ЕҢБЕК ЕТІП, БАЛА БАҒЫП…

227

   Әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту, гендердік тепе-теңдікті сақтау қазіргі таңдағы өзекті және маңызды мәселелердің бірі.  Әрбір қазақстандық отбасының, бүкіл қоғамның лайықты өмір сүруі әйелдер мен ерлерге тең дәрежеде құқық пен мүмкіндіктер беріп, олардың мемлекеттік қызмет пен барлық салаларға  белсенді қатысуына тікелей байланысты.

Біздің елімізде тұрғындардың  өнімді еңбекпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту, ерлер мен әйелдерді еңбекпен қамтып, жұмыссыздар қатарын азайту, әлеуметтік-еңбек саласында гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізу мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асты.

Қазір қазақстандық еңбек нарығында әйелдердің жұмыспен қамтылуы жоғарылап, білікті жұмысшы-әйелдер деңгейі артып, олардың арасында жұмыссыздар қатары азайғаны байқалып отыр.  Бүгінде елімізде жұмыс істейтін жалпы тұрғындардың 48,2 пайызын еңбеккер әйелдер құрайды.Денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қызмет салалары мен қаржы және мемлекеттік секторда әйелдердің үлесі айтарлықтай басым.

Қазақстанда 2 миллионнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Олардың 65 пайызы, яғни 1 миллион 99 мың адам – әйелдер. 18 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 67 пайызына әйелдер жетекшілік жасайды.

Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің тікелей араласуы арқасында Халықаралық Еңбек Ұйымының «Ананы қорғау туралы» №183, «Еңбек ететін әйелдер мен ерлердің отбасылық міндеттерге тең құқы туралы» №156 , «Төменгі еңбекақы белгілеудің процедураларын құру туралы» №26 Конвенциялары ратификация жасалды.

Үкіметпен, жұмысшылардың республикалық бірлестіктерімен және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен 2018-2020 жылдарға арналып жасалған Бас келісімде еңбеккер әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, олар үшін қосымша жеңілдіктер мен өтемақы қарастыру нақты көрініс тапқан. Бұл жұмыс істейтін әйелдерге әлеуметтік кепілдікті нығайту бағытындағы нақты қадам.

Қазіргі уақытта салалық, аймақтық келісімдер мен ұжымдық еңбек шарттарында жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және қорғау, денсаулық сақтау, әйелдерді кәсіби даярлау және отбасылық міндеттер туралы арнайы бөлімдер қарастырылған. Мәселен, машина жасаушылардың салалық келісімінде «Гендерлік саясат. Жұмыс істейтін әйелдер үшін кепілдіктер мен жеңілдіктер» деген жеке бөлім бар.  Сондай-ақ, бастауыш сыныптарда оқитын балалары бар әйелдерге 1 қыркүйекте еңбекақысы сақталған бір күн демалыс беру тәжірибеге енді. Сонымен бірге 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер екі күнге созылатын еңбекақысы сақталған демалысқа шыға алады.

«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының ұжымдық шартында бала күтімімен отырған жұмысшыларға 20 АЕК көлемінде бүлдіршін бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын материалдық көмек көрсету қарастырылған. Сондай-ақ 12 жасқа дейінгі екі және одан да көп балалары бар әйелдерге жыл сайын еңбек демалысына  үш ақылы күн қосымша беріледі. Олардың екі апта еңбекақысы сақталмаған демалысқа шығуға мүмкіндігі бар.

Ал «Тыныс» акционерлік қоғамының ұжымдық шартында жұмыс істейтін, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдердің екі күнге дейін ақылы демалысқа шығуға мүмкіндігі бар екені қарастырылған. Сондай-ақ жалғызбасты аналар мен сәбилері бар әйелдерге әлеуметтік көмек көрсетіліп, балаларына санаторий мен курорттарға жолдама беріледі. Ал «ЗИКСТО» акционерлік қоғамының ұжымдық шартында әйелдерге жасалған жеңілдіктерден бөлек оларға еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын жақсарту шаралары айқын көрініс тапқан. Мұндай мысалдар өте көп.

 Сондай-ақ  ұжымдық шарттарға көп балалы, жалғыз басты және мүгедек балалары бар аналарды қорғауға байланысты қосымша нормалар енгізіле бастады. Көп балалы және жалғыз басты аналар үшін еңбек демалысына қосымша еңбекақысы төленетін үш күн қосу, жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту, Балаларды қорғау күні кәмелетке толмаған балалары бар жұмысшыларға 3 сағат еңбекақысы төленетін демалыс беру, жалғыз басты және 6 мен 18 жас аралығында балалары бар көп балалы ата-аналар мен қамқоршыларға, мүгедек балаларға 1 тамыз күні оларды мектепке дайындау үшін 25 АЕК көлемінде (әр балаға) материалдық көмек көрсету, 2 мен 6 жас аралығында балалары бар жұмысшыларға мектепке дейінгі мекемелерге төлейтін қаржысының белгілі бір бөлігін өтеу жөнінде де ұжымдық шартқа енгізілді.

Соңғы жылдары әйелдер арасында кәсіподақ байқаулары мен форумдарын, кәсіби шеберлік конкурстары мен гендердік саясат жөніндегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларды ұйымдастыру дәстүрге айнала бастады. Бұл олардың көшбасшылық қабілетін айқындап, кәсіби жағынан өсуіне мүмкіндік береді.

Рас,  еңбек саласында гендерлік мәселелерге байланысты әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Айталық, қазіргі уақытта жұмыс берушілердің еңбек заңдылықтарын жиі бұзуына қатысты алаңдаушылық көп. Үш жасқа дейінгі балалары бар және аяғы ауыр әйелдерді жұмыстан шығару, балалы әйелдерді артық жұмысқа жегу, демалыс және мереке күндерінде, түнгі ауысымға олардың жазбаша келісімінсіз жұмысқа тарту, еңбек келісім шарттарын тоқтату мен жұмысқа қабылдау ережелерін бұзу, жүкті және отбасылық міндеті бар әйелдерді іссапарға жіберу бойыша заңсыздықтар орын алып отыр.

Бүгінгі күні әйелдердің 30 пайызға жуығы қауіпті және зиянды жұмыс орындарында еңбек етеді. Сондықтан еңбекті қорғау  ең маңызды мәселелердің бірі . Өндірістік жарақаттар деңгейі әлі де жоғары. 2018 жылы 296 жұмысшы әйел өндіріс орнында зардап шеккен болса, оның жетеуі қайтыс болған. Осыны азайту мақсатында көп жұмыс істеу қажет.

Сонымен  бірге  ерлер мен әйелдерге еңбекақы төлеу жөнінде де алшақтық өте жоғары. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, ер адамдар 2018 жылы әйелдерге қарағанда еңбекақыны 32 пайызға көп алған.

 Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

НҰР-СҰЛТАН.

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *