Елдес Омарұлына арналған тұңғыш конференция

572

Елбасымыздың «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты дәуір бөлгіштік сипат алатын мақаласынан кейін, қаймана қазақтың ұзақ жылдар бойы зарыға күткен үміт отының ұшықыны жанды. Халқымыздың бабадан балаға жалғасқан ұлы құндылықтарын қайта тануға, ұлы адамдарымыздың мұраларын ұлықтауға мүмкіндік туды. «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазаан жаңа» дегендей, осыдан бір ғасыр бұрынғы алмағайып замандарда, туған елі үшін толарсақтан қан кешкен Алаш орда көшбасшылары мен ұлт руханиятына ұшан-теңіз үлес қосқан ұлы ғалымдарды зерттеп-зерделеп, барын ұлықтап, жоғын түгендеу ісі етек алды. Бұл әрине ел болып қуанарлық жақсы бетбұрыс. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві қатарлы орындардың селбесуімен өткен көптеген игі іс-шаралар біздің осы сөзімізге дәлел. Әрине, мұндай атаулы күндерде өткен ірілі-ұсақты басқосулардың көп болуы заңды да. Бірақ, көптің көңілінен шығып, көкейдегі көп сауалдарға жауап тапқан, берері мол, берекелі  конференцияларды алқап өту де артық етпейді.

Үстіміздегі жылдың 17-мамыры күні жоғарыда аты аталып өткен үш мекеменің селбесуімен ҚР ұлттық кітапханасында көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, педагог, терминолог, аудармашы, қиын әрі сындарлы кезеңдерде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар бастаған ұлы көштің бұйдасын ұстап, ел басына ауыр күн туғанда халқына рухани білім мен ғылымнан өлшеусіз үлес қосқан, алаштың ардақты азаматы – Елдес Омарұлының өмірі мен шығармашылығына арналған конференция өтті. Тіл білімінде Елдестің есімі еміс-еміс аталғаны болмаса, күні бүгінге дейін бірегей ғалымның мұраларын ұлықтап, ғылыми тұрғыда тұжырымдаған мұндай басқосу болмаған еді. Әңгімеміздің өзегі болып отырған айтулы ғалымның көзі тірісінде еліміздің Тіл білімі мен басқа да іргелес ғылымдар саласында еткен еңбегі ерен еді. Кісі қуанарлығы, біз айтып отырған ғылыми талқы жиналысында елім деп өткен ер Елдестің сан-салалы қыры ашылды.

Бұл шараға шетелдік ғалымдар мен еліміздегі алаштанушылар және филологтар, Мемлекеттік мұрағат басшылары, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Әуелден алқалы сөздің тізгінін алған  ҰҒА корреспондент мүшесі Ерден Задаұлы Қажыбек бүгінде «Алаш арыстары» атты ұлы тақырыптың еліміздің түпкір-түпкірінде қолға алынып жатқанын тілге тиек ете келіп, елдіктің, бірліктің үлгісі болған, ұлттық мемкелекет құрудың мызғымас іргетасын қалаған қайраткерлердің еңбегі қай ғасырда да еске алынуға, зерттеп-зерделеленуге, ұлт ісінің игілігіне жаратылуға тиісті екенін жеткізді. Осы мақсатты жүзеге асыруда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының едел-жедел бірнеше конференциялар ұйымдастырғанын, Алаш арыстарының бірталай еңбектерін жинап баспадан шығарғанын айтты. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің сынаққа толы сындарлы сәтінде Елдес секілді ғалымдарымыздың ұстанымдарын ұлы бағдар етуіміз керек деп атап көрсетті. Одан кейін алыстан ат терлетіп келген Орынбор облыстық «Халықтар достығы үйі» қоғамдық ұйымының төрайымы Сәуле Советханқызы Ресей мен Еуразия кеңістігіне тарыдай шашылған қандастарымызды бір ортаға біріктіретін, рухани жақындастыратын Алаш арыстарының идеялары екенін айтты. Бір кезде алашқа астана болған Орынбордағы ағайынддардың ақ жарма сәлемін жеткізген Сәуле ханым ресей территориясында да алаштың қаншама асыл мұралары жатқанын, оларды іздеп, зерттеуді қолға алу кезек күтірмейтін іс екенін айтып, ағынан жарылды.  Ендігі кезекте сөз алған, алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Л.Гумилев атындағы Ұлттық университеттің доценті Қайырбек Кемеңгер алаш мұраларын зерттеуде ақтаңлақ қалған тұстардың баршылық екенін, сыңаржықсылы ізденістердің сыңаржақты нәтиже беретінін, күллі қоғам болып атсалысып, әр ғылым саласы алаш автономиясының мұрағаттарын әр қырынан зерделемейінше, тұтас ұлттық құндылық толығымен ашылмайтынын толғамды ой, тұжырымды көзқарастары арқылы жеткізді. Арасында Құрманғазы атындағы ұлттық консреоваторияның студенті, әнші Қастер Қабделұлы алты қырдың астынан естілген қазақ әнін әуелетті.

«Ұлы даланың жеті қыры:өркениеттің түпқызығы – жазу» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның құрметті қонақтары кілең алаш деесе ішкен асын жерге қоятын, тарих қатпарында қалқаланып қалған талай күңгірт дүниенің бетін ақшан зерделі ғалымдар болды. Атап айтар болсақ, алаштанушы, профессор Айгүл Ісімақованың «Е.Омарұлы – ахметтану, қошкетану, әуезовтанудың негізін қалаушы» тақырыбындағы, ҚР ҰҒА корр. мүшесі, педагогика ғ.д., профессор Фаузия Оразбаеваның «Қоғам  қайраткері,ғалым  Е.Омарұлының  рухани мұрасы:  педагогика  және  тілтаным» тақырыбындағы,  және жазушы, тарих ғ.к. Бейбіт Қойшыбаевтың «Елдес Омаров – ұлт азаттық қозғалыстың қайраткері» тақырыбындағы баяндамалары алаштың айтулы ғалымын жиналған топқа жан-жақтылы түсіндңрген,  баламасы жоқ сәулелі сөз болды. Аталы сөзге зер салған ағайын бүгінгінің ғалымдары қара қылды қақ жарып айтып жатқан әңгімені сілтідей ұйып тыңдады.

Аламанның дүбірі Алтайдан Арқаға естілгенде елеңдейтін жылқы мінезді жұртымыздың небір марқасқалары бар ғой. Алматыда елдің егей ері Елдесті еске алатын көлемді шара өтетінін естіп, Алатаудың бөктеріне күні бұрын ат басын тіреген  А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Медиаорталығының директоры, филол.ғ.к., проф. Ақылбек Шаяхметтің «Ел қамын жеген Елдес» атты баяндамасынан көптеген көне деректердің көзі ашылды. Өзі Елдес Омарұлының аталас туыстарынан тарайтынын алқалы топқа әсерлі әңгімелеп жеткізген ғалым, тарихтың түйткілді тұстарына бір кісідей-ақ көсілді. Осыдан кейін, естісем білсем дейтін ықыласты ағайынға сүбелі сөз айтақан ғалым тарих ғ.д., ҚазҰУ профессоры Анар Салқынбай болды. «Елдес Омарұлы зерттеулерінің қазіргі кездегі өзектілігі» атты тақырыпты сабақтаған Анар ханым елдігіміздің ен-таңбасы Елдестей ғалымдардың мұраларында жатқанын екжей-текжейлі жеткізсе, тарих ғ.д., ҚазҰУ профессоры Светлана Смағұлова  «Елдес Омарұлы қазақ тарихы хақында» атты баяндасымен көпшіліктің көкірек көзіне тың ақпараттарды көлденең тартты.

ҚР ОММ директорының орынбасары Жылысбаева Мәрзия «Елдес Омарұлына қатысты архив деректері» атты баяндасымен,  ҚР Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі Зәмзаева Толқын «ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған  Елдес Омарұлының еңбектері» атты баяндамасымен жаны жайсаң тыңдаушыларды жалт қаратты. Архив пен сирек қордың қыры мен сырын бір кісідей меңгерген екі баяндамашының жұртты таңдандыруы тегін емес болатын. Себебі, олар жай күнде сирек қор мен архивте не жататытынын тереңдеп түсіне бермейтін жастарға арғы-бергі тарихтан қалған қисапсыз байлықтың кім-кімнің де келіп зерттелуіне қолжеиімді екенін ежіктеп түсіндірді. Оның үстіне бір ғана ғалымның әпербақан алақұйын жылдардан осы күнге аман жеткен мұраларының осыншама мол болғаны қатысушылардың қай-қайсысын да тәнті етер мәліметер еді.

Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан тар заманда алаш ардақтыларынан қалған ұрпақтар санаулы. Ел үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенген аяулы өршіл мінезді әділетшіл ғалым Елдестің де өз бауырынанқалған ұл мен қыз жоқ еді. «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көре қалған өлмесін» дегендей, ардақты ғалымның тіке туыснан тараған, бұл күнде өзін Елдестей ғалымның бірден-бір ұрпағымын деп санайтын, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Шуақаев те Қостанайдан мынау алқалы жиынға  келіп үлгерген еді. «Елдес Омарұлының математикалық зерттеу әдістері» тақырыбындағы баяндамасында Марат Шуақаев ғалымның тілді математикалық дәлдікпен зерттеуінің ерекшелігін, математиктердің өзі жаңылыса беретін аксиомалар мен теоремалардың жілігін шаға білген зейінді адам болғанын, бір басына жеті өнер аздық еткен данышпан екенін дәлелмен көрсетті. Ендігі сөздің тізгіні А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөдімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., Орынай Жұбаева алды. Осы конференцияның өтуіне неше жыл бойы дайындалып, Елдес мұраларының үш том болып шығуына жеткешілік еткен Орынай Сағынғалиқызы «Елдес Омарұлының терминжасам ұстанымдары» атты баяндама жасады. Бір басына сан түрлі ілім қонған Елдес Омарұлының терминологтік қырын жіліктеп түсіндірген бұл баяндаманың да салмағы ауыр, бергені мол болды. Күллі ғылымдардың тілін қазақша сөйлеткен алаштықтар қатарында бір  Елдес өзі жазған неше ондаған кітаптардағы «тілге жеңіл, жүрекке жылы» терминдер тізбесімен таныстырып, қазақ тілінің бүгінгі иқуатында да толағай көмескі күш жатқанын ашып берді.

Жиын сіргежиярының алдлында, Елдес Омарұлының үш томдық шығармалары мен Орынборлық ғалым Татьяна Тугайдың «А.Байтұрсыновтың Орынбордағы жолы» атты кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымы атынан институт директоры Ерден Задаұлы алыстан келген сыйлы қонақтар мен алаш қайраткерлерінің ұрпақтарына оқалы тон, кестелі камзол кигізді. Осылайша Елдес Омарұлы ақталғанына отыз жыл аунап өтсе де, тұңғыш рет өтіп жатқан, ел тарихы мен ер тарихынан сыр шерткен сүбелі сұқпат жиналысы күн еңкейгенде шымылдығын жапты.

Сол күні кеште  Филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева Алаш арыстарының рухына арнап, өз шаңырағында алыс-жуықтан келген ғалым-зерттермендерге дастархан жайып, құран бағыштатты. Елдіктің тізгіні қолдан кеткен тұста отаным деп жүріп опат болған ардагерлердің өткені мен кеткені туралы келелі кеңес киелі ас дастарқаны басында жалғасын тапты.

Әділет Ахметұлы

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің қызметкері

 

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *