«Бес жыл бірге» тақырыбында «Музейлер түні» акциясы өтті

1271

18 мамырда сағат 18:00-24:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 5 жылдығына орай Халықаралық музей күні мерекесіне арналған «Бес жыл бірге» тақырыбында «Музейлер түні» акциясы өтті. Акцияға келген астаналықтар мен қала қонақтары Ұлттық музейге тегін кіріп, түрлі шараларды тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің Баспасөз бөлімі хабарлайды.

Шараның мақсаты — ұлттық кодқа негіз болатын ұлттық құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, мұражай қызметін, ондағы экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді кеңнен насихаттау.

Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді. «Музейлер түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған шара осыған дейін 5 мәрте ұйымдастырылды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізілді. Оның алғашқысы «Наурыз» мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген тақырыппен ұйымдастырылып, Халықаралық музейлер күніне арналды. Мұражай қонақтары Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай, музей қорынан жаңа экспонаттармен толықтырылған Этнография залы мен жаңа ашылған «Асыл мұра» залдарын тамашалады.

2015 жылғы 18 наурызда қорларды толықтыру мақсатыман «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы қолға алынған болатын. Көрнекті қоғам және саясат қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысы Батырлары мен ардагерлерінің ұрпақтары және жеке коллекциянерлер музейге тарихи және мәдени құндылығы бар заттарды сыйға тартып, музей қорлары түрлі құнды жәдігерлермен толыққан. Осы экспонаттар «Асыл мұра» залына ұсынылып, қару-жарақ пен кілем топтамалары, мемлекет және саясат қайраткері И.Тасмағамбетовтың коллекциясынан зергерлік әшекейлер, әйелдер мен ерлердің белдіктері, ат әбзелдері және Б. Сарыбаевтың коллекциясынан әлем халықтарының музыкалық аспаптары сынды жеке коллекциялардан бағалы бұйымдар қойылды.

Сондай-ақ, Ұлттық музейдің уақытша сақтау қорынан алынған пошта маркаларының көрмесі музей қонақтарын қызықтыра түсті. «Қазпошта» АҚ– Қазақстан Республикасындағы пошта байланысының ұлттық операторы. Ол құрамында 180 ел мүшелік ететін Дүниежүзілік пошта одағында (ДПО) Қазақстан Республикасы Пошта әкімшілігінің мүддесін айғақтайды. Көрмеге 1992 жылдан бері қолданылған түрлі тақырыптағы маркалар ұсынылды.

«Музейлер түні» акциясына қатысушы қонақтар «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» көрмесін тамашалап, Мысырдың тарихы және мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Көрмеге Мысырдың династиялық дәуірден орта ғасырға дейінгі кезеңін сипаттайтын әртүрлі тарихи бұйымдары мен жәдігерлері ұсынылды.

«Музейлер түні» акциясы барысында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай «Жүз жылдық жылнама» көрмесі ашылды.

Музей қонақтары дәл қазіргі уақытта Ұлттық музейде жүріп жатқан Анатолий Карповтың жеке коллекциясынан «Ресей-Қазақстан – ғарыштық дәуірді тұңғыш ашушылар» атты пошта маркаларының көрмесін, график-суретші Әлібек Қойлақаевтың жеке «Түркі әлемінің аңыздары» көрмесін, қазақстандық қылқалам шеберлері Бәтима Зәуірбекова, Гүлжамал Тагенова және Елена Тё шығармашылығынан «Наурыз. Жаңару» көрмесін, Рәсілбек Естемесов, Айнұр Асанова және Асылхан Жәнібековтердің «Өмір – өнер, өнер – өмір» көрмесін тамашалады.

Сонымен қатар шара бағдарламасында ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен «Ақшамдағы ақындар жыры» атты Елордалық жас ақындардың шығармашылық кешін, «Құсни қорлан» көрінісін, мүсінші Айдос Есмағанбетпен маскалар шоуын, арт пазл құрастыру, қолөнер жұмыстары бойынша шеберлік сабақтарын тамашалап, «Тарих сыры», «Музей білгірі» викториналық сұрақтарға жауап беріп, кітап жәрмеңкесіне қатысып, қазақтың ұлттық ойындары ойнады. Аталмыш шараға 32700 адам қатысты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *