Бүйрек ауруларын емдеудің жаңа мүмкіндіктері

2463

Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында Қазақстанда тұңғыш рет жамбас бұлшық еттеріне арналған көпфункционалды «Авантрон» аппаратын ресми іске қосу шарасы өтті. БАҚ өкілдері жаңа құрал-жабдықпен және сондай-ақ гемодиализ бөлімшесінің жұмысымен танысты.

Статистикалық мәліметтер бойынша соңғы кезде елімізде бүйрек ауруларымен науқастанушылар саны көбейіп отыр. Соның ішінде жастардың бұл ауруға шалдығуы жиілей түскен. Мәселен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққандар саны 5 мыңнан асады екен. Бұл орайда медицина саласындағы жетістіктерді пайдаланудың мүмкіндіктері зор. Жамбас бұлшық еттеріне арналған «Авантрон» аппараты сондай заманауи құрал-жабдықтың бірі болып есептеледі. Енді ол жамбас бұлшық еттерін емдеу үшін аталған ғылыми орталықтың пациенттеріне қолжетімді. Бұл жүйе науқастар үшін өте қолайлы, өйткені терапия барысында арнайы медициналық құралдарды (пластырь, гель, зонд, т.б.) қажет етпейді. Айта кетерлігі, алғаш рет экстракорпоральді магниттік ширықтыру аппараты АҚШ-та пайда болған. Қазіргі таңда әлемнің 47 мемлекеті бұл аппаратты қолданады. Әзірге еліміз бойынша бұл аппарат тек Б.Жарбосынов аты  ндағы Урология ғылыми орталығында ғана бар.

Атап айтқанда, ер адамдардағы созылмалы жамбас ауруы, эректильді дисфункция (белсіздік), жалпы простатэктомия операциясынан кейінгі оңалту, әйел адамдардағы зәр ұсталмауы, жыныстық дисфункция, гинекологиялық дерттер (созылмалы эндометрит, жатырішілік синехиялар, жүктілік кезіндегі қиындықтар, жатырдың гипоплазиясы, сәтсіз ЭКҰ, операциядан кейінгі жамбас астауындағы спайкалық асқынулар кезінде аталған аппараттың көмегі зор. Мамандардың айтуынша, емнің терапиялық әсері бір жыл көлемінде сақталады.

Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының клиникалық істер бойынша орынбасары Шарафаддин Азизов: «Электромагнитті импульстар жамбас бұлшықеттерінің тартылуы мен босаңсуына, сондай-ақ тоқішек, қуық, жатыр, қуықасты безіне тікелей әсер етеді. Нәтижесінде қан айналымы жақсарып, іркілістің жойылуы мен бұлшықеттің жаттығуына септігін тигізеді. Емдік шара 20-30 минутқа созылады» — деп түсіндірді.

Сеанс кезінде пациент ыңғайлы креслода отырады. Ем қабылдай отырып кітап оқуға, теледидар көруге, музыка тыңдауға болады. Аппараттың басқару бөлігінде сенсорлық экран бар, бұл процедураның қажетті өлшемдерін таңдауға қолайлы. Ғылыми орталықтың уролог-дәрігері Досжан Танабекұлының айтуынша, «Авантрон» аппаратының балаларға да пайдасы зор. 3-4 жасынан бастап іш қату, зәр ұсталмауы (энурез), үлкен дәреттің ұсталмауы (энкопрез) секілді түрлі аурулар кезінде таптырмас аппарат.

Сондай-ақ, ғылыми орталықта арнайы «Гемодиализ» бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда науқастар аптасына 3 рет 4 сағаттан ем қабылдайды. Гемодиализ – арнайы аппараттың көмегімен адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Яғни, гемодиализ аппараты жасанды бүйрек қызметін атқарады. Ғылыми орталықтағы Германиядан әкелінген «Фрезениус-5008S» жабдығының бір ерекшелігі – жүрек-қан тамырларының гемодиализ кезіндегі асқынуларын азайтады. Жалпы, Алматы қаласында 15-ке жуық гемодиализ орталығы бар екен.

Бүйрек жетіспеушілігі ауруының күрделілігіне қарамастан, науқастардың көпшілігі толыққанды өмір сүруге мүмкіндігі бар, олар жұмыс істейді, оқиды, күнделікті тіршілікке араласады. Қазіргі уақытта жасанды бүйрекпен 30 жылға дейін өмір сүруге болады дейді мамандар. Ең бастысы, пациенттер арнайы рационды сақтап, дәрі-дәрмекті, емдік шараларды уақтылы қабылдауы тиіс.

Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *