақтау саласына – 373 (21 пайыз), мемлекеттік басқару ісіне – 108 (6 пайыз), ауылшаруашылығына – 64 (3,6 пайыз) маман қажет екені айтылды. Сұраныстың нақты мамандарға бағытталып отырғанын да ескеруіміз керек.
Тағы бір маңызды мәселе – солтүстіктегі жергілікті халықтың бұл бастамаға оң көзбен қарай білуі. Неге десеңіз, көшіп келіп жатқан жұртқа бірқатар өңірлерде су жаңа үйлер салынып, тұрғызылуда. Оларды жұмыспен қамтуға да ең бірінші кезекте назар аударылады. Осындай кезде кейбір жергілікті азаматтар пендешілікке бой ұрып: «Бізге неге осындай жаңа баспана берілмейді?» деп әкімдікті жағалайтындарын естіп қаламыз. Осындай түсінбестіктер орын алмас үшін оларға жүргізіліп жатқан саясаттың мән-жайын дұрыс жеткізудің өзектілігі зор.
Шынтуайтына келгенде, облыс­тар­дың бір-бірімен байланысы айтарлықтай деңгейде емес. Әр облыс өздігінен оқшау күйінде емес, өзара ықпалдасып, тұтас елдікті сезініп дамыса нәтижеге жетеріміз хақ. Тәуелсіз Қазақстан тарихында еңбек көзін іздеген халықты бір облыстан екінші облысқа мақсатты түрде көшіру болмағанын ескерсек, бұл – бүгінгі уақыттың өзі алға тартып отырған келелі шаруа.
Жалпы шекаралық аудандар мәселесі еліміздің барлық өңір­леріне тән десек, қателеспейміз. Мұны Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауылдық округінің әкімі Амантай Балтабаевтың сөзінен де аңғаруға болады: «Көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері шекаралық ­аудандарын бекемдеу үшін бар күштерін салып жатқаны белгілі. Қытай Қазақстанмен шекаралас ­аудандарына халықты шоғырландырып, қалалар салып ­тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алуда. Жалпы еліміз бойынша шекаралық аудандардағы халық саны барған сайын азайып бара жатқанын көреміз. Өйткені жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын облыс, аудан орталықтарына қоныс аударады».
Геосаясаттанушы Ф.Ратцелдің шекара мәселесі жөнінде айтқан мына бір пікірі еріксіз назар ­аудартады: «Шекара – мемлекеттің шеткі аймақтағы органы, ол сондай-ақ өсімі, қуаты мен әлсіздігі және бар­лық өзгерістер көрініс табатын мем­лекеттің организмі. Мықты мемлекет өзінің шекаралы аймақтары мен орталығының арасындағы тығыз бай­ланыстарға қолдау көрсетіп отырады. Осы қарым-қатынасты әлсірететін тенденция мемлекетті де әлсіз етіп, шекаралық аймақтарды жоғалтуға әкеліп соғады» деген екен. Олай болса, бұған мемлекеттік тұрғыдан мән берудің маңызы зор.
Былтыр Алматы облысында шекаралық саналатын Райымбек ­ауданы ашылғанда дүйім жұрттың бөркін аспанға атып қуанғанының куәсі болдық. Қазір бұл аудан қарқынды даму жолына түсті. Жаңа үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Халқының еңсесі тіктеліп, болашаққа деген сенім пайда болды. Тіршілік жандана түсті. Әр өңірде осындай жаңғырту қолға алынса, бәрі бұрынғыдай өз қалпына келері сөзсіз.
Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2020 жылдары еліміздің солтүстігіне 60 мыңға жуық отбасы қоныс аударатынын хабарлаған еді. Құзырлы ведомстводағы мамандардың болжауына қарағанда, алдағы 5 жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы 167 мың адамға көбейеді. Екіншіден, бұл бағдарламаның тағы бір мақсаты – солтүстікті қазақыландыру. Осы мәселеге де арнайы тоқтала кетудің реті келіп тұрғандай.
Жасыратын несі бар, солтүстік өңірлерде қазақтардың саны едәуір аз. Оған бір жағы әртүрлі тарихи жағдайлар себеп болса, екіншіден, Кеңес Одағы тұсындағы осы ай­мақтарға бағытталған миграциялық үдерістердің қарқын алуы, өзге ұлт өкілдерінің көптеп қоныстануы, қазақтардың дәстүрлі шаруашылықта қалып қоюы, өндіріске негізделген қалалалар мен кенттердің бой көтеруі, зауыт-фабрикалардың салынуы, әлеуметтік салалардың дамуы, т.б. себептер өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұл орайда түрлі этнос өкілдерімен қатар тіршілік кешу ұлттың салт-санасына, дәстүрі мен дүниетанымына, тілі мен діліне әсер етті. Мұның бір ғана көрінісін – солтүстік өңірдегі қазақтардың отбасындағы балалар санынан байқауымызға болады. Егер де оңтүстік өңірлердегі бала саны орта есеппен әр отбасыға 5-6 және одан да көп баладан келсе, солтүстік өңірлердегі отбасыларда бала туу санын белгілі бір шектен асырмаушы­лық орын алды. Соның салдарынан бұл аймақтардағы қазақтар санын «қалың қазақ» деп айтуға келмей қалды. Қазақ мектептері күрт азайтылып, барлары жабылды немесе орыс мектептеріне айналды. Өзінің туған жерінде, ауыл-аймағында автохонды ұлттың азшылықта қалып қоюы әлем елдерінде көп кездесе бермейді. Асылында, бұл – ұлттық сананың тәркіленуіне, тіл мен салт-дәстүрдің ұмытылуына, тек-тамырдан қол үзуге негіз болатын жағдай.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған тұста да тәуелсіздік санасы, азаттық ұғымы бұл аймақтарға кеш жетіп жатты. Дербестік тұтас ел аумағын қамтығанымен сана мен рух әлі де бұғауда болатын. Тіпті әлі күнге дейін ұлттық санасынан айырылған, елінің биік мұраттарын аңсамайтын, бойында ұлттық құндылықтар қалыптас­паған қазақтар қаншама. Дегенмен, өздерінің қазақ екенін ұмытпаған, тілі мен дініне берік жандар аз емес. Олар өз ұрпақтарын қазақы қалыпта тәрбиеледі. Қазақтың қаймағы бұзылмаған тұтас ауыл мен аудандар да баршылық. Бірақ, бірақ… халық санының өсімі әлі де көңіл көншітерлік күйде емес. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтардың саны 37,73 пайыз болса, Павлодар облысында қазақтардың үлесі 51,77 пайыз, Ақмолада – 50,99, Шығыс Қазақстанда – 60,04, Қостанайда – 40,27 пайызды құрап отыр. ­Демек, алдағы жылдар бағдарында облыс­тарды қазақыландыру жайы күн тәртібінен түспеуі керек. Себебі бұл аймақтарда қаракөздеріміздің қатары көбейетін болса, тіл және руханият мәселелері де шешімін табары анық. Күрделі түйінді тарқатудың бірден-бір жолы – аталған аймақтарға бағытталған ішкі көші-қон көлемін арттыра түсу. Сонымен қатар «Жастар жылы» аясында да жоғары оқу орнын тамамдаған түлектерді осы аймақтарға көптеп тарту қажет.

P.S.

Қайбір жылы Павлодар қаласында қызмет істеп жүрген оңтүстік өңірдің тумасы, кәсіпкер азаматпен таныстым. Қалада тұрып жатқанына он жылға жуықтапты. «Келгеніме еш өкінбеймін» дейді. Алғашқыда «Қоныс аударсам қалай болады? Танымайтын ортада күн көріп кете аламын ба?» деген ойдың жетегінде жүріпті. Істің көзі көрініп тұрған соң тәуекелге бел буған. Зерделей қарасақ, мұндай азаматтар солтүстік өңірлерде аз емес. Қайта солар көп жағдайда жерлестеріне үлгі десек те болады. Абай атамыз айтпақшы, егер ісім өнсін десең ретін тап. Тәуекел түбі – желқайық, оңтүстіктегі ағайындар көштің басын солтүстікке батыл түрде бұрғандары жөн. Кезінде ата-бабамыз әр сүйем жер үшін күрессе, бүгінгі ұрпақтарының алдында сол жердің әр шаршы метрін меңгеру міндеті тұр. Шекарамыз шегендеулі. Тек сол аймақтарды ел-жұртқа толтырып, жайнатып, құлпыртуымыз керек. Елге ел қосылса – құт! 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *