Алматыда Майлықожа шығармалар жинағы жарық көрді

1604

Алматыда қазақтың суырып салма ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармалар жинағы таныстырылды.

«Жаңа жинақ ХІХ ғасыр әдебиетінің алыбы, Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта ағысы мен Қаратаудың күнгейіндегі ақындық мектебінің озық үлгісін жасаған Майлықожа Сұлтанқожаұлының 180 жылдығана арналған. Онда ақынның «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Түркістан Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология ҒЗИ қорларында сақталған қолжазба мұралары, Мырзашөл, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы аудандарынан табылған қолжазбалары мен нұсқалары әр кезеңде жарық көрген кітаптары негізінде мәтіндік сараптаудан өткізіліп ұсынылған», — делінген институт хабарламасында. Аталған жинақ белгілі қолжазба жинаушы, шежіретанушы ғалым Сейітомар Саттаровтың ұсынысымен жылдар жинаған қолжазбалары негізінде құрастырылған. Сейітомар Саттарұлы жинаған Майлықожа ақынға қатысты қолжазба көшірмелері Орталық ғылыми кітапхана қорына өткізілді. «Сонымен бірге Майлықожа жеткізген халық мұралары, соның ішінде Майлы айтқан жұмбақтар алғаш рет жарық көрді. Тағы бір үлкен жаңалық — жаңа жинаққа Орталық ғылыми кітапхананың 337-бумасында араб әрпінде жазылып, сақталған Әбубәкір Диваев жазып, жинаған «Жас кезінде шығарған өлеңі», «Жиырма бес», «Наурызбай бидің әйелі туралы», «Ат жақсы арғымақтан шабыс болса» өлеңдері енігізілді. Одан бөлек, Тұрсынәлі Айнабеков, Асан молда Әсілбекұлы қолжазбаларынан да көп шығармалар тіке аударылып берілді», — деп хабарлады институт. Тұсаукесер рәсіміне М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің меңгерушісі Тоқтар Әлібеков, шежіреші, кітап авторы Сейітомар Саттаров,  «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры Бауыржан Төлтаев, жазушы Смағұл Елубай, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дереккөз: inform.kz 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *