Жаркенттегі өнер мектебіне Дәнеш Рақышевтың есімі берілді

1415

Алматы облысы Панфилов ауданының орталығы — Жаркент қаласындағы Өнер мектебіне Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың есімі берілді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

Салтанатты шарада Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов көпшілікке құттықтау тілегін жолдап, өнер мектебі қабырғасындағы Дәнеш Рақышевтың есімі жазылған тақтайшаны салтанатты түрде ашты. Бұдан соң ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы, тарихшы, Бексұлтан Нұржекеұлы сөз алып, Дәнеш Рақышевтың өмір жолдарынан құнды естеліктерімен бөлісті. Салтанатты шара Жаркенттегі мәдениет үйінде «Ұлы даланың жеті қыры: Туған жер. Өлкетану. Тарих. Мәдениет» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Конференцияның мақсаты — жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениеттің жетістіктерін жоғалтпау, сонымен қатар, ұлттық мәдениетті дамыту және оны насихаттау, туған өлкенің тарихына үңілу, құнды деректер мен материалдарды жинақтап жүйелеу. Онда қатысушылар туған өлке тарихын тану, тарихи жәдігерлерді сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу жолдарын қарастыру секілді өзекті мәселелерді көтерді. Жаркент қаласынан тарих және өлкетану мұражайын ашу туралы ұсыныстар айтылды. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізілген конференцияда ауданның тарихы мен тұлғалары ғұмырынан сыр шертіліп, баяндамашылар құнды ақпараттарымен бөлісті. Айта кетейік, көзі тірісінде-ақ «Жетісудің бұлбұлы» атанған Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың «Шаттық толқыны», «Жас қайрат», «Жер сұлуы Жетісу», «Саясында алманың», «Жеңеше» секілді әндері көпшілікке танымал.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *