АҚЖАЙЫҚТАҒЫ АҚЫН ТОЙЫ Ақұштап оқуларымен айшықталды

613

Ақ ерке Ақ Жайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған ақын, көрнекті публицист, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева биыл 75 жастың биігіне көтеріліп отыр. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, халқы «Ақ шағала» деп құрметтеген ақынның осынау мерейтойына орай туған жері Теректі ауданының Ақжайық ауылында тұңғыш рет І облыстық Ақұштап оқулары болып өтті.

Қазақ қай кезде де ақынын құрметтеген халық. Әппақ келбетімен ғана емес, ерекше есімімен, бөлек бітім-болмысымен, қалды, жырларымен де дараланып тұратын Ақұштап ақынды Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов бастаған бір топ жерлестері Ақжайық ауылының шекарасынан қарсы алып, құшағын гүлге толтырды. Дәстүр бойынша ақ пен бауырсақ ұсынып, ақжайықтық өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады.

Ақжайық орта мектебінің алдында да ақын қыздарына құрмет көрсеткен жерлестерінің қарасы қалың болды. Қызыл кілеммен жүріп өткен ақын апаларына мектептің ең үздік 12 оқушы қызы гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті. Мектеп оқушыларынан құралған оркестр де басты қонақты Құрманғазы мен Динаның күйлерімен қарсы алып, қос ішектен шашу шашты. Мектеп дәлізіндегі қонақтар үшін арнайы дайындалған «Әдеби аялдамада» шәкірттер Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқып, ақын апаларын тәнті етті. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған көрме де көптің көңілінен шықты.

Ақынның құрметіне арналған «Әдеби аялдама» бұдан әрі Ақұштап Бақтыгереева атындағы дәріс кабинетінің ашылуымен жалғасты. Ақжайықтық ұстаздар жерлес ақын қыздарына тосын сый ретінде ұйымдастырған аталған кабинеттің лентасын аудан әкімі Әділ Жоламанов пен Ақұштап Бақтыгереева салтанатты түрде қиды. Ақынға арналған әдеби кабинетте оның осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптары мен естелік суреттері, өмірі мен шығармашылығы туралы құнды мәліметтер, әдебиетшілердің пікірлері, арнау өлеңдер топтастырылған. Өз атындағы сыныптың тұсаукесерінде жаны нәзік ақын барлық тілеулестеріне алғысын жеткізіп, кабинеттегі меймандарға арналған қонақ кітапшасына алғашқы болып қолтаңбасын қалдырды.

Мектептің мәжіліс залында Ақұштап ақынды тағатсыздана күтіп отырған жұртшылық ақынға тік тұрып ілтипат көрсетіп, қошеметтерін аямады. Халықтың ыстық ықыласымен сахна төрінен орын алған «Ақ шағала» ақынға аудан басшысы Әділ Тауфиқұлы жерлестерінің атынан ақ жаулық жауып, қамзол кигізіп, құшағын тағы да гүлге толтырды.

– «Мен Оралды үш қызы арқылы жақсы танимын. Біріншісі – аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батырға айналған Ер Мәншүк, үшіншісі – өзіндік мінезі мен өз үні бар ақын – Ақұштап. Ендеше, мен бұл елдің қыздары мықты-ау деп ұғынам», деп академик Зейнолла Қабдолов атап өткендей, өзіңізді тек Жайық жұрты ғана емес, күллі қазақ елі мақтаныш тұтады. Сіздің ел үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін атқарып келе жатқан еңбегіңіз, қазақ поэзиясындағы орныңыз алабөтен. Сондықтан да сіздің тойыңыз – елдің, халықтың тойы. Осы жылдың басында біз елордамыздағы Ұлттық ғылыми кітапханамен, басқа облыстармен тікелей байланысқа шығып, сіздің мерейтойыңызға арналған шараларды ресми түрде бастаған болатынбыз. Міне, сол жоспарымызға сәйкес, бүгін І облыстық Ақұштап оқуларын өткізіп жатырмыз. Өзіңіздің құрметіңізге арналған шаралар легі бұдан кейін де жалғаса бермек. Сіздің мерейтойыңыздың шарықтау шегі осы туған ауылыңыз Ақжайықта қыркүйек айында қорытындылатын болады. Онда 15 ақшаңқан киіз үй тігіліп, барлық өңірден өзіңіздің замандастарыңыз, ақын-жазушылар құрметті қонақ ретінде шақырылады. Ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы Дала қызықтары» ұйымдастырылып, түрлі байқаулар бойынша өнерпаздар сынға түседі. Себебі, сізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады, – деді аудан әкімі Ә. Жоламанов.

Өз кезегінде ақын Ақұштап Бақтыгереева да ризашылығын жеткізіп, жерлестеріне алғысын жаудырды. Ақұштап оқуларына қатысушылардан болашақта үлкен үміт күтетінін жасырмады.

– Сендердің араларыңнан болашақта қазақтың сөзінің қасиетін түсінетіндер, өз ұлтын сүйетіндер өссе, Жайықты менше сүйетіндер қалыптасса, мен сонымен бақыттымын. Мен бүгін сендерді көргеніме бақыттымын. Сендердің өлең түсінгендеріңе бақыттымын. Себебі, өлеңді түсіну – кез келген адамға бұйырмаған бақыт, – деп ағынан жарылған қоғам қайраткері бірнеше өлеңдерін жатқа оқып берді.

Теректі ауданы әкімдігі мен аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен облыста тұңғыш рет өткен облыстық Ақұштап оқулары 3 кезеңді қамтып, онда қала мен барлық ауданнан келген 80-ге жуық жас талант бақтарын сынады.

Әдеби байқаудың «Мені оқитын халық бар» атты ақын жайында эссе жазу кезеңі бойынша өзара сынға түскен оқушылардың арасынан жеңімпазды анықтау оңайға түспепті. Сайыстың осы кезеңіне әділ қазылық еткен ғалым, доцент Ұлдай Ержанова, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Ертуғанұлы, облыстық Білім басқармасының Әдістемелік кабинет жетекшісі Аягөз Хамзинаның айтуынша, ақын апалары туралы эссе жазған талапкерлердің шығармасы бірінен бірі асады. Талапкерлердің тілі жатық, ойы мазмұнды әрі оқуға жеңіл, тақырыпты толық аша білген. Бұл кезеңде «Қымбатты, ақын апа! Сіздің өлеңдеріңізді оқығаннан кейін жан-дүниемнің толғаныстарын сізбен бөліскім келді. Сіз жазған қоғамдағы мәселелер мені де алаңдатады. Ойымды сіздің өлеңіз арқылы жеткізсем: «Қыздарының барлығы ару болса, көргенсізге бұл қазақ зәру болса». Иә, үлкен мәселелердің бірі. Сол қыздардың жаға ұстатар әрекетінен кейін тастанды балалар көбейді. Сәбилер үйі жетім балаларға лық толы… Ақұштап апа, сіздің «Әкеме» атты өлеңіз бар. Әкеңіздің көзі тірісінде оған өлең арнаған сізге қатты қызықтым. Мен сіздің осы өлеңізді оқыған сайын марқұм әкеммен сырласқандай боламын. Себебі, өмірден ерте кеткен қамқоршым – жан әкемді қатты сағынып жүрмін. Біреулер әкеге зар болса, енді біреулер әкесін қарттар үйіне тастап кетіп жатыр», деп ақын апасымен сырласқан қаратөбелік Гүлмайра Ерғожина бас жүлдеге ие болды. Оралдық Ақнұр Миханова І орын иегері атанса, Шұғыла Амангелді, Гүлсана Мақсұтова, Сәуле Дүйсенбаева, Жәнел Бақытова, Аида Оразова ІІ, ІІІ орындарға тұрақтады.

«Жырлау үшін, сүю үшін елімді, Мен қайтадан таңдап алам Жайықты» деп аталатын ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан бас жүлдеге ие болған жаңақалалық Ерсұлтан Құрмашев Ақұштап апасының 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі екен. Тізім бойынша кез келген өлеңді сұрасаңыз мүдірмейтін ол осылайша бәйгеде дара келді. Бұл кезеңге әділ қазылық еткен облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, ғалым Азамат Мамыров І орынға оралдық Жібек Досымованы лайық деп тапты. ІІ орынды Фатима Әділова мен Гүлназ Асқарова, ІІІ орынды Жанерке Ерменова, Айзада Жайлыбаева, Даяна Нұрланқызы бөлісті.

– Ақын апаларының ізін қуып, қаламды жанына серік еткен талаптылардың арасында өткен «Жырымды саған арнаймын» кезеңінде келешек ақындардың көзінен ұшқын көрдік. Сол ұшқын сөнбесін деп тілеймін, – дейді танымал ақын Айтқали Нәріков. Берілген тақырып бойынша белгілі бір уақыттың ішінде өлең шығару басты талап болған бұл кезеңде Жаңақала ауданынан келген Ізбасар Бақытов бас жүлдені қанжығасына байлады. Ақын Айтқали Нәріков бастаған, ғалымдар Зейнолла Мүтиев, Гүлсім Дүйсенғалиева қостаған қазылар алқасы бірауыздан І орынды Аслан Ысмағұловқа, қалған орындарды Жұлдыз Тантыбаева, Дархан Мақсатов, Ақарыс Романқызы, Әдемі Күнқақова, Балсұлу Мәдениетоваға тапсырды.

Ал, Теректі ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне Ақсай қаласынан келген Жанар Өмірзақова мен тасқалалық Інжу Қалбаева ие болды.

Сондай-ақ, кеш барысында ақжайықтық жас ақын Айбек Әбілқалым Ақұштап Бақтыгерееваға арнауын оқыса, әнші Гүлнұр Қаражанова ақынның сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы» әнін шырқады. «Назерке» би ансамблі ақынның «Ана жүрегі» өлеңінің желісі бойынша арнайы композиция орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Енді Ақұштап оқулары келесі жылдан бастап республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ.

 

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *