«Жасампаз елдің жастары» атты байқау жарияланды

1090

Алматыда «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығында «Жасампаз елдің жастары» атты журналистер мен блогерлер арасында өткізілетін байқаудың өткізілуіне байланысты баспасөз конференциясы өтті.

Байқауды «Qadam Intech» қоғамдық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша өткізуде. Байқаудың мақсаты — Қазақстан Республикасында Жастар жылын мерекелеу аясында журналистер қоғамын жастардың өмірі мен жетістіктерін сүйемелдеуге тарту, журналистердің шығармашылық ынтасын ашып, марапаттау.

Жалпы сыйлық қоры 7 000 000 (жеті миллион) теңгені құрайды. Байқауды өткізу шеңберінде 7 номинация қарастырылған, олар:

  1. Үздік телевизиалық сюжет;
  2. Баспа БАҚ-та ең үздік жарияланым;
  3. Үздік радиоматериал;
  4. Ақпараттық агентстволардағы (интернет-ресурстар) үздік жарияланым;
  5. Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым (блогерлердің материалдары);
  6. Үздік фотоматериал;
  7. Үздік вайн.

Байқауға қатысуға Қазақстан Республикасы жастарының өмірі мен жетістіктері, оларға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсету тақырыбында жұмыстар қабылданады.

Байқау комиссиясы жүлде іздеушілер мен диплом иегерлерін таңдау кезінде келесі талаптарға сүйенеді:

  • Материалдардың объективтілігі
  • Баяндаудың кәсібилігі мен шеберлігі
  • Мәселені талқылауға салуы мен оны жан-жақты талдауы
  • Материалдың қоғамдық тыңдау тудыруы
  • Жұмыстың шығармашылық толықтығы
  • Көтерілген мәселелердің өзектілігі мен шығармашылық талдаудың тереңдігі

Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, қатысушы үміткер бірнеше номинация бойынша жұмысын ұсынуға болады. Әр номинация бойынша үміткерден 3 материалдан артық қабылданбайды. Ал блогерлердің жұмысын тек лайк пен пікір ғана шешпейтіндігін де еске салды. Бұл туралы баспасөз коференциясында Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы коммуникациялық іс-тәжірибелер бөлімінің бөлім басшысы Ерлан Қоқамбаев журналистер сауалына жауап беру кезінде баяндады.

Сондай-ақ, байқауға қатысушылардың жасына, жынысына ешқандай шектеу болмайтындығы да айтылды. Конкурсқа қатысу үшін jasampazjastar.kz сайтына онлайн тапсырыс беру керек. Өтініштер 2019 жылдың 20 маусымына дейін қабылданады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *