Атаулы әлеуметтік көмектің сыры мен жыры

933

Биыл сәуірдің 1-інен бастап тұрғындардың әр түрлі топтарынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар қабылдана бастағаны белгілі. Мемлекет тарапынан беріле бастаған атаулы әлеуметтік көмектің шырғалаңы көп әрі айлығы шайлығына жетпейтін көп балалы отбасылар үшін маңызды екендігі айдан анық.  Осы орайда атаулы әлеуметтік көмек алу бақытына ие болған көпбалалы аналармен тілдесудің сәті түскен еді. Солардың бірі – Жұлдыз Ерланова.  Төрт бала тәрбиелеп отырған ананың айтуынша, мемлекеттен берілетін көмек мөлшері артқаннан кейін отбасының материалдық жағдайы едәуір жақсарған.

«Мен атаулы әлеуметтік көмек туралы естіген соң дереу құжат тапсыруды жөн көрдім. Бүгінгі күнге дейін төрт балама 10500 теңге алып келдім және осы көмектің өзін қанағат тұттым.  Қазір кіші балам 2 жаста болғандықтан, үй шаруасындамын. Отбасымызда жолдасым ғана жұмыс жасайды. Үш балам мектепте.  Жәрдемақы алу туралы өтінішпен Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жеке куәлігімді өткіздім. Бұған қоса, мекенжай анықтамалары мен балаларымның туу туралы куәліктерін (ХҚКО-дан), неке куәлігін, жолдасымның жұмыс істейтінін  растайтын құжатты бердім. Жалпы құжат жинап, оны өткізуіме екі күнім кетті.  Қазір әр балама 21 мыңнан есептегенде ай сайын 113 мың теңге көлеміндегі  көмек алып отырмын. Құжат жинап, өткізу ешқандай  қиындық тудырмады деп ауыз толтырып айта аламын. Енді балаларымды ақылы үйірмелерге беретін мүмкіндіктің пайда болғаны қуантады. Олар қатарластарынан қалмай, бірі спорт секциясына, енді бірі музыкалық үйірмелерге қатысамыз деп  жүр. Балалар өскен сайын олардың қажеттіліктері де артатыны рас қой. Осы уақытқа дейін балаларымның тек мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп, бос уақыттарын үйде өткізетіндіктері жаныма бататын.  Атаулы әлеуметтік көмектің беріле бастағаны біз сияқты көп балалы аналардың мәселелерін біршама шешуіне мұрындық болуда».

Атаулы әлеуметтік көмек аламын деп ниеттенген көп балалы Балжан Қызырқызы да құжат рәсімдегенін алға тартты. Алайда жәрдемақыдан үміттенген ана көп ұзамай үмітінің су сепкендей басылғанын айтады.  «Біздің төрт баламыз бар. Олардың үшеуі мектепке барады, біреуі кішкентай болғандықтан, қазіргі уақытта үйде отырмын. Кіші баламды балабақшаға орналастыруға қаржымыз жеткіліксіз болып тұр. Біз жолдасым екеуміз ата-енемнің үйінде тіркеуде тұрмыз. Бізбен қатар абысыным, қайын інілерім мен қайын сіңлім  де сол үйде тіркеуде. Ата-енемнің  және сол үйде тіркелген адамдардың тауып отырған ақшалары есепке алынады екен. Оның үстіне, жолдасым үй алдында көлік жөндеумен айналысады.  Комиссия кірістерің бар екен деген уәжін айтып кетті. Демек, жәрдемақыдан қағылатын түріміз бар…»

Атаулы әлеуметтік көмекке байланысты бірқатар сұрақтарды Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына да жолдадық.

Сайран Сайфеденов, Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары:

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа механизмі бойынша құжаттарды қабылдау белсенді жүргізілуде. Атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуде келесідей өзгерістер енгізілді: атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі күн көріс деңгейінің  70%-ына (21 172 теңге) дейін көбейтілді;

  • жан басына шаққандағы отбасы табысын есептеу кезінде «Алтын» және «Күміс» алқаларымен марапатталған көп балалы аналардың және көп балалы отбасылардың мемлекеттік жәрдемақы, сонымен қатар балалардың мүгедектігі бойынша жәрдемақы және шәкіртақы алынып тасталынды;
  • уақытша тіркеумен азаматтардан өтініш қабылдау;
  • балаларға күн көріс деңгейінің 70%-ы (21 172 теңге) мөлшерінде кепілдендірілген көмек.
  • 2018 жылмен салыстырғанда биыл сәуір айында көмектің бір адамға төленетін орташа мөлшері 4 есеге көбейді (4293 теңгеден 18 027 теңгеге дейін).
  • Аталған өзгерістер көптеген аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті алуға мүмкіндік тудырды. Көптеген отбасының табысы бірнеше есеге көбейіп, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуына жол ашылды.
  • Атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу үшін Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығына (мекенжайы: Назарбаев д-лы, 50, тел: 341-06-70, 341-04-60) немесе азаматтарға қолайлы болу үшін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының аудандық бөлімдерінде орналастырылған орталық мамандарына белгіленген үлгідегі өтініш пен жеке төлқұжат ұсыну қажет.
  • Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде отбасы құрамында бірге тұратын, бірақ жақын туыс болып табылмайтын адамдардан басқа, бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін және тұрғылықты жері бойынша бір елді мекен шегінде тіркелген отбасының барлық мүшелері ескеріледі», дейді басқарма басшысының орынбасары.

Елімізде көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек беретін қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары да жұмыс жасайды. Осы ретте көп балалы отбасылардың мәселелеріне байланысты «Шұғыла» қоғамдық қорының қызметкері Еркін Нұрманның пікірін білген едік.

«Шұғыла» қоры тарапынан бір отбасыға бірнеше рет көмек берілген кездер болды. Бізге негізінен көп балалы отбасылар көмек сұрап жиі келеді. Мысалы биылдың өзінде 300-ден аса отбасы көмек сұрап  келді. Олардың 150-200-і көп балалы отбасылар. Арасында Алматы облысынан көмек сұрап келген отбасылар да бар. Көп балалы аналардың басты мұқтаждықтары азық-түлік және қаржы қиындығы мәселелері. Тағы бір өзекті мәселесі – несие. Банктен несие алып, кейін төлей алмай, бізге қаржылай көмек сұрап келетін отбасылар көп.  Біздің қорға жәрдемақы ала алмай жүрген отбасылар жиі келеді. Мысалы, жергілікті әкімдіктерге АӘК туралы естіп, барғанда құжаттары дұрыс болмай, жәрдемақы ала алмаған. Көбінің тіркеуі дұрыс болмайды, өз үйі болмағандықтан, туыстарының үйіне тіркеуге тұрған кезде, сол үйде тіркелген адамдардың кірісі есептеліп, жәрдемақыдан қағылады. Немесе тіркеуі алыс аймақтарда, ал өздері Алматыда тұрып жатқан отбасылар, сонымен қатар құжаттарын жоғалтып алып, қайта жасата алмай жүрген аналар бізден көмек сұрайды. Мұнымен қоса, күйеуімен ажырасып, алимент өндіре алмай, тығырыққа тірелген жалғызбасты көп балалы аналар да бар.

Біз әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Өйткені түрлі жағдайлармен қиналып жүрген отбасылардың тізімін  әкімдіктерден аламыз. Жалпы біз ең алғаш ашылған кезде, өз жұмысымызды осы әкімдік арқылы бастап жасаған едік. Қолда бар тізімдердің растығын тексеру үшін сауалнама жүргізіп, көмекке аса зәру  тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсеткен болатынбыз. Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру орталығы церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға жәрдем береді.  Қайырымдылық жасауда қоғамдық қорлар мен мемлекеттік органдардың байланыста болуы дұрыс деп есептеймін. Өйткені игі істерге бірлесе атсалысқанда ғана нәтижесі айтарлықтай болады деген ойдамын.  Біздің қордың жалпы миссиясы әлеуметтік маңызы зор жобаларды іске асырып, қайырымдылыққа бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. «Шұғыла» қоры ақшалай жәрдем бермейді. Мақсатымыз – азық-түлікпен, мектепке қажетті құралдармен, киімдермен қамтамасыз етіп, жағдайы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға материалдық және әлеуметтік көмек беру. Бізге келетін аналардың арасында АӘК туралы мүлдем естімеген жандар да кездеседі. Біз өз тарапымыздан оларға мемлекеттен осындай көмектің беріле бастағандығын айтып, құзырлы орындарға жүгіну керектігін түсіндіреміз.  Көмекке зәру отбасылардың көбінің ортақ  проблемасы бар. Яғни, олар құжат жинау мен  рәсімдеудің жолдарын түсінбейді, қайда бару керектігін білмей, дал болады. Міне, осы орайда оларға кеңес берілсе, түсіндіру жолдары жақсылап қолға алынса, деген тілек бар».

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 14 862 көп балалы ана тіркелген. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының аудандық бөлімдеріне, ХҚКО және Халықты жұмыспен қамту орталығына) атаулы әлеуметтік көмек алу сұрағы бойынша 25 мыңнан астам адам жүгінді.

Атаулы әлеуметтік көмек 3 215 отбасыға 296 млн. теңге төленді, оның ішінде 2 135 көп балалы отбасы.

Үміт Жұмаділова.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *