ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «JAS TÚRKІSTAN – 2019» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МАРАФОНЫ ӨТТІ

1231

Бүгін Түркістан қаласында  «Jas Túrkіstan – 2019» республикалық балалар шығармашылық марафонының алғашқы күні өтті, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Марафонға еліміздегі жетекші балалар мен жасөспірімдер басылымдарының бас редакторлары, балалар ақындары, жазушылары мен драматургтері, анимация және аударма саласының өкілдері, журналистер, телеарна, сайт жетекшілері, білім саласының өкілдері және оқушылар қатысты.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, балаларды рухани бай етіп өсіру маңызды іс екенін айтты.

«Біз балаларды жан-жақты дамыту,  құқығын қорғау, ізгілікке, шығармашылыққа бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының, балалар әдебиетінің, анимация саласының маңызы жоғары. Әлеуметтік желілерде, сайттарда бала дүниетанымына оң әсер ететін дүниелерді көбейту мәселесі де өзекті. Жасөспірімдерді қатыгездікке шақыратын, ой-өрісін, жан-дүниесін бұзатын керітартпа ақпарат көздерін шектеуіміз қажет. Бұған қарсы тұру үшін бүгінгі жиынға қатысып отырған шығармашылық өкілдері мен жергілікті билік күш біріктіргені жөн.«Jas Túrkіstan – 2019» балалар шығармашылық марафонын өткізудегі мақсатымыз да – осы», – деді Мәлік Нұржанұлы.

Түркістан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында балалар әдебиеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқыланып, баяндамалар жасалды. Балақайлар мен жеткіншектерге арналған сайттарды дамыту, оларды жат пиғылды ақпараттардан қорғау мәселелері қозғалып, секциялық отырыстар өткізілді.

Жиында Жүсіпбек Қорғасбек, балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы  (Алматы), Сандуғаш Баймаханқызы, «Балапан» телеарнасының бас продюсері (Нұр-Сұлтан), Азамат Битан, PR маман, Talbesik.kz сайтының  бас редакторы «Нұр-Сұлтан), Нұриддин Пәттеев, «Сақ» киностудиясының директоры (Түркістан облысы), Дүйсенбек Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы,  Халил Четин, ғылым докторы, (Түркия), Аягүл Мантай, әдебиеттанушы, жазушы (Мәскеу), Есей Жеңісұлы,  ұлттық аударма бюросы, аудармашы, ақын (Алматы), Серікбол Хасан, ақын, «Айқын» газеті бас редактордың бірінші орынбасары (Нұр-Сұлтан), Алмагүл Оңаева, жазушы (Өзбекстан), Әлібек Байбол, жазушы, драматург, балалар қойылымдарының авторы (Алматы), Жадыра Нармаханова, «Ұлан» газетінің бас редакторы (Алматы), Бейсенкүл Нарымбетова, «Қызмет» газеті мен «Ақылдым» журналының директоры (Шымкент), Жарқынбек Төлтебаев, «Жебе» баспа үйінің  директоры, «Қазығұрт» және «Жас ғалым» журналдарының жетекшісі (Шымкент), Батырхан Дәуренбеков, режиссер, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры (Түркістан облысы) және өзге де азаматтар баланы дамытуға қатысты ой-пікірлерін айтты. Әріптестік орнату  жөнінде келісімдер жасалды.

Шығармашылық марафоны аясында республикалық және өңірлік басылымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Редакторлар мен қаламгерлер оқушыларға ұстаздарға және оқырман қауымға басылымдарын таныстырып, пікір алмасты. Жиынның модераторы, Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев ұрпақ тәрбиесіне аса маңызды бұл іс-шараны дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Маңызды марафонның екінші күні Келес ауданының орталығы Абайда өтеді. Танымал қаламгерлер осындағы оқушылармен және ұстаздармен кездеседі. Осы іс-шара аясында қонақтар Түркістан қаласының киелі орындарын аралап, құрылыс жұмыстарымен танысып, Келес ауданына баспасөз-турын жасайды деп жоспарланған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *