Атырау облысында құрғақ құрылыс қоспалары қайта шығарыла бастады

2449

Атырау облысы Индер ауданында  құрғақ  құрылыс қоспалары қайта шығарыла бастады. Жаңартылған зауыт 82 адамды жұмыспен қамтымақ, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 
Алғашқыда кешенді игеру мақсатында «BIAS TECH» ЖШС жұмыс жасады. Зауыт 120 адамды жұмыспен қамтып, 125 мың тонна гипс шығарған. Алайда, 5 жыл бұрын  қаржылық қиындықтарға байланысты өндіріс тоқтаған болатын.
Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев зауытты аралап жасалып жатқан жұмысқа оң бағасын берді.
 Бүгін бәріміз үшін де үлкен қуаныш. Бес жылдан бері тоқтап тұрған құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске кірісті. Зауыт толық жаңартылып, ескі құрал-жабдықтар ауыстырылды. Қазіргі таңда зауыт 80-нен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт Индер ауданының экономикасын дамытуға өз үлесін қосатынына, сондай-ақ, мамандардың кәсібилігі мен тәжірибесінің арқасында өнімнің әлемдік талаптарға сай болатынына сенімдіміз, — деді Нұрлан Таубаев.
Өткен жылдың қыркүйегінде «АзияКредитБанкі» және  «Fincraft Resources» акционерлік қоғамы жалға алу арқылы сатып алу келісім-шартын жасақтады. Соған сәйкес, «Fincraft Resources» компаниясының серіктесі «Ақтау Битум» еншілесі  жыл басында зауытты оңалтуды қолға алды. Ескі техникаларды жаңартты. Білікті мамандарды тартып, жұмысты жүйеге келтірді. Соның нәтижесінде зауыттың 120 мың тонна гипс шығаратын мүмкіндігі бар.
Өндіріс орнынан 30 шақырым жерде гипс өндіретін және ұсақтап сұрыптайтын кешен жұмыс жасайды. Бұл жерден 0 – 300 фракциялы гипс тасын алуға болады.  Сонымен қатар, зауыт жеке темір жол тұйығымен қамтамасыз етілген. Осының барлығы сапалы өнімді тұтынушыға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді,— деді «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының қаржы жөніндегі директоры Дамир Мусин.
Айта кетейік, зауыт «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» және  ҚДБ-Лизинг» АҚ – нан қаржылай көмек алған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *