Наркескеннің кезекті отырысы өтеді

3858

2019 жылы мамырдың 21-інде «Ұлттық кітапхананың» «Кітапхана тану» залында «Қазақ газеттері» жауапкершілігі серіктестігі жанынан құрылған «Наркескен» — интеллектуалдық-пікірсайыс клубының келесі  отырысы өтеді.

Бұл жолғы талқы жазықсыз құрбан болған қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық тақырыбына арналады. Қызыл қырғын өзгені емес өз халқын қынадай қырды. Жазықсыз жазадан, аштықтан жапа шеккен халықтың саны 40 миллионға жетеді. Қызылдар үстемдік еткен заманда қазақ екі рет алапат аштықты бастан кешірді. Халқының тең жартысынан астамы осы аштықта қырылды, репрессиядан, жазықсыз қуғын-сүргіннен жапа шекті. Соңғы 30 жыл уақытта бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттеліп келе жатқанымен, тарихшылар назарынан таса қалып келе жатқан деректер мен мәліметтер әлі көп. Тарих алыстаған сайын, ол туралы шындық та алыстай түседі. Өйткені тарихи куәлердің көзі де азая түспек. Бүгінгі ұрпақ қызыл қырғын жайлы не біледі? Өткеннен сабақ ала алдық па? Өткеннің саяси бағасы қандай? Неге 31-мамыр «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде бағаланады да, аштық құрбандары назардан тыс қалады?

«Наркескеннің» кезекті  отырысының талқысына түсер мәселе осы.

Дөңгелек үстелге тарихшылар, саясаттанушылар мен осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген жазушылар, режиссерлер және қоғам қайраткерлері  шақырылды.

Шара 2019 жылдың 21-мамырында, сағат 15.00-де Ұлттық кітапхананың «Кітапханатану» залында өтеді. Дөңгелек үстел туралы ақпарат БАҚ құралдары және www.kazgazeta.kz сайты арқылы таралады. Шараның толық мәтіні «Ана тілі» апталығында басылады.

«Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс клубы 2018 жылдың қарашасында Ұлттық кітапханамен бірлесе құрылды. «Наркескен» клубын жүргізіп тұру туралы екі мекеме арасында арнайы келісім-шарт жасалған. Негізгі бағыт — қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік тақырыптарды ортаға салу, түрлі мамандармен пікірсайыс ұйымдастыру.

                             

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *