МАҢДАЙ ТЕРІМЕН ТАПҚАН ЕҢБЕКАҚЫ

112

Қолына тимей әуре-сарсаңға түскен жандар жеткілікті

     Қазір өндіріс орындарының көбі жекенің қолында. Олардың арасында еңбек-әлеуметтік қарым-қатынастарға қатысты заң талаптарын аяқасты етіп, «Өзім – би, өзім –қожа» деп жүргендер аз емес.       Тіпті жұмысшылармен еңбек шартын жасаудың өзінен ат-тонын ала қашатындар көп. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар, басқа амалы жоқ болғандықтан, лажсыздан еңбек шартын жасамай-ақ жұмысқа тұруға мәжбүр болады. Бірақ олар еңбек даулары мен кикілжіңдері туындай қалса, заң алдында дәрменсіз. Өзінің құқын да, мүддесін де қорғай алмайды. Шарасыз күйде қалады. Құзырлы  орындарға жүгінсе де, сотқа арызданса да, жеңіліс табатыны ақиқат. Өйткені, олардың талап ететіні – еңбек келісім-шарты. Бұл құжатсыз жұмыс берушілерді жауапкершілікке тарту, талап ету әсте мүмкін емес. Тіпті  жұмыс беруші оларды  себеп-салдарсыз нақақтан-нақақ жұмыстан шығарып жіберсе де қолдан келер қайран жоқ. Адал еңбек, маңдай терімен тапқан еңбекақысын бермей, сандалтып қойса да «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Себебі жұмысшының құқы мен мүддесін қорғайтындай заңды құжат жоқ.            Осындай шарасыз күйге түсіп, шаршап-шалдығып, амалы таусылып жүрген жұмысшыларды Қазақстанның қай өңірінен болса да табуға болады. Тіпті Нұр-сұлтан қаласының өзінде де жеткілікті. Мәселен, құрылысы бастала салысымен дау-дамай мен өрттен көз ашпай келе жатқан «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешенінде жұмыс істеген құрылысшылар еңбекақыларын даулап бір емес, бірнеше рет шу көтерген жоқ  па? Нәтижесі қайсы? Өзгерген ештеңе жоқ. Оны айтасыз, құрылысшылардың мұң-мұқтажына құлақ асу былай тұрсын, осы жылдың наурыз айында 45 жұмысшының екі айлық жалақысын бермей, алдын-ала ескерту жасамай-ақ жұмыстан шығарып жіберген жоқ па? Мұндай мысал көп.        Қазір Қазақстанда жұмыс берушілердің  өз жұмысшылары алдындағы еңбекақы қарызы 2 миллиард теңгені құрайды. Шақша басы шарадай болған жұмысшылардың барар жері, басар тауы қалмағандықтан, амал жоқ, кәсіподақ ұйымдарын жағалайды. Олардың құқы мен мүддесін басқа ешқандай ұйым қорғай алмайды.            Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қарапайым жұмысшылардың ақ-адал еңбегінің арқасында және қыруар бюджет қаржысын иемдену есебінен миллиардер болған бай-бағландардың жымқырған қаржысын мемлекетке қайтарып, бұл қаржыны  еліміздің экономикасын көтеру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсау. еңбек адамдарының  Конституциялық құқықтарын аяқасты еткен жұмыс берушілерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту жөнінде жоғары билікке ұсыныс жасады. Мұның нәтижесі қалай болатынын алдағы уақыт көрсетеді.            Кәсіподақ Федерациясының тиісті орындардың алдына қойған тағы бір өзекті мәселе – лайықты еңбекақы. Кез келген еңбек адамы өзінің еңбегіне лайықты ақы төленгенін қалайды. Өйткені осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылықты анықтауға болады.

Соңғы рет төменгі еңбекақы мөлшері 50 пайызға көтерілгенімен, 1,5 миллион дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлері сырт қалып қойды. Кәсіподақ бюджеттік сала қызметкерлерінің базалық еңбекақысын көбейту,  алдағы бес жыл ішінде еңбекақы мөлшерін дамыған елдердің деңгейіне  жеткізу жөнінде ұсыныс жасады. Мұның бәрі заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс екені түсінікті. Бұл мәселеден Парламент депутаттары да хабардар. Олар да бюджеттік сала қызметкерлерінің мардымсыз жалақысын өсіруге құлықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  да бұл мәселеге ерекше мән беріп отырғанын жұртшылық жақсы біледі. Нақты нәтижесі болатын күн алыс емес деген үмітте.

                                                                     Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ.

Нұр-сұлтан қаласы.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *