ЖЕТЕР-ЖЕТПЕС ЖАЛАҚЫ

426

Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жағдайын ойлайтын жан бар ма?

Мәдениет пен өнер саласында жүрген мамандардан «Жағдайларыңыз қалай?» деп сұраңызшы, алдымен айтатыны – жетер-жетпес жалақы. «Көрген күнімізді басқалардың басына бермесін, «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кері» дейді олар.

      Еңбекақының аздығынан шетел асып жатқан кәсіби мамандар аз емес. Олардың ойлағаны  — жоғары жалақы мен жайлы тұрмыс-тіршілік.

       Тапқан табысы шай пұлынан артылмайтын мәдениет пен өнер адамдары арасында отбасы шырқы бұзылғандар да бар. «Кінәлі» — жетер-жетпес жалақы.  Үй жоқ, күй жоқ болғаннан кейін ажыраспағанда қайтеді?

       Кейбір кәсіби мамандар амалсыздан басқа салаға ауысып кетіп жатады. Отбасын асыраудың амалы. Қимай-қимай, кәсіби ісін тастап, шарасыздықтан басқа мамандықтың құлағын ұстайды.

    Рас, әншілер мен артистер той-томалақта ән шырқап, тамада болып, қосымша табыс табар-ау. Оны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Олардың күнқөрістері  жаман емес. Үлде мен бүлдеге оранып жүргендері де бар. Бай-бағландардан кем емес.

         Бірақ, мәдениет саласы тек әртістер мен әншілерден тұрмайды ғой. Басқа да мамандық иелері көп. Көбі сырт көзге көріне бермейді. Олардың үлесі болмаса, ортақ ұжымдық іс жүзеге аспайды.

         Тіпті деймін-ау, өзіміздің әріптестер – бұқаралық ақпарат саласы мамандарының да жалақысы жұмырға жұқ болмайтыны жайлы айтылып келе жатқалы қашан? Осы жүйеде жүргендіктен жақсы білеміз, айлығын келесі айлыққа жеткізе алмай жүйкесі жұқарып, шаршап-шалдығып жүрген журналистер жеткілікті. Бәрінің емес, көбінің күйі осындай.

         Бұқаралық ақпарат құралдарында журналистерден басқа былайғы жұртқа байқала бермейтін қаншама мамандық иелері бар. Телеоператор, бет әрлеуші, жарық маманы, газет беттеуші, үйлестіруші… Көп-ақ. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Осы мамандық иелерінің айлығы шайлығынан аспайды. Амалдың жоқтығынан, жүрек қалауымен таңдаған кәсібі болғандықтан қол үзіп кете алмай,  бірақ ертеңгі күнге үлкен үміт артып жүрген адамдар. «Келешекте еңбекақымыз өсіп, үй-жайға қолымыз жетіп, бала-шағамыз риза болатын күн туатын шығар» деген арман-ойдың жетегінде жүрген жандар.

         Олардың мақсат-тілегі жүзеге асатын уақыт бола ма? Осыны білмек ниетпен «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұловаға жолыққанымызда, жағымды жаңалықтарды жеткізіп, қуантып қойды.

         -Бүгінгі күні біздің салалық кәсіподақ Қазақстан Республикасы Парламентінің  Мәжілісі жанындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның құрамына енді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанында да әңгіме өзегі болып отырған мәселеге байланысты қоғамдық кеңес пен комиссия бар. Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде де тиісті жұмыс тобы құрылған. Басқа да ведостволарда біздің саланың әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты мәселелерді тиісті орындарға жеткізетін комиссиялар бар. Соның бәріне біз тікелей араласып, көкейкесті мәселелерді көтеріп жүрміз, — дейді Светлана Иманқұлова,

         Оның айтуынша, 2018 жылы ақпан айында әлеуметтік қорғауға, оның ішінде еңбекақыны көбейту де бар, байланысты салалық келісімге толықтырулар енгізілген. Тек соңғы бір жылдың өзінде еңбекақы мәселесіне қатысты республикалық бірнеше жиын өткен. Оның барысында көтерілген барлық өзекті мәселелер хатталып, қағаз бетіне түсіріліп, Қазақстан Президенті мен Парламентіне  жолданған. Ол қандай мәселелер? Бірінші, сала қызметкерлерінің еңбекақысын 1,5-2 есе көтеру. Екінші, базалық еңбекақыны тоқтату. Өйткені, оның мөлшері төменгі еңбекақыдан да төмен. Үшінші, сала қызметкерлеріне бұрын 1,72 коэффицент көлемінде қосымша қаржы төленетін. Қазір төленбейді, соны қайта қалпына келтіру. Төртінші, еліміздің жоғары оқу орындарында цирк бөлімін ашып,  балет пен хореография қызметкерлерінің зейнетақыға ертерек шығуына мүмкіндік жасау. Қуаныштысы, Мәжіліс  осы жақында ғана соңғы мәселе —  балет артистері туралы заң жобасын мақұлдаған. Сәтін салса, бұл заң осы жылдың соңына дейін  жүзеге асуы тиіс.

         Мұрағат саласы қызметкерлерінің де жалақы мардымсыз. Осының салдарынан мамандар тұрақтай бермейді. Рас, ауылдық елдімекендердегі мұрағат мамандары басқа жұмыс табу қиын болғандықтан, амалсыздан барды қанағат етуіне тура келеді. Олардың еңбекақысы қаладағы әріптестерімен салыстырғанда тіпті төмен. Енді олардың жалақысына қосымша 25 пайыз төленбек.

         Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын алдын-ала жоспарлағандай 1 шілдеден емес 1 маусымнан бастап 30 пайызға көтеру жөнінде Үкіметке тапсырма берді.

         -21 мамыр – Қазақстан мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осынын қарсаңында жеткен  жағымды жаңалықтар біздің сала қызметкерлеріне ерекше серпін бергені айтпаса да түсінікті шығар. Алдағы уақытта жағдайдың жақсара беретініне сеніміміз зор, — дейді Светлана Иманқұлова.

                                                                          Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

                                                                                     журналист

Нұр-Сұлтан қаласы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *